Қоғам

Жұмыстың нәтижесі көрсеткіштермен ғана өлшенбейді

Жұмыстың нәтижесі көрсеткіштермен ғана өлшенбейді

Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің мәжілісінде төрт мәселе қаралды. Олар: «Қолжетімді баспана-2020», агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламаларының іске асырылуы, өткен он айдағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, ауыл туризмін өркендету.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Серік Төленбергеновтің ақпаратына сүйенсек, жыл басынан бері аймақта 229 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 34 пайызға жоғары. Ескеретін бір жайт, Өскеменде негізінен тұрғын үйлердің құрылысы қазына қаражатына салынса, Семейде бұл жекеменшік қаражат есебінен іске асырылуда.
Сондай-ақ, баяндамашы аймағымызда қажетті материалдар өндіретін зауыттар мен кәсіпорындар, үй құрылысы комбинаты жұмыс істеп тұрғанын еске сала отырып, өңірдің құрылыс әлеуетінің қуаттылығын, саланы өсіп-өркендетуге мүмкіндік зор екеніне сендірді.
– Қазір облыста 18 мың адам баспана кезегінде тұр. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға арта түсуде. Сондықтан кезектегілерді үймен қамту – өзекті мәселелердің бірі. Соған қарамастан бекітілген жоспар-тапсырманы орындай алмай жатқан аудандар мен қалалар бар. Атап айтсақ, Курчатов қаласы, Зырян, Бесқарағай, Ұлан, Зайсан аудандары. Жоспар-тапсырманы жыл соңына дейін тас түйін қылу үшін он көпқабатты тұрғын үйді қолданысқа беру керек. Алайда, қаперде ұстайтын жайт, нысанды қолданысқа өткізген соң көп ұзамай тұрғындар қоныстанғаны дұрыс. Мәселен, биылғы қаңтар айында қабылданған Семейдегі көпқабатты үйге иелері күз айында ғана кіре бастады. Неге? Себебі, нысан толық дайын емес. Кемшіліктер жойылғанша тұрғындар күтуге мәжбүр. Мұндайға жол бермеу керек. Тұрғын үйлер қабылданған соң ұзаса бірер айдың ішінде пәтерлердің бәрінде отбасылар орналасуы тиіс. Сондықтан нысанды қабылдау кезінде мұқият болайық, – деген облыстық құрылыс басқармасының басшысы Серік Төленбергенов өңірде «Қолжетімді баспана» бағдарламасынан бөлек тұрғын үйлер салу Қазақстан ипотекалық компаниясы мен «Самұрық Қазына» әл-ауқат қоры арқылы да жақсы жүзеге асып жатқанын жеткізді.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ жоспар-тапсырманы орындай алмаған қала-аудандардың басшыларын жеке-жеке орындарынан тұрғызып, жағдайды түсіндіріп беруін талап етті. Және жыл соңына дейін жүктелген міндеттің орындалуын тапсырды.
– Халықты тұрғын үй құрылысының қандай қаржыландыру көзінен жүргізілетіні, оған кімдердің жауапты екені мазаламайды, тұрғындар үшін оның нәтижесі ғана маңызды. Сондықтан инженерлік инфрақұрылым есебінен құрылыс бағасының қымбаттауы туралы мәселе қабылданбайды. Мемлекеттік сараптама бекіткен сметалық құжаттама бар, содан ауытқымасын, – деп қадап тұрып ескерткен аймақ басшысы бір айдың ішінде орындалуы тиіс бірқатар хаттамалық тапсырмалар берді.
Олар: алдағы үш жылға арналған кешенді жоспар дайындау, онда құрылыс саласын кешенді жүргізудің барлық түйткілдері қарастырылатын болады. Сол сияқты қолданыс мерзімі баяғыда аяқталған ескі инженерлік жүйелерді жаңарту бойынша бюджетке ұсыныс жолдау, елді мекендердің бас жоспарына қазіргі заманның талабын ескере отырып түзетулер енгізу, әрбір қаланың немесе ауылдың инженерлік инфрақұрылым жүйелері сызбасын әзірлеу. Бұлардың бәрі ертеңгі күні құрылыс нысандарын салғанда жұмысты айтарлықтай жеңілдетуге, шығынды азайтып, тиімділікті арттыруға, үйлесімділікті сақтауға мүмкіндік береді.
Бұған қоса өңір басшысы құрылыс материалдарын шығаратын өзіміздегі зауыттар мен кәсіпорындардың күшін толық пайдалану жөнінде іс-шаралар жоспарын дайындауды тапсырды.
2013-2020 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасының іске асырылуы туралы баяндама жасаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селиханов салаға қатысты бір сыпыра өзекті мәселелерге тоқталды.
– Бүгінде мемлекеттен субсидия алудың мүмкіндіктері көбейді. Бұрын тек 200 және 600 бас ірі қарасы бар шаруашылық құрылымдар ғана алып келсе, енді олардың қатары көбейді. Бірақ субсидия беру шарттарының кейбір тұстары шаруаларға салмақ түсіруде. Мәселен, 100 бас ірі қарасы бар шаруаның міндетті түрде бір тракторы болуы тиіс және ол трактордың шөп тиегіші мен жинағышы, күрегі секілді қосалқы жабдықтары болсын деп көрсетілген. Сол себепті фермерлер аталған қосалқы жабдықтарды жаңадан сатып алуға мәжбүр. Бұл дегеніміз қарапайым шаруаның қалтасына қосымша салмақ, – деп атап өткен Дүйсембай Селиханов құрғақ сүт, ірімшік, сарымай өндірушілерді субсидиялау бойынша облыстық басқарма тарапынан Ауыл шаруашылығы министрлігіне бірнеше рет ұсыныстар жолданғанын айтты.
Жиын барысында келтірілген деректерге мұқият ден қойған аймақ басшысы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуды ойласақ, ең бірінші кезекте осы саламен айналысатын адамдарға барынша жағдай туғызу қажеттігін атап көрсетті.
– Мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы алдымен әкімдерден сұралатын болады. Осы арада мынаны ұмытпаңыздар. Әрине, көрсеткіштердің жоғары болғаны дұрыс, бірақ маңыздысы нәтижеге жұмыс істеуіміз керек. Жергілікті жердегі әкімдер фермерлерге қажетті бизнес-жоспарлар мен типтік жобалар әзірлеуге баса көңіл бөлулері керек. Яғни, шаруалар барлығын өздері жасап, қандай қондырғы немесе техника сатып аламын деп бас қатырмайтын болсын. Дайын жоспарды алып, сол арқылы әрекет етсе, олар үшін бұл әлдеқайда тиімді, – деді Даниал АХМЕТОВ.
Ауыл туризмін алға бастырамыз десек….
Әлемдік нарықтағы түсті металл түрлерінің арзандауына байланысты өңірімізде металл өнімдерінің экспорты былтырғымен салыстырғанда біршама азайған, сондай-ақ, шағын және орта бизнес саласындағы белсенді субъектілер саны кеми түскен. Негізгі капиталға инвестиция тарту бойынша кей аудандардың көрсеткіші көңіл көншітпейді. Бұл туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Елена Ясинская мәлім етті.
Есесіне, білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту секілді салаларда ілгерілеушілік байқалады. Басқарма басшысының айтуынша, өңірімізде 18 мыңнан астам жаңадан жұмыс орыны құрылып, нәтижесінде еңбекпен қамтылмаған тұрғындар үлесі 4,8 пайызға дейін төмендеген. Мектептерде әлеуметтік жағдайы нашар отбасылардың балаларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету нәтижесі 99,4 пайызды құраған. Қысқасы, Елена Ясинскаяның баяндауынша, осы жылды негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша жақсы аяқтауға мүмкіндік бар. Тек жауапты орындардың басшылары мен әкімдер тиянақты жұмыс істесе болды. Дейтұрғанмен облыс әкімі бұл көрсеткіштер жұмыстың нәтижесі болып табылмайтынын, экономиканы тұрақты дамыту үшін өңірдегі басты міндеттерді айқындап алу керектігін еске салды.

