Қоғам

Жұмыссыздарға арналған бағдарлама

  Жұмыссыздарға арналған бағдарлама

Бүгінгі таңда қоғамда көтерілетін өзекті мәселелердің бірі – жұмыссыздық. Мектепті бітіре сала ауылдан қашқан жастар қалаға келеді де, «екі қолға бір күрек» таба алмай, сандалып жүреді. Олар бір жерде жүк түсіруші болып істейді немесе табысы аз кез келген қара жұмысты атқаруға дайын. Алайда облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенкова осындай жастарға арнайы мамандық алып шығуға, істеп отырған шаруаларын өркендетемін деген өзін-өзі асыраушыларға қазір мол мүмкіндіктер бар екенін айтады. Осы орайда оқырмандарды жұмыссыздар үшін мемлекет тарапынан қарастырылып отырған бағдарламалармен таныстырмақпыз.

Жастар арасындағы және жалпы жұмыссыздықтың қолайсыз тұстарын жою мақсатында Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында еңбек нарығын жаңғырту үшінші кешенді міндет екендігі айтылған. Дәстүрлі салаларға жаңа технологияларды енгізудің нәтижесінде еңбек ресурстары босап қалады. Сонымен қатар жаңа индустрияларды құрып, өркендету жұмыспен қамтудың және азаматтардың кірістерінің өсуінің қосымша көзі болып табылуы керек.

Басқарма басшысының айтуынша, Жолдаудағы тапсырманы жүзеге асыру тетіктерінің бірі – 2017-2021 жылдарға арналған Өнімді жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасы. Жаңа бағдарламаның негізгі мақсаты – өзін-өзі асыраушыларды, жұмыссыздарды және мамандығы жоқ басқа да адамдарды өнімді жұмыспен қамтуды төмендегідей үш бағыт бойынша жүзеге асыру.

Қайда оқығыңыз келеді?

Бағдарламаның бірінші бағыты ниет білдіргендерді кәсіби мамандыққа баулуға арналған. Алдымен, мектептен кейін жоғары оқу орындарына түсе алмаған жастарға сұранысқа ие мамандықтарды колледждердің негізінде 2,5 жыл тегін жаппай оқыту және игерту көзделген. 2017 жылы бұл мақсатқа 343,1 миллион теңге бөлінді. Облыста 1 қыркүйектен бастап 1730 жасөспірімге партаға отырып, кәсіптік-техникалық орта білім алып шығуға болады. Қазір қалалар мен аудандарда ниет білдірушілердің тізімдерін жасайтын мобильді ақпараттық топтар құрылып, олардың жұмыс істеу кестесі бекітілген. Оқу мекемелері іріктеліп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Бағдарламаның бір артықшылығы, оқушының бірнеше арнайы мамандықты меңгеріп алуына мүмкіндігі бар. Мысалы, аспаз-кондитер мамандығына қоса, ары қарай тағы 2,5 жыл оқып, бір тағам түрінен технолог болып шыға алады.

Оқушыларға шәкіртақы төленеді, бір мезгіл ыстық тамақ беріледі. Басқа жақтан келгендер жатақханамен қамтамасыз етіледі, не болмаса жалдаған баспанасының ақысы төленеді.

Екіншіден, қысқа мерзімді курстар бар. Бұл негізінен жұмыссыздарға, өзін-өзі асыраушыларға, қайта даярлықтан өтуді қажет санайтындарға, нарықта сұранысқа ие дағдыларды меңгеруге талпынғандарға арналған бағдарлама. Оқудың бұл бағытын жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы білім басқармасымен, жұмыспен қамту орталықтарымен бірлесіп ұйымдастырады. Қазірдің өзінде қысқа мерзімді курстарға 6535 адам тартылып, олар 81 мамандық бойынша оқытылатыны белгілі. Бұл бағытқа 1,3 млрд. теңге қарастырылып отыр.

