Қоғам

Жұмысшы кадрларын даярлауға басымдық беріледі

Жұмысшы кадрларын даярлауға басымдық беріледі


Соңғы жылдары мемлекет тарапынан жұмысшы кадрларын даярлауға үлкен мән берілуде. Осы орайда Елбасы тапсырмасымен қол алынған «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» жобасын іске асыру аясында облыстық білім басқармасы жергілікті бюджеттен қаржыландыратын мемлекеттік білім беру орындарына 4666 орын бөліп отыр. Оның 3306-сы жұмысшы біліктілігін арттыру бойынша бөлінсе, ал 1195-сі ауыл колледждері үшін қарастырылған.
Қазіргі таңда облыстық білім басқармасы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасымен бірлесіп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020» бағдарламасы аясында 10 ресурстық орталықтың базасында нарыққа қажетті жұмысшы мамандықтары бойынша курстық дайындықтар өткізуде. Биылғы мамыр айынан бастап 236 адам қысқа мерзімді курстардан өтіпті. 14 жұмысшы мамандығы бойынша барлығы 28 топ оқыған.

Сонымен қатар, жалпы білім беретін мектептер мен кәсіби білім беретін мекемелердің оқу бағдарламаларын интеграциялау есебінен жұмысшы кадрлар мен мамандарды дайындаудың сапасын үздіксіз кәсіби білім беру бағдарламалары арқылы көтеру мақсатында облыстық білім басқармасы «Мектеп-Интернат-Колледж» жобасын жүзеге асыра бастады.

«Мектеп–Интернат-Колледж» тәжірибесін іске асырудағы негізгі идея – жалпы білім мен орта кәсіби білімді қолдау интеграциясы есебінен үздіксіз кәсіби білім негізінде бірыңғай білім кеңістігін ұйымдастыру болып табылады. Білім және ғылым министрлігі облыстық білім басқармасының облысқа тәжірибе алаңы мәртебесін беру туралы ұсынысын қолдады. Енді аталған жоба облыстағы үш колледждің базасында, яғни Өскемен политехникалық колледжінде» («Иілгіш автоматты жолақтар», «Өнеркәсіптегі электромеханикалық құрылғылар» мамандықтары бойынша), гуманитарлық-техникалық колледжінде («Іс қағаздарын жүргізу және мұрағат», «Автомобиль жолдарына техникалық қызмет ету, жөндеу және пайдалану» мамандықтары бойынша) және Күршім колледжінде («Есеп және аудит», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша) іске асырыла бастамақ.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button