Жұмыссыздар жұмыс іздеуші тұлға ретінде тіркелуі тиіс
Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында халықты әлеуметтік қорғау саласына ерекше мән беріліп келеді. Соның бір айғағы -Тәуелсіздік алғаннан бері облыстағы жұмыссыздық деңгейі 60 пайызға төмендеген. Мәселен, 1996 жылы жұмыссыздық деңгейі 13 пайызды құраса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 4,8 пайызға дейін төмендеді.
«Жұмыспен қамту туралы» заңға енгізілген өзгерістер мен «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017- 2021 жылдарға арналған бағдарламасын» түсіндіру мақсатында өткен баспасөз мәслихатында Өскемен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мәулихат Құсайынова осылай деді. Жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздарға бағыт-бағдар, кәсіби білім беру, сонымен қатар, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын тиімді жүзеге асырудың арқасында біршама оң нәтижелерге қол жетті. Былтыр жұмыспен қамту қызметіне 7817 адам тіркеліп, оның 6273-і жұмысқа орналасты. Осы кезеңде 5056 жаңа жұмыс орындары ашылған.
Сала басшысының айтуынша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» атты бірінші бағытын жүзеге асыруға 2014-2016 жылдары 400 млн. теңгеден астам қаражат бөлініп, Өскемен қаласы бойынша 203 жұмыс орны ашылған. Оның ішінде 104 орынға жұмыссыздар жұмыспен қамту орталығы арқылы орналасыпты. Бағдарлама жүзеге асырыла бастаған бес жылда шағын несиелеуге 700 млн. теңгеден артық қаржы бөлінген. Бағдарламаға қатысушы 242 адамға несие беріліп, нәтижесінде 150-ден астам жұмыс орны ашылды. Бағдарлама аясында халықтың мақсатты топтарынан 2722 адам жұмысқа орналасып, оқу орындарының 1316 түлегі жастар тәжірибесіне тартылған.
Әлеуметтік төлемдерге тоқталып өткен Мәулихат Жақсылыққызының сөзіне қарағанда, тұрғын үй көмегінің орташа айлық мөлшері 1996 жылмен салыстырғанда 4 есе өсті. Бүгінде мұндай жәрдемақыны 699 отбасы (1208 адам) алып отыр. 2002 жылдан тағайындала бастаған атаулы әлеуметтік көмекті сол жылдары 560 отбасы (1630 адам) алса, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 26 отбасына (88 адам) тағайындалған.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2014 жылдан бастап «Өрлеу» жобасы қолға алынғаны белгілі. Жоба аясында берілетін шартты ақшалай көмек жан басына шаққандағы отбасының табысы күнкөріс деңгейінен 60% төмен болатын отбасыларға беріледі. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары негізінде жасалған бұл жобаның көмегімен облыс орталығындағы 128 отбасы (599 адам) қамтылып, оларға 30,4 млн. теңгенің көмегі көрсетілді. Бұдан былай әлеуметтік көмек төлемдері жаңа үлгіде жүзеге асырылатын болады. Бұл жайында Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында егжей-тегжейлі түсіндірілген. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап көпбалалы отбасыларына берілетін әлеуметтік мемлекеттік жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, балаларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы сияқты жәрдемақының үш түріне өзгерістер енгізіледі.
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістерге тоқталатын болсақ, 2016 жылғы 6 сәуірде қабылданған халықты жұмыспен қамту туралы жаңа заңға сәйкес, жұмыссыздар жұмыссыз мәртебесін алу үшін алдымен «Жұмыс іздеуші тұлға» ретінде тіркеліп, 10 жұмыс күні ішінде әр үш күн сайын жұмыспен қамту орталығына келіп, белсенді түрде жұмыс іздеуі тиіс.
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап заңның «Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту үшін арнайы жұмыс орындарын ұйымдастыру туралы» бабы жүзеге асырыла бастайды. Айта кетейік, 2016 жылы осы санаттағы 452 адам жұмыспен қамтылған. Жұмыс берушілер өздеріне қажетті мамандар туралы мәліметті жұмыспен қамту бөліміне беріп, соның нәтижесінде бос орындар базасы жаңартылып отырмақ.
-Жаңадан қабылданған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017- 2021 жылдарға арналған бағдарламасының» мақсаты – халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту. Бұдан былай еңбек нарығының қажеттілігін есепке ала отырып, кәсіптік білім беру, бүгінгі заман талабына сай қажетті мамандарды дайындау, сұранысқа ие кәсіптер бойынша жұмысшы кадрларды қысқа мерзімді оқыту, ауыл-қалада шағын несие беруді кеңейтіп, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру – басты міндетіміз. Бағдарламада қойылған міндеттер сәтті орындалса, межелі 2021 жылға қарай жұмыссыздық деңгейі бұдан да төмендеп, белсенді жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артатындығы сөзсіз, -дейді Мәулихат Жақсылыққызы.
Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