Жөндеу көрмеген лифттер күн сайын қорқытып келеді

Адам өліміне әкеліп соққан Ақтөбе қаласындағы лифт оқиғасы Өскемендегі лифт қызметін көрсетумен айналысып отырған ұйымдарға, пәтер иелері кооперативтеріне сабақ болмағандай. Қаладағы 1420 лифттің 35 пайызы күделі жөндеуді қажет етеді, олардың қызмет ету мерзімі де әлдеқашан өткен.
ЖЕДЕЛСАТЫЛАРДЫҢ ЖҮРГЕНІНЕН ТҰРҒАНЫ КӨП
Ақтөбедегі оқиғадан соң үрейі ұшқан жұрт жоғары қабатқа тез жеткізіп, жылдам түсіретін жүрдек жеделсатыға отыруға қорқып, қауіптене қарайтын болды. Рас, қаладағы лифттер қаншалықты қауіпсіз?
Өскеменде қазіргі күні 1420 лифт бар. Облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, қаладағы сол лифттердің 35 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді. Олардың ішінде 25 жылдық пайдалану мерзімі өтіп кеткен, тозған лифттер де жетіп артылады. Яғни, қаладағы лифт қызметін пайдаланушылардың бір бөлігі қай күні, қай кезде бұзылып қалары немесе өкінішке қалдырары белгісіз қауіпті лифттердің қызметін пайдаланып жүр деген сөз.
Энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы лифттердің қауіпсіздігіне байланысты редакция жолдаған сауалға берген жауабында: облыс бойынша соңғы үш жыл ішінде лифттің істен шығуы, сынуы салдарынан болған жазатайым, оқыс оқиғалар тіркелмегендігін келтіріпті. Бірақ қаланың көп қабатты үйлерінде жүріп келе жатқан лифттердің тоқтап қалуы, есігі ашылмай қалғаны сияқты жағдайлар жиі болып жатады. ПИК тарапынан бақылаудың жоқтығы мен лифт компанияларының өз міндеттерін, жұмыстарын дұрыс атқармауы лифттердің осындай апаттық тоқтауы оқиғаларын жиілетіп отыр. Жиі қайталанатыны соншалық, бұл тіпті тұрғындар үшін үйреншікті жағдай болып қалыптасып кеткен.
Қазіргі күні Өскеменде тоғыз фирма лифт шаруашылығымен айналысып отыр. Лифт тоқтап қалған жағдайда, шаруашылықтың апаттық құтқару тобы шұғыл келіп жетуі тиіс болғанымен, олар сол міндеттерін де орындап отырған жоқ. Кем дегенде бір сағаттан соң бірақ келеді. Ішінде бала, қария қамалып қалды ма, ол жағы толғандырмайды. Қаладағы лифт шаруашылығының бірі – «Смарт Лифт» компаниясының диспетчері мамандардың шақыруға неге кешігіп келетіні туралы қойған сұрағымызға: «Бізде бір ақ маман, бір-ақ көлік, қайсысына барып үлгереді, мамандар басқа жерде шақыртумен жүреді, жалғыз бір үйге ғана қызмет көрсетпейміз ғой, қызық екенсіз?» деп өзімізді жазғыра жауап берді. Ол өзім тұратын үйдегі лифтті тексеруге орай берген тапсырысымның да (жұма күні күндіз) дүйсенбі күні бірақ орындалатынын айтып, тұтқаны тастай берді. Міне, лифт қызметін көрсетіп отырғандардың «қызметінің» сиқы осы. Ақауы бар лифт дүйсенбіні күтіп тұра ма, тым болмаса, тоқтатып қоюы керек емес пе?!

Лифтті пайдаланудың қауіпсіздік техникасын біле бермейтін тұрғындар мамандар әлгіндей кешіккен кезде кабинаның есігін күштеп ашып, ішінде қалған адамды өздері шығарып алмақ болып та жатады.
«Лифттер қызметі ережесіне сай лифт кабинасының сыртында немесе ішкі қабырғасында лифтті қауіпсіз пайдалану және төтенше жағдайларда әрекет ету ережелері орнатылуы тиіс. Сонымен бірге ұйымның апаттық құтқару және диспетчерлік қызметінің телефон нөмерлері орнатылуы қажет. Егер лифттерде ақаулар анықталған жағдайда, лифттерді жөндеу және қызмет көрсету бойынша мамандандырылған ұйым ақаулар жойылған уақытқа дейін лифт жұмысын тоқтатуы тиіс», дейді лифт қауіпсіздігіне қатысты қойылған сауалға жазған ресми жауаптарында лифт компанияларының қызметін қадағалаушы, тексеруші орган – облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мамандары. Қызық болғаны, лифт қызметін қадағалаушы басқарманың қазандық және газ шаруашылығы қауіпсіздігі инспекциясы, сондай-ақ осы салаға жауапты қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі де лифттер қызметін көрсетумен айналысушыларды тұрғындардан арыз-шағымдар түскен жағдайда ғана тексере алады екен.