Жұмыстың нәтижесі көрсеткіштермен ғана өлшенбейді

Мәжілісте ауыл туризмін дамыту жөнінде ақпарат берген облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ержан Сембинов Шығыс Қазақстанда жыл сайын демалушыларды қабылдайтын орындар саны арта түскенін, ал саяхаттаушы туристердің саны бойынша ел өңірлерінің арасында үшінші орынға жайғасқанын айтты. Мәселен, кейінгі алты айда Шығыстың әсем табиғатын тамашалау үшін 150 мыңнан астам адам Алтайға ат басын бұрған. Басқарманың мәліметтеріне қарағанда, ауыл туризмін алға бастыруға арналған қанатқақты жоба ретінде Катонқарағай, Күршім аудандары мен Риддер қаласы таңдап алынған екен. Бірақ ауылдық жердегі кәсіпкерлер аталған салаға әлі де үйренбей жатыр. Олардың бір-бірімен байланысы нашар. Осы ретте әріптестік желі құру ұсынысының маңызын атап өткен абзал. Бұған қоса Өскемен мен Семей қалаларының әуежайларында өңірдің туристік әлеуеті жөнінде барлық қажетті мәліметтер жинақталған ақпараттық орталықтар құру – бүгінгі күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі.
– Облыста туризмге қатысты жақсы шеберлік-жоспар дайындалған. Ендігі жерде осы жоспарға Елбасының биылғы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында айтылған тапсырмаларды ескере отырып аздаған түзетулер енгізу керек. Оның ішінде әсіресе, бірқатар мемлекеттік жобаларға қатысу ескерілсін, – деген Даниал АХМЕТОВ әкімдер мен жауапты орындардың басшыларына аталмыш салада қандай іс-жоспарлар атқарылатыны көрсетілген нақты бағдарламаны екі айдың ішінде әзірлеуді жүктеді.
Туризмді дамытып, жалпы экономиканың тұрақты өркендеу қарқынын еселей түсеміз десек, Президент Жолдауында айтылған көлік байланысын жақсарту міндетін ойдағыдай орындау керектігін айтты аймақ басшысы.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button