Саясат

Жоғары білімнің сапасын арттыруға мән беріледі

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын барша қазақстандықтармен бірге өңірдегі іргелі оқу орындарының бірі Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттер қауымы да тыңдады.

Жоғары оқу орнының бірнеше дәрісханасында Президент Жолдауын үлкен экраннан тыңдаған студенттер басты стратегиялық құжатта айтылғандарға қатысты өз ойларын  білдірді. Олар әсіресе, биылғы Жастар жылында мемлекет тарапынан өздеріне көрсетіліп жатқан тиісті қолдаулар мен қамқорлықтар үшін аса қуанышты екендіктерін ерекше атап көрсетті.

– Президенттің бүгінгі Жолдауында жастар үшін көп дүниелер айтылды. Мемлекет басшысының келер 2020 жылды еріктілер жылы деп жариялауынан студенттер үшін маңызды жыл болатынын түсіндік. Себебі, еріктілердің қатарын көп ретте осы студенттер құрайды. Сонымен бірге қазірдің өзінде біздің оқу орнында студенттерге барлық жағдай мен қолдау жасалған әрі әскери кафедра да бар. Жарық,  кең жатақханаға орналастық, онда тұруға барлық жағдай бар, бағасы да арзан. Ал келесі жылы мұндай қолдау әлдеқайда артатынын түсіндік. Мен өзім қалаған мамандығым бойынша, осында оқуға түстім, Талдықорған қаласынан келдім. Студенттерге жасалған қолдау – еліміздің алдағы жылдардағы өркендеп, дамуының кепілі болмақ, – дейді С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың материалтану және технологиялар мамандығының бірінші курс студенті, мемлекеттік грант иегері Құтбек Қадыр.

Ал университет басшылығы болса, Жолдауда айтылғандарға сай жоғары білімнің сапасын көтеруге, студенттерге жағдай жасауға, ЖОО-лардағы  сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, барынша жариялылыққа назар аударылғанын атады.

– Бүгін еліміздің  Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің алғашқы Жолдауын жариялады. Биылғы басты ерекшелік – Жолдауда айтылған дамудың басты бағыттарының бәрі де сайлауалды бағдарламаларға сәйкес келіп отыр. Әлеуметтік бағытқа, оның ішінде әсіресе, жоғары білімнің сапасын арттыруға көп көңіл бөлінгені қуантты. Президент атап өткендей, көптеген мемлекеттердегі жоғары оқу орындарында түлектерінің жұмыспен қамтылуы 60 пайыздан аспайды. Ал біздің университетте бітіруші түлектердің жұмыспен қамтылуы 90 пайызды құрап отыр. Бұл жақсы көрсеткіш, себебі біз заман ағымына сай жұмыс істеп жатырмыз. Бір жылдың көлемінде жиырмадан аса жаңа бағдарлама ашылды. Атап айтсақ, шағын жинақталған мектептерге арналған педагог мамандықтары, технология, ІТ салаларында мамандар даярлауды қолға алдық. Білім сапасына келер болсақ, бірінші кезекте оқытушылардың сапалық құрамына баса мән бердік. Мәселен біздің университетте ғылыми дәрежесі жоғары қызметкерлердің үлесі 52 пайыздан асып отыр. Бұл сапаға тікелей әсер етеді. Біздің өңірде облыс әкімдігі жанында «Білікті маман» бағдарламасы қолға алынған. Бұл ЖОО арасында бәсекелестікті қамтамасыз етеді. Облыс басшысы 400-ден аса грант бөліп отыр. Екінші мәселе, кітапхана қорындағы кітап санын бір миллионнан асырдық. Үшінші мәселе – зертханалармен жабдықтау. Жақында ғана «KAZ Minerals» ЖШС-мен бірлесіп химиялық анализ кабинетін ашпақпыз, оның құны – 23 миллион теңге. Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасындағы» үшінші бағыт жатақханамен қамтуға келсек, алдағы уақытта 600 орындық студенттер үйін салу жоспарланған, оның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде, – деді С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button