Қоғам

Жұмысшы жастар кәсіби шеберліктерін шыңдайды

Жұмысшы жастар кәсіби шеберліктерін шыңдайды


Өскеменде жұмысшы мамандықтары бойынша жастар арасындағы WorldSkills Shygys – 2019 аймақтық кәсіби шеберлік чемпионаты салтанатты түрде ашылды. «Ертіс концерт» орталық мәдениет үйінде өткен маңызды шараға облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қатысты. Облыста осымен төртінші мәрте өткізілетін өңірлік чемпионатқа колледж және жоғары оқу орындарының студенттерімен қатар, 18-22 жас аралығындағы жұмыс істейтін жастар қатысады.

Салтанатты іс-шара барысында Әсем Нүсіпова аймақ басшысы Даниал Ахметовтің чемпионат қатысушыларына арналған құттықтау хатын оқып берді.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және Жастар жылы аясында ұйымдастырылған кәсіби шеберлік чемпионатының ашылуымен құттықтаймын! Үлкен маңызға ие бұл іс-шара еліміздің ертеңі – жас мамандарымыздың теориялық білімімен қатар тәжірибелік дағдыларын көрсетуге жақсы мүмкіндік. Байқау WorldSkills халықаралық стандарттары бойынша жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру және танымал ету мақсатын көздейді. Қатысушылар саны жылдан жылға артып келеді. 43 мамандық бойынша өтетін биылғы чемпионатқа аймақ колледждері мен жоғары оқу орындарының 270-тен астам студенттері мен түлектері қатысады. Былтырғы республикалық байқауда облыс командасы сегіз алтын, бір күміс медальді олжалап, жүлделі бірінші орынды иеленіп, білімді де білікті, бәсекеге қабілетті жастар екендігін дәлелдеген еді. Биыл да сәттілік серік болсын. Кәсіби шеберліктің биік шыңдарына асқақтай беріңіздер,-деді Әсем Нүсіпова.

Байқау сынақтары негізінен «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», «Азаматтық көлік қызметі», «Өндірістік және инженерлік технологиялар», «Құрылыс және құрылыс технологиялары», «Қызмет көрсету саласы», «Медицина», «Білім беру», «Ауыл шаруашылығы», «Шығармашылық және дизайн» салаларына бағытталған.

Осы чемпионатқа қатысты облыс әкімнің орынбасары Әсем Нүсіпованың қатысуымен брифинг ұйымдастырылған болатын. Өңіріміздегі кәсіптік және техникалық білім беру жүйесінің жұмысы мен жетістіктері, чемпионатты өткізу барысы сөз болған жиында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Қажымхан Оспанғалиев айтып өткендей, WorldSkills жобасы елімізде техникалық және кәсіптік білім беруді насихаттауға бағытталған. Оның басты мәселесі – бізде теория көп, тәжірибе өте аз. Тәлімгерлік деген түсінік жоғалды. Ал шетелде әрбір студенттің өндірісте тәлімгері бар, ол өз тәжірибесі мен білімін студентке береді. Ірі компанияларға қазір инженерлер емес, жұмыс қолдары қажет. Ал WorldSkills арқылы өткен жастар кез келген елде жұмыс таба алады.

Қазіргі уақытта экономика талаптарына сәйкес үнемі жаңартылып отыратын WorldSkills стандарттарын енгізу үдерісі жүріп жатыр. Ол жұмыс берушілердің сұранысы бойынша қосымша кәсіптерді енгізуге мүмкіндік береді.

Әлем чемпионатына дайындық қалай?

Соңғы чемпионатта студенттеріміз облысқа сегіз алтын медаль әкелді. Атап айтсақ, «Электроника» мамандығы бойынша Өскемен политехникалық колледжінің студенті Павел Фетисов, «Мейрамханалық сервис» – бизнес және сервис колледжінің студенті Ануар Сарбасов, «CAD инженерлік графика» – радиотехника және байланыс колледжінің студенті Денис Зорин, «Мехатроника» – электротехникалық колледждің» студенттері Александр Бетцольд, Исажан Раисов, «Электромонтаж» – «Өскемен политехникалық колледжінің» студенті Денис Шарыпов, «Кірпіш қалау» – құрылыс колледжінің студенті Арал Дінмұханбет, «Аспаздық іс» -Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінің студенті Саят Тоқтарқанов, «Шаштараз өнері» – бизнес және сервис колледжінің студенті Людмила Упорова.

Қазан қаласында биылғы тамыз айында әлемдік чемпионат өткізу жоспарланып отыр. Аталған барлық жеңімпаз балалар республикалық команда құрамында әлемдік чемпионатқа қатысып, ел намысын қорғайтын болады.

