Жұмысшы мамандықтарына сұраныс артады

Мектеп бітіруші түлектердің көбісі жұмысшы мамандықтарын аса ұнатпағанымен, аспаз бен сантехниктің тапқан табысы мемлекеттік қызметте істейтін жандардың еңбекақысынан әлдеқайда жоғары.
Осыдан он жыл бұрын қаржыгер, заңгер сияқты мамандық иелері тапшы болатын. Алайда, қазір дәнекерлеуші, шаштараз, аспаз, агроном, мал дәрігері, механик, тау-кен жұмысшысы сияқты мамандықтарға сұраныс артқан. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мамандарының айтуынша, алдағы уақытта «Қолжетімді баспана-2020», «Ақбұлақ», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламалары аясында тағы да бірқатар қосымша жұмыс орны ашылуы мүмкін.
Керек дерек: 2018 жылға дейін біздің өңірімізде ашылатын жұмыс орындарына арналған болжам:
Өскемен – 8054
Семей – 5486
Курчатов – 2486
Риддер – 2309
Зырян ауданы – 4018
Зайсан ауданы – 4490
Абай ауданы – 877
Көкпекті ауданы – 2078
Күршім ауданы – 3463
Катонқарағай ауданы – 5242
Бесқарағай ауданы – 685
Бородулиха ауданы – 4218
Жарма ауданы – 4505
Глубокое ауданы – 1513
Аягөз ауданы – 2521
Он жылға жуық бала тәрбиесімен үйде отырған Аяулым Мажикенова 65 мың теңге төлеп, мерекелік шараларды безендіруші мамандығының бір айлық курсын оқыған. Қазір ол Өскеменде өтетін той-томалақтар мен бүлдіршіндерге арналған мерекелік кештерді көркемдеумен айналысады. Бір тойды безендіруден кемінде 26 мың теңге табатын Аяулымның өз жұмысына көңілі толады.
– Қыс пен күз мезгілдеріне қарағанда, жаз бен көктемде табыс көзі мол. Той иесінің талғамы мен талабына байланысты безендіру жұмыстарының бағасы да әртүрлі. Мысалы, орташа бағасы 32 мың теңгеден басталады, – дейді Аяулым Мажикенова.
Осыдан үш жыл бұрын жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітірген Толқын есімді бойжеткен қазір қаладағы сауда дүкендерінің бірінде сатушы болып жұмыс істейді.
– Мұғалім мамандығына ата-анамның қалауы бойынша оқуға түстім. Бірақ оқуымды бітірген соң, мұғалім болғым келмеді. Меніңше, мамандық таңдағанда жүректің қалауына жүгінген дұрыс, – дейді Толқын.
Өткен жылы облыстық білім басқармасының басшылығы техникалық және кәсіптік білім мамандарын даярлау бойынша жыл сайынғы мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру шеңберінде 2016-2019 жылдары жоғары сұранысқа ие болатын мамандықтар тізімін анықтаған. Нәтижесінде, біздің өңірімізде ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, көлік және энергетика, құрылыс, өндіріс салаларына қажетті жұмысшы кадрларға деген сұраныс артатыны белгілі болған.
– Тас қалаушы, слесарь-сантехник, техникалық бағдарламашы, мал дәрігері, кондитер сияқты жұмысшы мамандықтарының еңбекақысы жоғары. Біз Елбасының «Жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын іске асыру аясында жұмысшы мамандығын меңгеруге ниет білдірген ынталы жастарды оқытуды қолға алдық. Қазір облысымыздағы кәсіптік және техникалық білім беретін мекемелердің қызметкерлері жастармен жүйелі кәсіптік бағдарлау жұмыстарын жүргізуде, – дейді облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Қажымұқан Оспанғалиев.
Ажар САҒАТБЕКОВА