Жөнделген жолдардың сапасы сараланады
Өткен жылы жөндеу көрген жолдардың қыстан қандай жағдайда шыққанын арнайы топ тексеретін болады. Сапасыздық салдарынан аяз бен жауын-шашынға шыдас бермеген бөліктерді жауапты мердігерлер кепілдік аясында қайтадан жөндеуі тиіс. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ селекторлық аппараттық кеңесте осындай тапсырма жүктеді.
Әуелі аймақ басшысы өткен сенбіде Глубокое ауданы ұйымдастырған жәрмеңкеде өзі куә болған келеңсіздіктерге тоқталды.
-Халықтың бұл тұрғыдағы шағымы орынды. Сөреге жалған баға қойған аудан әкімі мен оның орынбасарына, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына қатаң сөгіс жарияланды. Әкімдер жәрмеңкені формалды шараға айналдырып алған. Қала базарларының алыпсатарларын жәрмеңкеге тарту олар үшін тиімді болса керек. Бұлай ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүруге жол жоқ. Жәрмеңкені алыпсатарлардан тазарту үшін жергілікті полицияға да тапсырма берілді. Енді бұл заңсыздықпен солар күресетін болады. Жәрмеңке алаңында халыққа сатып алған өнімін шынайы таразыда өлшеп, қажет болса, сапасын тексерте алатындай жағдай жасалуы тиіс, – деді аймақ басшысы.
Соңғы күндері көлік қатынасына қатысты даудың астында қалған Семей әкімінің жұмысы да сынға алынды.
Биылғы қыста қолайсыз ауа райының салдарынан облыс жолдары 84 мәрте жабылған екен. Биыл сол қар алған тұстарға жалпы ұзындығы 22 шақырым шарбақ қалқан, 1,3 мың метр сым арқан тартылмақ. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұрат Мұсатаев Семей қаласы мен Абай, Бородулиха, Глубокое, Зырян, Көкпекті, Күршім, Шемонайха аудандарында қар суынан жол қозғалысына қауіп төнуі мүмкін екенін айтады. Қазірдің өзінде Семей-Қайнар тас жолында үш жерден, Аягөз-Тарбағатай тас жолында екі жерден су жайылған. Абырой болғанда, қар суының кесірінен қозғалысты тоқтатуға қажеттілік болмапты. Облыс басшысы Семей-Бесқарағай бағытындағы жолдың жағдайына алаңдаушылық білдірді. Бүгін таң ата мұнда да су жайылған болатын. Қазір көліктер Бесқарағай ауылы арқылы айналма жолмен қатынауда. Басқарма өкілі барлық қолайсыздықтар кешке дейін еңсерілетінін айтып, сендірді. Аймақ басшысы Бұқтырма және Шүлбі су қоймаларының жағдайын назарда ұстау керектігін тағы да еске салды.
-Былтырғы жаздағыдай Бұқтырма қоймасындағы суды қайда жіберерімізді білмей жүрмейік. Ол үшін аумақтық бассейн инспекциясы Қытай тарапымен байланыс орнатып, биыл қанша көлемде су босататынын алдын ала анықтау қажет. Шүлбі қоймасының жағдайын да бақылауда ұстау керек. Жалпы, Шүлбі қоймасының шлюзін қайта жарақтау қажет, – деді облыс басшысы.
Барлық аудан және қала әкімдеріне өткен жылы жөндеу көрген жолдардың сапасын саралау тапсырылды. Бір жыл болмай жатып бүлінген жолдардың мердігерлерін тауып, кепілдік келісімшарт негізінде қайта жұмысқа тарту көзделіп отыр.
Аймақ басшысының айтуынша, Өскемен және Семей қалаларында жоспарланған жол жөндеу жұмыстары жобалаушы компаниялардың жауапсыздығынан кешігуі мүмкін. Мысалы, биыл Өскемен көшелерін қайта жарақтауға тоғыз миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Өскемен Өскемен болғалы жол жөндеуге мұндай көлемде қаржы бөлінбегеніне қарамастан, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуші компаниялар жұмысты тура төрт айға кешіктірген екен.
