Қоғам

Жұмыссыз жүрген жастар тегін оқытылады

Жұмыссыз жүрген жастар тегін оқытылады


Кеше аймақ басшысы Даниал Ахметовтің төрағалығымен облыс әкімдігінің кеңейтілген аппарат кеңесі болып өтті. Жиында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, халықаралық қаржы институттарымен бірлесе қолға алынған инвестициялық жобалардың орындалуы және азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын қалыптастыру барысы талқыға салынды.

Қылмыс саны екі-үш есеге артқан өңірлер бар

Облыстық білім басқармасының басшысы Нұргелді Әбжапаровтың айтуынша, осы жылдың 8 айында 198 кәмелетке толмаған жастың қатысуымен 214 қылмыс тіркелген. Олардың 70-і – мектеп оқушысы, 52-сі колледж студенті, 73-еуі жұмыссыз, 3-і ЖОО студенті болып шыққан. Өткен жылмен салыстырғанда құқықбұзушылық жасаған жастардың саны 12 пайызға кеміпті. Десек те, жағдай алаңдушылық туғызып отыр. Кәмелетке толмаған жасөспірімдермен жасалған қылмыстардың саны Өскеменде 30 пайызға, Шемонайха ауданында 12,5 пайызға артса, Риддер қаласында, Катонқарағай, Бородулиха және Абай аудандарында 2-3 есеге көбейген.

– Басқарма құқық қорғау органдарымен және өзге де мүдделі ведомстволармен тығыз қарым-қатынаста кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың, қараусыздық пен панасыздықтың алдын алу бағытында кешенді шараларды қолға алып отыр. Айталық, облыстағы 746 берекесіз отбасында 792 бала өсіп келеді. Міне, осы балалар қатаң бақылауға алынған. Мұндай жанұялар саны артуда. Ата-ана құқығынан айырылғандар саны да былтырға қарағанда 4,3 пайызға өскен, – деді жағдайды түсіндірген басқарма басшысы.

Осы жазда оқушылардың 97 пайызы демалыспен және еңбекпен қамтылған. Ал жетім балалар мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімнің есебінде тұрған балалар толық демалып шығыпты. Аталмыш есепте тұрған 648 жасөспірімнің 82 пайызы түрлі үйірмелерге тартылған. Осы жерде атап өтерлігі, биыл Шығыс Қазақстаннан 29453 бала Астанадағы «ЭКСПО» көрмесіне қатысқан. Еліміз бойынша мұндай көп бала тек біздің облыстан ғана барыпты. «Мектепке жол» акциясы аясында тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 8592 балаға бюджеттік және бюджеттік емес қаржы көздерінен 43 миллион теңгенің көмегі көрсетілген. Бұл іс-шара осы айдың соңына дейін жалғаспақ.

Қылмыстардың алдын алу бағытында облыстағы 212 мектеп инспекторы мен полицияға көмек көрсету жасақтары жүйелі жұмыс істеп келеді.
–Жасөспірімдер арасындағы қылмыстар санын қысқартуға баса күш салған жөн. Мен осы ретте жұмыссыз жүрген жастарды толық бақылауға алуды тапсырамын. Олардың тізімін жасап, барлығын кәсіби-техникалық бағытта тегін оқытуымыз қажет. Өскелең ұрпақты тәрбиелеудің басты құралдары – еңбек пен спорт. Өкінішке қарай, мектептердегі спорттық жарыстар жүйелі түрде өткізілмейді, қаншама хоккей, футбол алаңдары бос жатады.Осы тұста мен спорт басқармасының басшылығына қатаң ескерту жасаймын. Тағы да ескертіп айтамын, жастарды еңбекпен, спортпен тәрбиелеуден артық ештеңе жоқ, – де бұл орайда облыс әкімі.

Қос қаланың аулалары абаттандырылады

Облыс Еуропалық даму және қайта құру банкімен жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Қазірдің өзінде 40,5 миллиард теңгенің 9 жобасы қолға алынған.

– Олардың бәрі кестеге сай іске асырылуда. Осы жобалар аясында Семейдің жылу жүйесін, Өскеменнің сумен қамту жүйесі мен Октябрь су тоғанын жөндеу, екі қаланы жарықтандыру, қоғамдық көліктерін жаңарту, Өскемен әуежайын қайта жаңғырту сынды ауқымды жұмыстар жүргізіледі, –деді облыстықэкономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмасхан Сматлаев.

Облыс әкімі Еуропалық банкпен жасалған келісімдер, олар бойынша атқарылатын жұмыстардың бәрі де қалың жұртшылық үшін ашық әрі жариялы жағдайда жүргізілуі тиіс екенін қатаң ескертті.

Жуырда Өскемен мен Семей қалалары үшін «Менің үйім» бағдарламасы әзірленеді. Осы бағдарлама аясында қос шаһардың барша аулалары 3 жылдың көлемінде толық абаттандырылып шығуы тиіс. Бұл мақсатқа 2,6 миллиард теңге жұмсау көзделуде. Өскемендегі бір аулада қазір осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр, ол 15 қазанда аяқталады. Көшелерді жарықтандыру бағдарламасы бойынша облыс орталығында қосымша 17 мың жарық әрі қуат үнемдегіш шам пайда болады.Олар аулаларды әрлендіріп, қауіпсіздікті арттырады. Тұрғындарға жайлы жағдай туғызады. Жаңадан салынып жатқан шағын аудандарда көгалдандыру, ағаш отырғызу ісіне баса мән берілмек, көшеттерді егу ісіне тұрғындарды да тарту жоспарланып отыр.

–Аталмыш қаржы институтымен жасалған келісімдер арқасында біз бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешеміз. Алда тағы да жобалар бар. Олар Б тізіміне енгізілуі тиіс. Енді барлық аудан-қала әкімдері келесі кезектегі жобаларды қолға алуы керек, – деді атқарылған жұмыстарға оң баға берген аймақ басшысы.

Жұмыссыз жүрген жастар тегін оқытылады

Тұрақтандыру қорының нүктелері көбейеді

«Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасының міндетін атқарушы Антон Крамаренко азық-түлік тауарлары тұрақтандыру қорының құрылу барысына тоқталды. Осы жылы Өскемен қаласы үшін 3300 тонна, Семей қаласы үшін 4200 тонна көкөніс сатып алу көзделуде. Көкөніс ақысының 50 пайызы сәуір айында төленіп қойған. Азық-түліктің қоймаға жеткізілуі 30 қазанда аяқталып, қабылданады.

Қыс түсе тауарлар қос қаладағы сауда орындарында төмен бағалармен сатыла бастайды. Биыл корпорация басшылығы жаңа сауда дүңгіршектері мен нүктелерін ашуды көздеп отыр. Ол жерде тұрақтандыру қорының баннерлері ілініп тұрады. Әзірше Өскеменде 59, Семейде 62 сауда нүктесі болмақ.

–Азық-түлік қорын қалыптастыру ісі де ашық болуы тиіс. Арнайы журналистер пулын жасақтап, осы істің барысын көрсетіңіздер. Көкөністер қайдан сатылып алынады, қайда сақталады, осының бәрі көпшілік үшін анық болуы тиіс. Біз азық-түлікті шеттен емес, өз облысымыздан алып жатырмыз, – деді облыс әкімі.

Кеңес барысында, сондай-ақ, Өскеменнің 19-шы шағын ауданына саябақ салу, Алакөл жағасын абаттандыру, Осинов асуы жолын қалпына келтіру, Өскеменде 200 орындық аурухана құрылысын жүргізу, мектептерді жөндеу сияқты облыс әкімі тарапынан берілген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button