Самат Сүлейменов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы қазандық және газ шаруашылығы қауіпсіздігі инспекциясының маманы:
– Біздің лифт шаруашылықтары қызметін арыз-шағымсыз тексеруге құқығымыз жоқ. Ол үшін заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Қазір осы мәселені шешу үшін Инвестициялар және даму министрлігінде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс тобы құрылды.
Болашақта лифт компаниялары қызметіне бақылауды күшейту мақсатында біз министрліктің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне лифттер қызметтерін тексеруді жүйелі жүргізуге, лифттер қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты өз ұсыныстарымызды да жолдап отырмыз.
Тұрғындардан лифт шаруашылықтарының жұмысына, лифттердің жағдайына байланысты арыздар түскен жағдайда, «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңына сәйкес арыз күнтізбелік 15 күн ішінде қаралып, қызмет көрсету бойынша мамандандырылған ұйымдарға ақауларды жою туралы жазбаша түрде тапсырма беріледі.
Нұрбақыт Тұрсынбекова, Өскемен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі :
-Қаладағы лифттердің көпшілігі тозған. Олардың бәрін жаңалауға қаражат керек. Дегенмен ішінара жаңаланып та жатыр. Өткен жылы мемлекеттік тапсырыспен Өскемен қаласына 14 лифт, бұрнағы жылы 10 лифт сатып алдық. Биыл да облыс орталығына 18 лифт сатып алу жоспарланып отыр. Беларусияның Могилев облысында шығарылған бұл лифттердің біреуінің бағасы -7,5 млн. теңге шамасында.
ҚЫЗМЕТІ ТЕГІН БОЛСА ДА, ОТЫРМАЙМЫН ДЕЙДІ
Өскеменде лифт қызметін пайдаланудың орташа бағасы: карточкалық жүйеде бір жолғыға – 7 теңге, ал абоненттік коммуналдық төлем адам басына айына -500-550 теңгеден.
– Лифттің карточкасын сатып алғанымызбен, лифтті дұрыс пайдалана алмай отырмыз, – дейді Красин к-сі., 14 «А» мекенжайындағы үйдің тұрғыны Светлана Тощенко. – Лифт сартылдап, қиқылдап-шиқылдап жатыр. Жүрісінің өзінен-ақ ақауы бары анық білініп тұр, құдды бір таудан тас құлап келе жатқандай тарсылдайды. Біз сияқты үлкен адамдарға тоғыз қабатты үйдің жоғарғы қабатына шығып-түсу оңай емес, қорқа-қорқа отырамыз. Талай рет кабинада қалып қойған менің көршім тіпті лифтіге мінбейтін болды қазір. «Қызметі тегін болса да, отырмаймын» дейді.
Қаланың байырғы тұрғыны зейнеткер металлург Кеңес Сақыпжанов жақсылығы да, жамандығы да көп болған кеңестік заман кезінде лифт шаруашылықтарының қызметкерлері кабиналарды жиі тексеріп жүретінін, лифттерді тоқтатып қойып, алдын-алу шараларын жүргізетінін, қазір лифтті жөндеп жүрген жан көрмейтінін айтады. Бұрын лифтің кіреберісіне құрылғы қай кезде тексеруден өтті, келесі тексеру қай кезде болатыны да жазылып қойылатын болса, қазір қабырғасынан лифті пайдалану ережесі түгілі, диспетчерлердің шимайланған, бірінің үстіне бірі жазылған телефон номерлерін зорға табасың.
