Жоғарғы кеңестің депутаты бола жүріп соғысты
Соғыс және еңбек ардагері, өзінің саналы ғұмырын оқу-ағарту ісіне арнаған Сәдуақас Сарқытбаевтың есімі облыс жұртшылығына кеңінен танымал.
Ол 1905 жылы 10 қаңтарда Күршім ауданындағы Сарыөлең ауылында дүниеге келген. Әкесі Сарқытбай балық аулап, Ертістен қайықпен ары-бері кісі тасып, күн көріпті. Өкінішке қарай, 1919 жылы Сәдуақастың әке-шешесі бірдей қайтыс болады да, қарындасы екеуі жетім қалады. Содан оларды апалары қолына алады. Жезделері Бейсенбі байға жалданып, әзер күн көріп жүрген кедей адам екен. Сәдуақас бұл отбасына келген бойда таңертеңнен қара кешке дейін мал бағады, өзге де түрлі жұмысқа жегіледі. Басындағы жетімдігі, буыны қатпай жатып ауыр бейнетке тап келгені жас баланы жасыта қоймайды. Келер күннен үміті мол Сәдуақас қандай қиындыққа кезіксе де мойымай, өзін-өзі қайрап алға ұмтылады.
Жалпы, С.Сарқытбаевтың жастық шағы қазақ жастарына білім берудің өрістеген уақытымен тұспа-тұс келеді. Сол кездері Ақтүбек ауылында орысша-қазақша жеті жылдық мектеп ашылып, соған барады. Ал 1924 жылы комсомол қатарына өтіп, алғашқы колхоздарды құруға белсене араласады. Сондай-ақ, 1926-1930 жылдары аралығында Семейдегі жетіжылдық мектепте оқиды. Содан кейін осы қаладағы мұғалімдер училищесін үздік бітіріп, өзінің туып-өскен жеріндегі Ақтүбек мектебінде мұғалім болады. 1930 жылы коммунистік партия қатарына өтеді. Кейінірек, яғни, 1938 жылы Семей қаласындағы Н.Крупская атындағы педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны 1941 жылдың шілдесінде аяқтайды.
Білімді, өз ісіне берілген азаматтың алғашқы аяқ алысын аңғарған басшылар оны 1937 жылы өзі оқыған Ақтүбек мектебінің директорлығына тағайындайды да, іле Күршім аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі етіп бекітеді. Елдің жайынан хабары мол, істің орайын келтіре білетін маман осы аз ғана уақыттың ішінде аталмыш аудандағы ақсап тұрған білім саласын уақыт талабына сай ілгері жылжытып, халықтың ыстық ықыласына бөленеді.
Ұйымдастырушылық қабілеті, еңбекқорлығы, ой-өрісінің кеңдігі С.Сарқытбаевтың ауыл немесе аудан деңгейіндегі қызметтерден гөрі өңірлік, республикалық ауқымдағы шаруалармен шұғылдануға мүмкіндігі жететін адам екенін көрсетіп береді. Содан да болар, ол 1-ші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне Зайсан-Күршім округі бойынша депутат болып сайланады. Осылайша, қарапайым халықтың, ел-жұртының қажетін, өтініш-тілегін биік мінбеде тұрып айтуға мүмкіндік алған азамат Жоғарғы Кеңес депутаты болған санаулы жылдарда өзіне үміт артқан халықтың мұң-мұқтажын билікке тайсақтамай жеткізе біледі, елдің жоғын түгелдеп, мүддесін қорғайды. Алайда, жастық жігерімен қызметін жанын сала атқарып жүрген кезде кенеттен соғыс басталып кетеді. Әскери комиссариат халық қалаулысын майданға аттандыруды жөн көрмейді. Өйткені, оқыған-тоқығаны мол, мықты ұйымдастырушы, істің көзін білетін азаматтар «броньмен» тылдағы жұмыстарды жүргізу мақсатында қалдырылатын. Партияның осындай шешімі негізінде С.Сарқытбаев та әскерге бірден алына қоймайды. Талайлар отан қорғауға аттанып жатқанда өзінің елде қалып қойғанын намыс көрген ол әскери комиссариаттың табалдырығын тоздырып жүріп, ақыры соғысқа аттануға рұқсат алады. Бұл 1942 жыл болатын. Сол жылы командирлер даярлайтын оқуды аяқтап, әскерге қосылған С.Сарқытбаев қан майданда өзіне тапсырылған ротаны бастап жауға қарсы атой салады.
1942-1945 жылдар аралығында Бессарабиядағы, Болгария мен Мажарстандағы ұрыс қимылдарына қатысып, басқыншыларды талқандауға ерекше үлес қосқан гвардия аға лейтенанты ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», «Қызыл Ту», І және ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталады. Сондай-ақ, Украинаның Измаил, Венгрияның Востерген, Будапешт, Сегет қалаларын азат етуде және Дунай, Тисса өзендерінен өтуде танытқан басқару шеберлігі үшін И.Сталиннің атынан мақтау қағазын алған.
Оның батырлығы мен тапқырлығы, жауынгерлерге деген қамқорлығы талайларға өнеге болады. Мәселен, майдан газеттерінің бірінде біздің кейіпкеріміз жөнінде Т.Үмбетәлиев деген автордың «Қазақ халқының қалаулысы» атты мақаласы жарияланыпты. Онда: «Біздің бөлімде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, гвардия аға лейтенанты Сәдуақас Сарқытбаев неміс басқыншыларына қарсы шайқасып жүр. Жуықта болған ұрыста ол жараланып қалса да, өз ротасына тез оралды. Көше ұрыстарында халық қалаулысы, гвардия аға лейтенанты Сарқытбаевтың ротасы дұшпанның 111 солдатын, 7 офицерін тұтқындап, 14 зеңбірек, 9 пулемет, 20 автомашина мен 350-ден аса винтовканы қолға түсірді…», деп жазылыпты.
Соғыстың қиын кездерінде С.Сарқытбаев Күршімнің аудандық газетіне мақалалар жолдап, жерлестеріне жігер беріп, туған жерімен байланысты үзбейді.
С.Сарқытбаев әскери қызметтен 1946 жылы қазан айында, яғни, Киевте штабта жұмыс істеп жүрген жерінен босатылады. Дәлірегі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болғанын ескерген Күршім аудандық партия комитеті оның елге оралуын қалап, шақыртып алады.
Ол өзінің туып-өскен жеріне келген соң, оқу-ағарту саласындағы қызметін жалғастырады. Ал 1950 жылы Теректі бұлақ орта мектебінің директоры болып тағайындалады. Содан кейін, яғни, 1956 жылы Күршім аудандық «Социалистік еңбек» газетін басқарады.
Бейбіт өмірде де белсене қызмет еткен С.Сәдуақасов 1960 жылы кезінде өзі басқарған Теректібұлақ орта мектебінде тарих пәнінен сабақ беріп жүріп, зейнетке шығады. Құрметті демалысқа шыққанымен ардагер азамат қарап жатпай, елдің сөзін сөйлеп, халықтың қамын жеп, көптің игілігі үшін аянбай еңбек етеді. Бұл арада оның мыңдаған шәкірттері өмірден өздерінің лайықты орнын тауып, әр салада маман болып, қызметтерін атқарып жатқанын да айта кетейік. Ол 1985 жылы 80 жастан асқанында дүниеден озды. Өзі кеткенімен соңында өнегелі ісі қалған адамдар қаншама десеңізші. Солардың арасында Сәдуақас Сарқытбаевтың да өзіндік орны бар екенін біле жүрейік.
Жолдыбай Базар