Қоғам

Жұмыссыздар санын нақты анықтау қажет

Жұмыссыздар санын нақты анықтау қажет


Өңірдегі жастарды жұмысқа орналастыру, баспанамен қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау көрсету жайы кеше өткен облыс әкімі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысында қаралды.

Кеңес жұмысына төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар өңірдегі жастарға қатысты мәселелердің қорланып қалғандығын, бұл шаруаға жауапты басқармалар мен мекемелер бұл бағыттағы жұмысты тиісті бақылаудан шығарып алғандығын ашық айтты.

Облыс әкімінің орынбасары өткен айда «Юпитер» зерттеу орталығының өкілдерімен мемлекеттік жастар саясатына қатысты жүргізілген әлеуметтік зерттеудің қорытындысына да тоқталды. Өңір жастарының көпшілігі әлеуметтік мәселелерін шешуде жергілікті билік органдарының қолдауын сезініп отырмағандықтарын айтқан. Бұл – сауалнамаға қатысушылардың 46 пайызының жауабы. Әсіресе, Өскемен, Семей, Риддер қалалары жастарының жартысынан астамы, Шемонайха ауданының жастарының 90 пайыздан астамының жауабы осылай болған. Сол себепті де облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қалалар мен аудандарда мемлекеттік жастар саясаты жеткілікті деңгейде жүргізілмей отырғандығын айтып, жауапты адамдардың жұмысын сын тезіне алды.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самал Мырзабаеваның айтуынша, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында аймақтағы жастар жұмыссыздығы 3,8 пайызды құраған. Өткен жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 4,3 пайыз болған екен. Жастар арасындағы жұмыссыздықтың жоғары деңгейі Аягөз, Бородулиха, Катонқарағай, Зайсан, Көкпекті, Күршім, Абай, Ұлан аудандарында байқалған. Бүгінгі күні 1734 жұмыссыз жас есепте тұр. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда едәуір көп.

Баяндамашы келтірген мәліметтерге сүйенсек, облыс жастары мүмкіндігінше мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға қатыстырылуда. Облыста тұрғындарды жұмыспен қамту бойынша әрекет етудің кешенді жоспары жүзеге асып жатса, оған 12 мыңнан аса жас тартылған. Сондай-ақ, жастар «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына да белсенді қатысуда.

Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар былтырмен салыстырғанда жұмыссыз жастар санының артқандығын сынға алып, өңірдегі жұмыссыз жастардың санын анықтауда нақты талдау жүргізілмей жатқандығын, оған тиісті басқармалар бел шеше кіріспей отырғандығын атады. Мәселен, облыстық ішкі саясат басқармасының жүргізген талдауы бойынша тіркелмеген жұмыссыз жастар саны баяндамада айтылған, ресми тіркелген жұмыссыздардан бірнеше есе көптігі анықталған. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы тек аудан, қалалардан келген мәліметтерді жинаумен, министрлікке жіберумен ғана шектелуде.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Инна Валл облыс жастарының баспанамен қамтылу мәселесіне тоқталып, атқарылған шаруаларды баяндады. Қазіргі күнде облыста баспана кезегінде тұрған жастардың саны алты мыңнан асады. Оның айтуынша, баспанамен қамтуды бүгінде негізгі екі үлкен оператор «Нұрлы жол» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламалары жүзеге асырып келеді. Аталған бағдарламалар арқылы баспана алу жастарға тиімді болмақ. Сондай-ақ, ол «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы жастардың баспана алу мүмкіндіктері туралы да ақпарат берді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар анықталған кемшіліктер келесі басқосуға дейін жөнге келтірілуі керектігіне тоқталып, осы бағытта тиісті басқармалар мен жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button