Қоғам

Жұмысшы күшін жұмылдыруға тапсырма берілді

Жұмысшы күшін жұмылдыруға тапсырма берілді

Өскеменде салына бастаған толық циклді автокөлік зауытының құрылыс алаңын аралап, жиын өткізген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ орындалған жұмыстар нәтижесіне көңілі толмайтынын жеткізді. Егер мердігер компаниялар өздеріне тиесілі міндеттерін дұрыс атқара, алмаса олармен жасалған келісімшарт бұзылатынын қатаң ескертті аймақ басшысы.
Естеріңізде болса, осыдан екі аптадай уақыт бұрын өңір басшысы жаңа зауыттың инженерлік инфрақұрылымын жүргізіп, жолын салушы мердігер ұйымдардың және тиісті мемлекеттік органдардың басшыларымен кездесіп, сол жиында құрылыс жұмыстарын жүргізудің нақты кестесін жасауды қадап тұрып тапсырған. Және ол кестеде құрылысқа қажетті техникалар мен қондырғылардың, жұмыс күшінің саны түп-түгел көрсетіліп тұруы қажеттігін айтқан.
Отандық автоөндірісті мемлекеттік қолдаудың арқасында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша айтулы кәсіпорынның инженерлік инфрақұрылымына, оның ішінде, электр қуатының желісін тартуға, жылу және сумен қамту жүйелерін жүргізуге, кәріз құбырын орналастыруға, жолдарды салуға 4,1 млрд. теңге мөлшерінде қаражат қарастырылған-ды. Аталған шаруалардың аяқталу мерзімі келер жылдың екінші жартыжылдығына межеленген. Алайда, мердігерлердің бүгінгі шабан қимылына қарасақ, жобаның кестеден кешігетін түрі бар. Сол себепті аймақ басшысы компанияларға талапты күшейтті. Ал облыстық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы басқармасының басшысы Мәди Отарбаевқа автозауыттың құрылыс басына күнде келіп, орындалған тапсырмаларды көзбен көріп, ұдайы баяндап отыруды тапсырды.
Жиын барысында мердігер ұйымдардың өкілдері істелген жұмыстар туралы облыс басшысының алдында есеп берді. Жылумен, сумен қамтамасыз ету жүйелерін жүргізуші «Алматы Құрылыс» ЖШС-нің учаске басшысының айтуынша, құрылыста 27 адам еңбек етіп жүрсе, он техника жұмылдырылған. Сол сияқты жылумен қамтуға қажетті 6600 метр құбырдың 1 мың метрі сатып алынған. Су құбырын орналастыратын шұңқырлар 80 пайызға дайын. Келесі айдан бастап жүйелерді монтаждау басталмақ.
– 27 адам тым аз. Егер жұмысшы күші мен техникалар жеткілікті болмаса, тапсырманы уақытында орындай алмайсыздар. Естеріңізге саламын, компанияның («Алматы Құрылыс») жұмысына қанағаттанбадым. Бұлай жалғаса беретін болса жасалған келісімшартты бұзу жөнінде мәселені көлденең қоямыз. Сіздерсіз де зауытты саламыз, – деген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қалған екі мердігер компания өкілдерінің есептерін тыңдап, тапсырмалар берді.
Электр желілерін тартатын «Казэлектромонтаж» АҚ-ның өкілі бөлінген қаражаттың мақсатты әрі кестеге сай игеріліп жатқанынан хабардар етті. Бүгінде бұл фирма өндірушілермен екі трансформатор сатып алуға келіссөз жүргізіп жатқан көрінеді.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button