Еліміздің әлеуетін әлемдік байқауда көрсету абырой ғана емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. Сондықтан әлем чемпионатына қатысу үшін кешенді жұмыс жүргізілуде. Мәселен, кәсіпорын мамандарын тарта отырып, өңірдің және республиканың жетекші кәсіпорындарының базасында тағылымдамадан өтеді, ынтымақтастық меморандумы аясында Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Беларус елдерінен халықаралық сарапшылар тартылады. Өндірістік оқыту шеберлері мен студенттер, сарапшылар WorldSkills стандарты бойынша жабдықталған шетелдік өңіраралық құзыреттілік орталықтарына біліктілігін арттыруға жіберіледі.

Сондай-ақ «WorldSkills Shygys-2019» IV аймақтық чемпионатына Германияның жетекші компанияларының өкілдері – «Төменгі Саксония неміс менеджмент Академиясы», Дурхгаузен қаласындағы «Schaab» компаниясының өкілдері және Германияның Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі бургомистр кеңесшісі Мұрат Даутов әлемдік чемпионатқа дайындық жұмыстарын сапалы ұйымдастыру үшін шақырылды.

Шет елдердегі мамандықтар орталығы өздерінің озық жабдықтарымен танымал. Ал облыс колледждерін WorldSkills стандарты бойынша жабдықтау мүмкіндігінше іске асырылып жатыр.

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша 2019-2021 жылдарға арналған техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту үшін арнайы бағдарлама әзірленіп, онда колледждердің материалдық-техникалық базасын WorldSkills стандарттарына сәйкес заманауи техникамен және жабдықтармен нығайту көзделген. Бүгінде Семей қаласының электротехникалық колледжінің базасында құзыреттілік орталығы ашылды және «Индустрия 4.0» жобасын, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында былтыр Өскемен политехникалық колледжі мен Семей қаласының электротехникалық колледжі базасында халықты ақпараттық технологиялар мен компьютерлік сауаттылыққа оқытуға бағытталған IT-орталықтар ашылды. Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту бағдарламасы шеңберінде облыс колледждері базасында тағы да тоғыз құзыреттілік орталығын ашу жоспарланып отыр.

Колледждер оңтайландырылуы мүмкін

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту үшін әзірленген бағдарлама шеңберінде 2020 жылдан бастап «Мектеп – интернат-колледж» құрама білім беру ұйымдарын енгізу жоспарланып отыр. Онда оқыту бастауыш, негізгі, жалпы орта және техникалық – кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша жүргізілетін болады. Аталған ұйымдар Абай, Бородулиха, Зайсан және Күршім аудандарында енгізіледі.

Ағымдағы жылы Өскемен, Семей қалаларында колледждер желісін оңтайландыру жоспарлануда. Алдағы уақытта ауылдық жерлерде орналасқан бірнеше колледждерді біріктіру жоспарланып отыр. Мәселен, Алтай, Серебрянка қаласындағы колледждерді біріктіру оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, көрсетілетін білім беру қызметтерінің сапасын арттыруға, сондай-ақ бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Мүмкіндігі шектеулі балалар чемпионатқа қатыса ма?

Өңірлік WorldSkills Shygys – 2019 чемпионаты аясында мүмкіндігі шектеулі жастар арасында «Abilympics Shygys – 2019» бірінші аймақтық кәсіби шеберлік чемпионаты үш мамандық бойынша өтеді. Олар – «Шаштараз ісі», «Ақпараттық технологиялар» және «Сән технологиясы».

Бүгінгі таңда Abilympics-мүмкіндігі шектеулі жастарды ынталандыру, әлеуметтендіру және жұмысқа орналастыру мақсатындағы ең тиімді жобалардың бірі.

«Ерекше» балалар облыс колледждерінде табысты білім алуда. Осы санаттағы балалар үшін базалық колледждер – инклюзивті білім беруді дұрыс жолға қоя білген Өскемен қызмет көрсету саласы колледжі, Өскемен көпсалалы колледжі, Шығыс Қазақстан технологиялық колледжі және Глубокое техникалық колледжі. Ағымдағы оқу жылында осы төрт оқу орнында «Тамақтандыруды ұйымдастыру» (аспаз), «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Жиһаз өндірісі», «Туризм», «Шаштараз өнері және сәндік косметика», «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» сияқты жеті мамандық бойынша ерекше білім беруді қажет ететін 215 студент білім алады. Облыс бойынша 51 колледжде мүмкіндігі шектеулі 423 студент елуден астам мамандық бойынша арнаулы білім алуда.

Бас демеуші – «Казцинк» ЖШС

Байқаудың салтанатты ашылу рәсімінде былтырғы жеңімпаздар WorldSkills халықаралық қозғалысының жалауын сахнаға алып шыққан соң, өңіріміздегі барлығы 56 колледж бен бір кәсіпорыннан келген қатысушылар мерекелік сапқа тұрды.

«Казцинк» ЖШС коммуникация басқармасының басшысы Берікбек Кзыкеев құттықтау сөз сөйледі. Кәсіпорынның әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазаревтің айтуынша, өңіріміздегі өндіріс орындарына білікті мамандар қажет. Сондықтан еңбек нарығына қажетті жас мамандарды дайындауға бағытталған білім саласындағы осынау шараға тұрақты атсалысып, демеушілік көрсетіп келеді.