Бұл жерде де бағдарламаның қатысушысы өзі таңдаған негізгі мамандықпен қоса тағы үш мамандықты меңгере алады. Мысалы, компьютерлік кескіндеуді, оған қоса ағылшын тілін, кәсіпкерліктің негіздерін үйренуіне болады.

Мамыр айынан бастап 56 колледж бен 17 оқу орталығы, кәсіпкерлер палатасы және алыс ауылдардағы екі мобильді орталық 15 мамандық бойынша білім беруді бастайды.

Мобильді орталықтар мамандыққа баулиды

Мемлекет үйінен ұзап шыққысы келмейтіндер үшін де білім берудің қолайлы жолын қарастырып қойыпты. Жаз айларында аудандарда мобильді орталықтар жұмыс істейтін болады. Осы мақсатқа Білім және ғылым министрлігі арқылы арнайы жабдықталған, тіркеуіштері бар екі «КамАЗ» көлігіне тапсырыс берілген. Жүк көліктерінде орналасқан жылжымалы мобильді орталықтар аудандардан келіп түскен тапсырыс бойынша, жаз айларында тұрғындарды қажетті мамандықтарға баулиды. Мысалы, кәсіпкерліктің негіздерін оқытады. Шалғай ауылдың тұрғындары барлығы 15 мамандықты меңгере алады.

Кәсіпкер болам десеңіз …

Бағдарламаның екінші бағыты шағын несие арқылы өз ісіңді ашуға не болмаса қолданыстағы бизнесті кеңейтуге мүмкіндік береді.
Биылғы мамыр айынан Өскемен, Семей, Риддер, Курчатов, Зырян, Серебрянка қалаларында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры бағдарлама қатысуышыларына 980,7 млн. теңгені екінші деңгейлі банктер арқылы несиеге бере бастайды. Банктер сол елді мекенге тиімді деген жобаларды өздері таңдап алады. Жоба ең алдымен, аталмыш елді мекен үшін тиімді, әрі жаңа жұмыс орындарын ашуы қажет. «Мен тоқаш пісіргім келеді» дегендерге бір елді мекенде оныншы наубайхананы ашуға жол берілмейді, әрине.

Кепілдікке қоятын мүлкі жоқтар үшін несиені қаржы көзін растау арқылы кепілдендіру тетігі қарастырылған. Бұл мақсатқа 117,7 млн. теңге бөлінеді.
Ауыл шаруашылығын өркендету мақсатына Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы 1,2 млрд. теңгенің және Агрокорпорация арқылы 0,8 млрд. теңгенің несиесін бөлу көзделген. Қор арқылы несие алғанда кепілдік мүлік болу қажет және жобаның қаншалықты өзін-өзі ақтайтыны ескеріледі. Корпорация арқылы берілгенде, Қазагрогарант мекемесі өзі кепіл болады. Қазір олар барлық аймақтарда өз бөлімшелерін ашып жатыр. Несие мамыр айынан беріле бастайды. Несиені кооперативтер құру, тауарлы-сүт фермаларды, сүт қабылдағыштарды өркендету, тұрғындардың жеке шаруашылығындағы малдың өнімділігін арттыру мақсаттарына алуға болады.

Облыста сонымен қатар, сәуір айынан бастап жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Бастау бизнес» қанатқақты жобасы қолға алынған. Кәсіпкерліктің негіздеріне баулитын өте маңызды бағдарлама. Болашақ бизнесмендер бір ай оқып, бизнестің қыр-сырын меңгеріп шығады. Жобаға облыстың жеті ауданы қатысады, қазір оқитын адамдардың тізімі анықталып қойған.

Бұл бағытта оқитындар үшін қойылатын талаптардың бірі – салық органдарында міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу және жаңа жұмыс орындарын ашу болып табылады.

