Жөндеу жұмыстары басталды

Семейдегі тасқын судан зардап тартқандар үшін берілетін өтемақы 371 млн. теңгені құрап отыр. Тағы 58 млн теңге қаражат үйлері судың астында тұтасымен қалғандарға бөлінбек. Қазіргі уақытта апатты жағдайда қалған үш үйдің иелері қаланың басқа шеті Юность кентінен өздеріне баспана қарастырып отыр екен. Олардың тілегіне орай қалалық ТҮКШ бөлімі жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу келісімшартын жасап, бөлінетін төлемақы есебінен үй алып бермек.
Десек те, қалған зардап шеккендер әлі баспанаға қол жеткізе алмай келеді. Мирный кентінде жартылай суға кеткен үйлерді жөндеу үшін құрылыс бригадалары бекітілді. Жұмыс барысымен қала әкімі Ермак Сәлімов танысты.
Ермак Сәлімовтің сөзіне сүйенсек, Үкіметтен бөлінген төлемақының алғашқы бөлігі Семейдің ТҮКШ бөліміне енді ғана түсе бастады. Алдағы аптада ТҮКШ бөлімі суға кеткен үйлерді жөндеу үшін мердігерлермен шұғыл түрде келісімшарт жасасады. Әзірше тек Мирныйдағы екі үйді ғана жөндеу басталды.
Далада қалғанның бірі Загородняя, 7 мекенжайының тұрғыны Ольга Машкова, оның үйі суда бір тәулік тұрып қалған. Мүлде езіліп кеткен. Тіпті дүние-мүлік, киім-кешек, азық-түліктен ештеңе қалмаған. Әкімшілік қызметкерлері Ольга әжеге мердігер «ВостокСтройгрупп» ЖШС-інің қызметін ұсыныпты. Туысқандарымен ақылдасып, келіскен соң, ол келісімшартқа қол қойған. Зейнеткер енді үйін кәсіби құрылысшылар жөндейтініне риза болып отыр.
-Біз үй иелерімен тығыз байланыста жұмыс істейміз,-деді «Востокстройгрупп» ЖШС атқарушы директоры Кирилл Андреев,-смета бойынша бір үйді жөндеуге қосымша құн салығымен қоса есептегенде, 2 млн. 330 мың теңге беріп отыр. Десек те, үй иесінің өтінішіне орай, жұмыс бағытын өзгертіп отырамыз. Мәселен, едендегі ағаш тақтайларды ашып қарасақ, астын саңырауқұлақ басып кетіпті. Сондықтан да бұл жерді тазалап, бетондап тастау керек. Содан кейін ғана тақтай төсеп, есік-терезені ауыстырып, қабырғаны жөндейміз. Екі аптада жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз.
Сондай-ақ, Загородная, 6 көшесіндегі Романовскийлер отбасы да өз еріктерімен жөндеу жұмыстарын бастауға келісім беріп отыр.
-Әзірше жөндеу жұмыстары тек осы екі үйде ғана басталды, – деді қала басшысы – тағы алты үй өздеріне мердігер мекеме тапты. Алдағы аптадан бастап, мердігер бригадалар жөндеу, құрылыс жұмыстарына тиесілі қаражаттың 30 пайызын алатын болады. Қалған қала тұрғындары әлі ой үстінде отыр. Олар «қолымызға ақша бер» деп талап етуде. Бірақ заң бойынша оған рұқсат етілмейді.
Семейде бір ғана Мирный кенті емес, бірнеше шағын аудандарда жөндеу жұмыстары басталды. Бұл Үкіметтің қаулысынан кейін республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жүргізілмек. Осы екі үйден басқа тағы да сегіз үй иесі атқарылып жатқан жұмысты көрген соң, құрылыс мекемесімен келісімшарт орнатуды жөн көріпті. Олар келесі аптада қаражаттың бір бөлігі түскен соң ғана жұмыстарын бастайды.
– Үкімет тарапынан қаржыландырылып, жөнделетін үйлер анықталды. Бес үй мүлде жөндеуге келмейтін болып шықты, -деді қала әкімі Ермак Сәлімов,-оларға бөлінген қаражат есебінен жаңа баспана беріледі, солай шешілді. Бобровкада біз 110 үйдің құрылыс жұмыстарын аяқтап қалдық. Ол жақта 205 үйді толық жөндеу керек, Мирныйда 50 үйді жөндеу қажет.
Айта кету керек, Пристань, Затон, Мирный кенттерінде Үкімет қаулысы шыққанша, үйлер жөнделмей біраз бөгеліп тұрып қалды. Енді бұл мәселе шешімін тапты. Мердігер ұйым құрылыс жұмыстарын бастай береді.
Раушан Нұғманбекова
Семей.