Қоғам

Жоба сегіз бағыт бойынша жүзеге асырылады

 Жоба сегіз бағыт бойынша жүзеге асырылады


Тұрғындарға қолайлы жағдай туғызу және тұрмыстық жемқорлықты жою үшін өңірдегі қалалар мен аудандардың әкімдері, салалық құрылымдардың, барлық облыстық басқармалардың басшылары «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық офисімен тығыз байланыста жұмыс істейтін болады.

«Шығыс – адалдық алаңы» жобалық офисі облыс орталығында 2018 жылдың 26 желтоқсанында ашылған болатын. Облыстық әкімдікте аталмыш жобаның жүзеге асырылу барысы талқыланған жиынға облыстық басқармалардың басшылары, он-лайн режимінде барлық қалалар мен аудандардың әкімдері, орынбасарлары қатысты.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысы Жанна Қабдолдақызы алдымен жобалық офис құрамында болған өзгерістерге тоқталды. Жобаның саясатына сәйкес оның құрамына менеджер ретінде төрт қоғамдық бірлестіктің өкілдері енгізілген. Жобалық офистің кураторы қызметі жеке кәсіпкер Елена Березинская-Абиловаға жүктелді. Ал жобаның жүзеге асырылуын бұдан былай облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қадағалайтын болады. Қазіргі таңда офис облыстық әкімдік ғимаратының бірінші қабатында 113-114 бөлмелерде орналасқан.

-Жоба денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, сәулет және құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары, мемлекеттік кірістер, сот-құқық қорғау органдары сияқты сегіз бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бір сөзбен айтқанда, өмірдің барлық саласын қамтыған. Сол себепті біз аудандық әкімдіктер мен басқармаларға өз нұсқаулықтарымызды әзірледік, – деді Жанна Қабдолдақызы.
Департамент басшысының сөзіне қарағанда, жыл басынан бері облыста 33 фронт-офис, 2 open space алаңы , 50 адалдық дүкені ашылыпты. Салыстырмалы түрде алсақ, еліміздің оңтүстігінде мұндай дүкендердің саны 300-400-ден асып кетеді екен.

-Адалдық дүкені коммерциялық жоба емес, бұл жерде дүкен иелері ешқандай пайда көрмейді. Бұл ең алдымен өзіңнің ар-ұятыңмен бетпе-бет келу. Сондай-ақ, бұл үлгіні басқа бағытта да қолдануға болады. Мысалы, Семей медицина университеті кітапханада адалдық алаңын ашып қойыпты, – деп түсіндіре кетті департамент басшысы.

Оның айтысына қарағанда, департамент мамандары облыс тұрғындарының басым бөлігі «Шығыс – адалдық алаңы» жобасынан хабарлары жоқ екенін анықтапты. Сол себепті аудандар мен қалаларда open space алаңдарын ашу қажет, ол көп қаржы құюды талап етпейді. Мысалы, Ұлан аудандық әкімдігі ғимаратының бірінші қабатында біраз элементтерді өзгертіп қойған. Тұрғындардың көзіне түседі, олар біле бастайды.

Қазіргі таңда қоғамдағы келеңсіздіктерді жоюда әлеуметтік желілер кәдімгідей күш. Кеше ғана ФБ желісінде Аягөз ауданында мектептерде ақша жинау тоқтамай тұрғаны, Күршімдегі паромның мәселесі көтерілген. Жанна Қабдолдақызы әлеуметтік желіге үнемі мониторинг жүргізілетінін, осы мәселелер аудан әкімі мен жауапты сала басшыларына жіберілгенін ескертті.Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдерін әлеуметтік желілердегі аккаунттарын белсендірек қолдануға шақырды.

-Кез-келген мәселеге бірден назар аударып, оны жоюға қатысты атқарылып жатқан шараларды үнемі жазып, көрсетіп отыру керек. Жұмыс жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. «Шығыс – адалдық алаңы» жобасына қатысты апта сайын жобалық офиске есеп беріп отырыңыздар, – деп қорытындылады Әсем Нүсіпова.

Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button