Қоғам

Жұмыстың бәрін компьютер атқарады

Жұмыстың бәрін компьютер атқарады

Техниканың дамыған заманы осы шығар. Таврия ауылындағы жиһаз цехындағы мамандар қол жұмысын ұмытқалы бір жылдан асты. Цехтағы ағашты кесу, тесу жұмыстарының бәрін неміс құрылғылары атқарады. Тек экранда өлшемдерін жазып, бұйрық беріп қойсаңыз болғаны.
Ерте кезден ағаш өңдеумен айналысып келе жатқан тавриялық Сергей Кучерин кәсібін кеңейтуді көздеп, «Даму» қоры арқылы 50 млн теңге несие алған. Қолға түскен қаржыға жоспарлы түрде корпусты жиһаз жасауға арналған арнайы құрылғылар сатып алуды ойластырады. Сөйтіп кіріс-шығысты есептегеннен кейін ағашты әр түрлі үлгіде кесуге, тесуге арналған немістің «БХ» құрылғысын тапсырыс арқылы ауылға төрт ай ішінде жеткізеді. Бірақ құрылғылар келгенімен ғимарат іші дайын болмайды. Сергей жиған-терген қаржысын жұмсап, ескіден қалған екі қабатты ғимаратты күрделі жөндеуден өткізеді. Бірінші қабатына заманауи құрылғыларын орнатады. Бұған дейін жұмысшылар жиһаздың бәрін қарапайым құралдармен кесіп, қолмен құрастыратын. Ал су жаңа құрылғы жұмыс көлемімен қатар сапасын да едәуір арттырды. Яғни жиһазға қажетті әр материалды компьютердің көмегімен өлшеп-пішіп кесіп алады. Әр станоктың жанына өз жұмыстарын жақсы меңгерген бір-бір маман жұмылдырылған. Олар бұл станокта жұмыс істеу үшін арнайы оқу оқып, білімдерін жетілдірген жоқ. Осы цехтың өзінде-ақ көрсетілген нұсқаулар бойынша аз уақыт ішінде жаңа техниканың тілін меңгеріп алған. Цехта неміс құрылғылары ғана емес, қытайдың шығарған станогы да жұмыс істейді. Сергей Кучериннің айтуынша, жарты жыл ішінде тынбай жұмыс істеп тұрған құрылғылардың бірі де сыр берген жоқ.
– Шығыстағы нарықта өз орнымызды тауып жатсақ, басқа да облыстарға шығу жоспарда бар. Ол үшін өнімдеріміздің саны мен сапасы едәуір артуы керек. Дизайн жағына да көбірек мән бергеніміз жөн. Бүгінде кейбір корпусты жиһаздарымызға 3D ламинат жапсырып жатырмыз, – дейді С. Кучерин әңімесінде.
Жоғары қарқынмен жұмыс істейтін станоктар келгелі кәсіпорынға бір жыл ішінде 54 млн теңге пайда түскен көрінеді. Жиһаз жасауға қажетті шикізатты көбінесе Ресейден әкеледі. Ал дайын жиһаздар Өскемендегі «Уют» және «Октябрск» дүкендерінде саудаланады. Дағдарысқа байланысты тұтынушылар легі сәл азайғанымен сатуға қойылған дүниелер қолжетімді бағада. Сондықтан да, шеберлер аса қымбат брэндті жиһаз жасап уақыттарын сарп етпейді. Алайда, халық таңғаларлықтай жиһаздар жасай алатындарын дәлелдеген. Сергейдің айтуынша, цех қызметкерлері тек көлемді тапсырыспен ғана жұмыс істуді жөн көреді. Аудандардан, қалалардан тендер ұтып алса да артық етпейтінін айтады С. Кучерин. Көлемді тапсырыс орындауға цехтың қауқары жеткілікті. Жеке кәсіпкердің қарамағында жиһаздан басқа төсектерге арналған пружинді матрас, пластикті терезелер де жасайды. Сонымен қатар бұл кәсіпорында әр түрлі үлгідегі тротуар төсемелері де шығарылады. Төсемелерге керекті шикізаттың барлығы дерлік жергілікті табиғи материалдар. Тек бояғыш заттар ғана шетелдердің бірінен жеткізіледі.
– Тас төсемелерінің материалын ғана емес, жиһаз жасауға арналған ағаштарды да өз елімізде дайындасақ дұрыс болар еді. Өсіп жетілген ағашты кесіп, материалға жаратып отыруымыз керек. Олай болмаса шіріп, тамырынан қопарылып түкке жарамай құлап қалады, – деп өз пікірін айтты кәсіпкер Сергей Кучерин.
Сергей бұл кәсіпорынды 1998 жылы ашқан. Өзі де ағаш шебері. Соңғы екі жылда цехты аяқтан тұрғызу үшін 140 млн теңге қаржы жұмсап, суын, жарығын өзі тартып алған. Ескі ғимаратқа жалғап қызыл кірпіштен тағы екі қабатты ғимарат салған. Бүгінде ішкі сылақ жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Екінші қабатқа жүк көтергіш лифтіге дейін орнатқан. Жалпы цехта 50 шақты адам жұмыс істейді.
– Ауылдық жерде жұмыс істеген тиімді. Үйім жақын, ай сайынғы жалақымыз тұрақты. Уақытылы алып тұрамыз. Жұмыстың барлығы компьютердің көмегімен атқарылады, – дейді универсалды станоктың шебері Дастан Ахмадиев.
Цехта корпусты жиһаздардан бөлек пружинді матрас та жасайды. Оның пружиндарынан бастап сыртқы қаптамасына дейін кәсіпорын жұмысшыларының қолынан шығады. Жалпы цехтың болашағы жарқын. Сапалы жиһазға сұраныс та бар, сенімді ақтайтын бес аспап мамандар да бар.

Мерей Қайнарұлы
Ұлан ауданы

Осы айдарда

Back to top button