Сарапшылар атынан сөйлеген «Казцинк-Ремсервис» ЖШС бас энергетигінің орынбасары Али Мударов қатысушыларға сәттілік тілеп, жас мамандардың еңбектерін әділ бағалауға ант берді.

«Казцинк» ЖШС атынан бұл чемпионатта кәсіпорын жұмысшысы Владимир Безродиев «Сандық бағдарламамен басқарылатын станоктардағы токарлық жұмыстар» құзіреттігі бойынша бақ сынамақ.

Жұмысшы мамандықтарды насихаттау мақсатында чемпионат аясында үлкен кәсіби бағдар жұмысы жүргізіледі. Болашақ мамандықпен танысу, таңдау және анықтау мүмкіндігіне ие болу үшін алаңдарға облыс мектептерінің оқушылары шақырылады. Былтыр бұл шараға үш мыңнан астам оқушы қатысса, биыл төрт мыңға жуық оқушы келеді деп жоспарланып отыр.

Облыс колледждеріне оқуға түсуге ниет білдірушілер саны артып келеді. Жыл сайын облыс мектептерін бітіруші түлектердің 40 пайыздан астамы колледжде оқуды таңдайды.

Чемпионаттағы мамандықтар санының артуына орай қатысушылар саны да ұлғаюда. 2016 жылы аймақтық чемпионат алты құзыреттілік бойынша өткізіліп, 45 студент қатысса, 2017 жылы 11 құзыреттілік бойынша 81 студент қатысты. Ал былтыр 31 құзыреттілік бойынша 170 – тен астам студент қатысты. Биылғы жылы аймақтық чемпионат 270-тен астам қатысушылар санын қамти отырып, 43 құзыреттілік бойынша өтеді.

-Мамандықтар санының жыл сайын артуы халықаралық стандарттарға сәйкестік қажеттілігімен байланысты және нәтижесінде әлемдік деңгейдегі чемпионатқа қатысуға мүмкіндік алды. Чемпионатты дайындауға және өткізуге көрсеткен көмектері үшін өңірдің жетекші кәсіпорындарының басшылыларына алғыс айтқым келеді. Олар байқауға қажетті құралдарды, шығын материалдарын алуға, алаңдарды жабдықтап, жеңімпаздарға құнды сыйлықтар беругедемеушілік көмектерін көрсетті. Үш жыл бойы кәсіпорындар байқау алаңдарын ұйымдастыру үшін арнайы орын берді. Чемпионаттың тұрақты демеушілері – «Казцинк», «Промтехмонтаж», «Кэмонт», «СемАз», «ВК ТехноГрупп» және тағы басқа кәсіпорындар. Сонымен қатар, алматылық «FESTO», «Welding Company», «Dosti» компаниялары да үлкен көмек көрсетеді,-дейді облыстағы кәсіптік білім беру орталығы директорының міндетін атқарушы Ләззат Кездікбаева.

Биыл өңірлік чемпионатты өткізу үшін сегіз алаң дайындалды, оның жетеуі оқу орындарының базасында және біреуі ОблШығысЖол кәсіпорнында орналасқан.

Қатысушылардың жұмысын әділ бағалау үшін сарапшылар тағайындалды.

Чемпионатты өткізу үшін халықаралық стандарттарға сәйкес өңір кәсіпорындарындағы жетекші мамандардың қатысуымен алдын ала конкурстық тапсырмалар әзірленген.

Кәсіби шеберлік байқауын өткізу кезінде сарапшылардың қатысушыларды бақылап, дарынды, икемді балаларды кәсіпорынға жұмысқа шақыруға жақсы мүмкіндіктері бар.

Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова атап өткендей, облыс құрамасы үш жыл қатарынан WorldSkills Ұлттық чемпионатына қатысып, 2016 жылы 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль, 2017 жылы 1 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль иеленсе, былтыр 24 мамандық бойынша 8 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль жеңіп алып, жалпы командалық жүлделі бірінші орынға ие болды.

Биылғы өңірлік чемпионаттың жеңімпаздары қатарынан ұлттық чемпионатқа қатысу үшін облыс командасы құрылады. Чемпионатқа қатысушыларға «Азия Авто», «Бипэк Авто», «Kaz Minerals», «Үлбі металлургиялық зауыты», «1С-Рейтинг», «КЭМОНТ» сияқты облыстағы ірі кәсіпорындардың жетекші мамандарынан құрылған кәсіби қазылар алқасы баға береді.

Аймақтық чемпионат жеңімпаздарын марапаттайтын бас демеушілердің бірі – «Казцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 21 құзіреттілік бойынша үздік атанған әрбір жеңімпазға 70 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы тағайындап отыр. Ал қалған 22 жеңімпаз мамандықтарына байланысты басқа демеушілерден бағалы сыйлықтар алады. Чемпионат жеңімпаздары Нұр-Сұлтан қаласында өтетін WorldSkills Kazakhstan – 2019 V Ұлттық чемпионатына қатысуға жолдама алады.

Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button