Қоғам

Жүн мен тері кәдеге жаратылады

Жүн мен тері кәдеге жаратылады


Алдағы уақытта Семейдегі арнайы лайықталған кәсіпорындарға қажетті ет, сүт, мал терісі, жүн өнімдері ауыл шаруашылығы кооперативтерінде дайындалатын болады. Осыған орай, Семейде қазіргі таңда 24 ауылшаруашылық кооперативтері құрылып отыр. Қала әкімі Ермак Сәлімовтің айтуынша, ауылшаруашылығының дамуы оның өнімін өңдейтін кәсіпорындардың жұмысын жақсартады.

-Семейдегі ауылшаруашлық саласының ішкі жалпы өнімі соңғы үш жыл ішінде 5 млрд. теңгеге артты,-деді қала басшысы Ермак Сәлімов,-оның ішінде өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда ет 20 пайызға, жұмыртқа 4 пайызға дейін артып отыр. Ірі қара малдың өсімі де жақсы, яғни, 10 пайызға өскен. Жылқы малы 13 пайызға артып отыр, былтыр 26 мың болса, биыл 36 мың бас. Құс басы 11 пайызға өсіпті, 1,1 млн құстан 1,3 млн. құсқа артқан. Бірақ, қой-ешкі басы біршама азайып отыр. Қойға нарықта сұраныс біршама төмендеген екен. Қой-ешкінің етімен қоса, терісі, жүні де кәдеге жарайтындықтан алдағы уақытта өңдеуші кәсіпорындардың жұмысы жақсаруына орай, тұтыну мәселесі де орнына келеді деп ойлаймыз.

Біздің Шығыстың аязды, боранды күнінде далада еңбек ететін жұмыскерлерге, құрылысшыларға пима ауадай қажет. Сол үшін де халық көбіне «Роза» ЖШС жасайтын пиманы сатып алып жатады. Бүгінде кәсіпорынның жасаған пималары сұранысқа ие.

– Осы «Роза» ЖШС-не ірі көлемде жүн керек,-дейді қала басшысы,-қазір қолда бар жүн жетімсіз, себебі мал шаруашылығымен айналысатындар қой қырқып, жүн жинақтап қою дегенді мүлде ұмыт қалдырған. Алдағы уақытта Семейде арнайы ауылшаруашылық кооперативін құрып, сол арқылы қожалықтардан жүн мен теріні жинақтайтын боламыз. Қазір Семей өңірінде 24 ауылшаруашылық кооперативі бар, онда 753 адам еңбек етеді.

Жүн жинауға орай, мал терісі де назардан тыс қалмақ емес. Семейдегі былғары-тері комбинатына ірі қара малының терілері де тұрақты түрде жеткізілетін болады. Қала әкімінің айтуынша, кәсіпорын қаржы мәселесіне орай жылдар бойы тұралап қалуға мәжбүр болған. Бірақ кәсіпорын өзінің заңды құқығын қалпына келтіріп, кәсіпкерлігін кеңінен дамытуда. Комбинат бүгінде тоқтап қалған жұмысын қайта қолға алды. Бұнда 113 адам еңбек етуде.

Семейде «Агропортал» ЖШС «Өндіріс» индустриялық аймағында ет комбинатын тұрғызуды жоспарлап отыр. Ермак Сәлімовтің айтуынша, аталмыш компания қазір инвестиция мәселесімен келіссөздер жүргізіп жатыр. «Өндіріс» индустриялық аймағында 2018 жылы заманауи ет өңдейтін комбинат салынады. Алдағы жылы осы ауданға су және жылу құбырларын тартамыз, деді әкім. Ал жылу мәселесі жақын арада толық шешіледі.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button