Әлеуметтік нашар қорғалған азаматтарды жастар практикасы жобасына және әлеуметтік жұмыс орындарына тарту бағдарламаның үшінші бағыты болып саналады. Бүгінгі таңда өңірде 481 адам осы бағдарлама бойынша жұмысқа кіріскен. Барлығы 1,1 мың адамды қамту жоспарланған, оған 316 млн. теңге бөлініпті.

Білікті мамандар көшіп келеді

Елімізде республиканың әр өңіріндегі еңбек нарығын теңестіру мақсатында тұрғындарды тығыз қоныстанған өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін аймақтарға көшіру тәжірибесі соңғы жылдары ұтымды пайдаланылып келеді. Басқа жақтан көшірілгендерді қоныстандыруға болатын елді мекендердің тізіміне биыл біздің облыстан 14 аудан (42 ауылдық округ) мен Риддер қаласы кірді. 2014-2015 жылдары өңірімізге Алматы, Шымкент, Қарағанды облыстарынан 60 отбасы көшіп келген болатын. Олардың ішінде еңбекке жарамды 96 адам жұмыспен қамтылды.

Өнімді жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша биыл біздің өңірге 431 азаматты көшіру жоспарланған. Оның ішінде Риддер қаласына – 218 адам, Шемонайха ауданына – 208, Зырян ауданына 5 азамат қоныстанбақ. Көші-қон процессін субсидиялауға 98,8 млн. теңге бөлініпті. 237,8 млн. теңге көшіп келгендер мен оралмандардың (барлығы 1900 адам) баспанаға жұмсалған қаражатын өтеуге қарастырылған. Қызметтік пәтермен қамтамасыз ету үшін биыл Риддер қаласында 120 және Шемонайха ауданында тағы осынша отбасы үшін екі көппәтерлі үй салу көзделіп отыр.
Биылғы сәуір айында Оңтүстік Қазақстан облысында көшетіндердің мәселелері бойынша ұйымдастырылған форумға біздің өңірден жұмысшы тобы қатысып қайтты. Форум аясында облыстар арасында меморандумдарға қол қойылып, 36 отбасы (135 адам) Шығыс Қазақстанға шақырылған. Олардың ішінде білім, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы салаларының білікті мамандары бар.

Мамыр айында осындай форум Алматы, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында өтпек. Бұл жолы да қажетті отбасылар іріктеліп алынады.
Түйін. Кеше ғана бір танысым: «пәтерімде жөндеу жұмыстарын бастаған едім. Пластик терезелердің жақтауын жасауға келген екі маман бір сағаттың ішінде 34 мың теңгені шытырлатып санап алды. Үш терезеге шыбын-шіркей кірмейтін тор жасатып едім, 12 мың теңгені алып тағы біреуі кетті. Сантехникті шақырып едім, жарты сағатта екі кран мен бір құбырды ауыстырғаны үшін 18 мың теңгені қалтасына басты. Ең өкініштісі, солардың ішінде бірде-бір қаракөз болмады ғой! Біздің жастардың қолынан келмей ме? Жоқ әлде, мұндай жұмыстардан арлана ма?» – деп кейіген еді.

Абай атамыз кезінде «есектің артын жусаң да, мал тап» деген өсиет айтып кеткен еді. Ендеше, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған осындай тамаша мүмкіндікті құр жіберіп алмаған дұрыс шығар. Әсіресе, жастар жағы ата-аналарына масыл болмай, сұранысы жоқ табақтай дипломды армандағанша, күнделікті өмірде қажетті тегін кәсіптік-техникалық білімді меңгеріп алса, оңды болар еді.

Облыста 1 қыркүйектен бастап 1730 жасөспірімге партаға отырып, кәсіптік-техникалық орта білім алып шығуға болады. Қазір қалалар мен аудандарда ниет білдірушілердің тізімдерін жасайтын мобильді ақпараттық топтар құрылып, олардың жұмыс істеу кестесі бекітілген. Оқу мекемелері іріктеліп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. 2017 жылы бұл мақсатқа 343,1 миллион теңге бөлінді.

Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button