Қоғам

Жоғалған сәби аман-есен табылды

Жоғалған сәби аман-есен табылды

Маралды ауылдық округіне қарасты таулы аймақта орналасқан «Жұма» учаскесінде естіген елдің үрейін ұшырған оқиға орын алып, абырой болғанда бұл дүрбелең сәтімен аяқталды.
Осы телімді иеленген «Айтуған» шаруа қожалығының малшысы Шыңғысбек Айтқожа ауырған тісін емдету үшін аудан орталығына аттанып кеткен-ді. Оның екі ағасы Болатбек пен Жағдай бірі мал жайып, екіншісі қой қырқып, қолғабыс жасап жатса керек. Ал келіншегі Қамия сиырларды қыр асырып жібермек болып айдап кетеді. Екі баланың үлкені 4 жасар Тілек теледидар көріп отырғанда екі жарым жастағы Айсара шешесінің соңынан ере жөнеліпті. Дөң асқан соң анасынан көз жазып қалған сәби басы ауған жаққа жүре берген.
Үйге оралған Қамия Айсараның жоқ екенін біледі. Зәресі ұшқан ана жота-жотаның басын шалып, сәбиін іздеуге кіріседі. Таулы жердің ит-құсы аз емес, сонымен қатар, «белгісіз біреу алып кетті ме?» деген күдік билеп, анасының есі шығады.
Абырой болғанда, олар телімге мұнара орнатып, телефон тартқызып алған еді. Екі сағат бойы шапқылап, сәбиді еш жерден таба алмаған үшеуі Сарыөлең ауылында тұратын ағалары Бақытбекке хабар береді. Ол танысы Қайрат Ыбыраевқа хабарласып, сол арқылы ішкі істер бөлімі құлақтанады.
Маралдыға хабар жеткенде ауыл әкімі Мақсат Кәкімов он жігіттің басын қосып, Шыңғысбектің туыстарын бірге алып, осындағы аурухананың «Уазигімен» дереу жолға шығады. Олар екі жаққа жіті қарап, айналаны дүрбімен шолып отырады. «Жұмадан» төрт шақырым жердегі «Ұлықпан» телімінен өте бергенде әлдененің елбең еткен бейнесін байқап қалған іздеушілер бұрылып барса, кішкентай қыз қыбырлап арғы жағындағы терең сайды бетке алып бара жатыр екен. Жеңгесі Нұржан көліктен түсіп:
– Айсара! – дегенде, әбден қалжыраған сәбидің: – Апа, қарным ашты! – деуге шамасы әрең келіпті.
Осы уақытта Күршімнен шыққан полиция қызметкерлері, Маралдының учаскелік инспекторы Бақытбек Рамазанов та келіп жетеді. Сөйтіп, ағайынды қатты шошытқан «жоғалған сәбиді іздеу операциясы» 7 сағаттан соң қуанышпен аяқталды.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button