-Жобалаушы мердігерлер құжаттарды 28 қаңтар күні тапсыруы керек болған. Одан бері мерзімді үш рет кейінге шегердік. Әлі нәтиже жоқ. Мұндай жауапсыз жобалаушылар алдағы уақытта конкурстан шеттетілуі тиіс, – деді Даниал Ахметов.
Қар тазалауға жауапты мекемелердің техникалық жабдықталуына да тоқталған аймақ басшысы Өскемен және Семей қалаларының әкімдеріне биылғы қыстан сабақ алу керектігін ескертті. Биыл барлық мердігерлердің қар тазалаушы техникалары түгендеуден өтеді.
-Қар тазалау құқығына ие болған мердігерлердің шикілігі биыл әшкере болды. Олардың құжатта көрсеткен техникалары өмірде жоқ болып шықты. Тіпті, өзгелерден жалға аламыз деген ақпараттары да расталмады. Сонда бұл компаниялар қар аз жауған жылдары босқа ақша алып келген. Мұндай бассыздықты болдырмау үшін мердігерді анықтау конкурсына түзетулер енгіземіз, – деді облыс әкімі.
СҮТ ҚАБЫЛДАУ БЕКЕТТЕРІНІҢ ИГІЛІГІН КӨРУ КЕРЕК
Сүт өндірісін дамытудың өңірлік бағдарламасы қолға алынғалы бері жергілікті сүт зауыттарының шикізатпен қамтылуы 29 пайыздан 42 пайызға өскен. Жоспарланған 36 сүт қабылдау бекетінің 33-і салынып, қолданысқа беріліпті. Алдағы екі жылда олардың санын 60-қа жеткізіп, 70 ауылдық округті түгел қамтуға болады. Дей тұрғанмен, сүт қабылдау бекеттері бола тұра, соны игілікке пайдаланбай отырған аудандар да бар екен. Мысалы, биылғы жылдың алғашқы үш айында Көкпекті ауданы мен Риддер қаласында халықтан бірде-бір литр сүт сатып алынбаған. Аймақ басшысы бұл тұрғыда сүт зауыттарының жауапкершілігін арттыру керектігін айтты. Өйткені, аталмыш өндіріс ошақтарына мемлекеттік тапсырыс аясында 1,3 млрд. теңге бөлініп отыр.
-Әр зауыттың қанша қосалқы шаруашылықтан қандай көлемде сүт алғанын қадағалау қажет. Бірінші жылы оларға жақсы жеңілдік жасағанбыз. Енді мемлекеттен алған қаржыны халықтан алған сүтке жұмсауын бақылау керек, – деді ол.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубеков өңір бойынша 162 ауылшаруашылық кооперативі құрылғанын айтады. Бірақ соның 42-сінде ғана даму жоспары бар болып шыққан. Сол 42-нің тек алтауында 20-дан астам мүшесі бар. Қалған кооперативтердің барлығы әлі де болса адам жинаумен әуре болып жүр. Кооперативтердің кейбірінде жоспар түгіл, игеретін жер де жоқ көрінеді. Аймақ басшысы құрылған кооперативтерге шама кегенше асыл тұқымды мал асырау керектігін қадап айтты. Алайда, элиталы малдың күтімі де ерекше болуы тиіс. Ол үшін ауыл шаруашылығы басқармасы сүтті малды жемдеу, сауу және күтіп-баптау бойынша типтік нұсқаулықтар дайындап, таратуы тиіс. Осының арқасында қосалқы шаруашылық иелері зоотехник іздеп сабылмайтын болады.
Облыс әкімі құрылған кооператив мүшелерінің ертеңгі күні міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген жағдайда не істейтінін зерделеп, пысықтап қоюды тапсырды.
Жиында «Нұрлы жол» бағдарламасының іске асу барысы мен «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына енген жобалардың тағдыры да сөз болды. Бұл мәселеде шағын несиенің ауылдарға кедергісіз жетуіне көңіл бөлу қажеттігі айтылды. Биыл өз кәсібін ашуға ниетті ағайын үшін бюджеттен екі милиард теңгеден астам қаржы қарастырылыпты.
Есімжан Нақтыбайұлы