-Біздің кооперативтегі көпшілік лифтердің пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Жаңа лифтердің өзі де жиі тоқтап қалады. Жұма күні апатты жағдайда болуына байланысты Красин к., 11 үйдегі екі подьездің лифтін тоқтатқызуға тура келді. Лифттердің жиі бұзылуы, тоқтап қалуы лифт қызметін көрсететін компаниялардың механиктері өз жұмыстарын дұрыс білмейтіндіктен деп ойлаймын, – дейді «Ника» ПИК төрайымы Әдия Мұстафаева
АЛЫСТАН АРБАЛАП ЖҮРГЕНІМІЗ ӨСКЕМЕНДЕ ӨНДІРІЛІП ЖАТЫР

Беларусиядан вагоннан-вагонға тиеп тасымалдап, жеткізіп жүрген жеделсатылар өзіміздің Өскеменде шығарылып жатыр. Аблакетка ықшам ауданында орналасқан «Майралифт» шағын кәсіпорнының иесі түркиялық кәсіпкер Сардар Жанытез екен. Осы кәсіпорында болып, облысымызда алғаш рет лифт өндірісін ашып отырған кәсіпкермен жолықтық,
– Алматы, Астанадағы бірді-екілі лифт өндірушілер дайын бөлшектерді құраумен ғана шектеліп келеді. Біз басты қажетті механизмдерді өзіміз жасаймыз. Түркиядан бағыттаушы электроникалық жабдықтар мен қозғалтқышты ғана сатып алып отырмыз. Қытайда қозғалтқыштар өте арзан болғанымен, сапасыз, сондықтан қымбат болса да, ұзақ пайдалана алатындай Түркияда шығарылған қозғалтқыштарды ғана қолданып отырмыз. Қажетті бөлшектердің 30 пайызын Түркиядан аламыз. Біз өз өнімдерімізді пайдалана отырып, күніне екі лифт шығара алатындай мүмкіндігіміз бар. Стандартты сегіз адамдық 330 келілік лифттер құрып беруімен бірге 7, 5 млн. теңге тұрады. Ресейде түрлі сынақтардан, техникалық тексерулерден өткен өнімдеріміздің Кедендік одақ көлемінде саудалауға болатын сертификаттары бар, – дейді Сардар.
Сардар Жанытез, Өскемендегі «Майралифт» кәсіпорнының басшысы:
-Қазір өндірісте Түркиядан келген инженердің басшылығымен 25 адам жұмыс істеп жатыр Толық іске қосылған жағдайда, 70-100 жұмыс орнына дейін көбейтуді жоспарлап отырмыз. Лифт қауіптілігі – аса жоғары құрылғы, сондықтан оның сапалы шығарылуына ғана емес, орнату, күтілуіне дейін жіті бақылауда ұстау керек. Қаладағы лифт қызметін көрсетуші компаниялардың кейбірі оларды монтаждап құрудың өзін дұрыс жүргізбей отыр. Лифтің тарсылдап жүруі – соның салдары, әр бөлшегі дәлдікпен өлшеніп, орналастырылып, берік бекітілуі қажет. Қаланың қонақ үйлері сияқты нысандардағы еуропалық лифттер қызметін білетін мамандар да жоқтың қасында. Лифт қызметін көрсетуші компаниялардың өтініштері бойынша ақауларын табуға көмектесіп тұрамыз. Байқағанымыз: қаладағы жеделсатылардың жағдайы жаға ұстатарлық, көтергіш құрылғылардың тозуы өз алдына, лифттердің жертөледегі шахтасы қалдық пен шаңға толып, бітеліп қалған. Электр сымының кішкене ғана қысқа тұйықталуы болса өртке оранғалы тұр.

«Майралифт» компаниясы тапсырыспен былтыр 10, биыл 25 лифт жасап шығарған. Биылғылары жаңадан салынып жатқан «Ривера» тұрғын үй кешеніне, «Иртыш строй» мекемесінің құрылыс нысандарына орнатылған. Жолаушы лифтінен бөлек, мұнда жүк тасымалдайтын лифт, мүмкіндігі шектеулі жандарды демеуіш крандар да өндірілуде. Осында жасалған жеделсатылардың екеуі өткен жылы мүгедек балалар мекемесіне қойылыпты. Бірақ кәсіпорын қуатты өндірістік желіні орнатуға қажетті қаржының жоқтығынан үлкен көлемде тапсырыстар ала алмай келеді. Ол кешенді құрал-жабдықтарды сатып алуға бірсыпыра қаржы қажет. Өкінішке қарай, өңіріміздегі банктер кәсіпкердің елде жоқ жаңа өндірісінің тәуекелділігі жоғары деген желеумен несие беруден бас тартқан. Егер банктен несие беріліп жатса, кәсіпкер Түркиядан мамандар шақырып, жергілікті мамандарды үйретіп, өндірісті жүйелі жолға қоймақ. Қаржы қолға тиіп, құрал-жабдықтарға қолы жетсе, «Майралифтің» Өскеменді ғана емес, басқа қалаларды да қауіпсіз жеделсатымен қамтамасыз ете алатынына Сардар сенімді.
Осы беттің оспағы
Ұшақта, көлікте ілініп тұрса түсінер едім, мен мұны. Подьездегі лифттің кіреберісінде: «Алла өзің сақтай көр» деген икон ілініп тұр.
Жанаргүл Мұқатай