Қоғам

Жөндеу жұмыстарын кестеден кешіктірмеу керек

Жөндеу жұмыстарын кестеден кешіктірмеу керек
Семей әуежайындағы жөндеу жұмыстарын тексерген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ техникалық, жобалық, авторлық қадағалауды күшейтіп, құрылыс алаңын тезірек қалпына келтіруді тапсырды.
-Жұмыс кестесінен қалып келе жатырсыздар, бұл мәселе қашан реттеледі?-деп қатаң ескерту жасады облыс басшысы,-барлық күшті толық пайдаланбай отырсыздар.
Облыс әкімнің бұл сөзіне мердігер ұйым басшылары «шілде айында толық жұмыс кестесіне кірісеміз, сол кезде ұтылған уақыттың орнын толтырамыз», – деп сендірді. Әуежай маңайынан ұшу-қону жолағы мен әуежайды толық қалыпқа келтіру үшін әуежай жанынан кішігірім зауыт ашылып, онда бетон жасау, өңдеу жұмыстары қолға алынған. Бас мердігер «Терезе» ЖШС біраз шаруаларды атқарып үлгеріпті. Семейдегі әуежайдың жөндеу көрмегеніне 30 жыл болып отыр. Түбегейлі жөндеу үшін бүгінде «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы 10,197 млрд. теңге бөлінген. Айта кету керек, Семей әуежайы Қазақстандағы ең бір проблемасы көп, шығынға батқан, әрі күрделі жөндеуді талап ететін әуе тасымалы қызметінің түрі болып саналады. Егер әуежайды тиісті инфрақұрылымымен бірге жөндеуден өткізсе, жолаушылардың қатары төрт есеге ұлғаюы мүмкін. Өз еліміздің ішінде ұшып-қону былай тұрсын, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Еуропа елдеріне қатынайтын әуе жолының транзиттік бағытында да жұмыс істей алатын болмақ. Әуежай 1982 жылы салынған. Қазіргі уақытта Семейден тек бірнеше бағытқа ғана авиамаршрут бар екен. Яғни Астана, Алматы, Мәскеу, Өскемен қалаларына ғана ұшуға болады. Аудандардан халық Үржар өңіріне көбірек шығады. Өткен жылдың желтоқсан айында аэродромда жөндеу жұмыстары басталып та кетті.
Семей әуежайының директоры Нұртай Оспановтың айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы жөндеу жобасы 22 айға лайықталған. Ең соңында халықаралық ИКАО стандарттарына сай әуежай аталып, барлық талаптардан өткен соң халық игілігіне беріледі. Сөйтіп, Семей халықаралық тасымалда маңызы бар жол айрығы болып саналмақшы. Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ атап айтқандай, жұмыс барысы жаман емес. Жергілікті өнім түрлері осы әуежай беткейін қаптауға, жабдықтауға жеткілікті.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
Семей.

Осы айдарда

Back to top button