Қоғам

Жұмыс уақтылы әрі сапалы атқарылды

Жұмыс уақтылы әрі сапалы атқарылды


«Самал» саябағы алдағы Балаларды қорғау күніне қарсы ашылады. Өскеменде салынып жатқан спорттық-табиғи-экологиялық саябаққа барған облыс әкімі Даниал Ахметов осылай деді.

Естеріңізге салайық, жаңа саябақ Октябрь аралында бой көтеруде. Оның құрылысына, шамамен, 680 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражат саябақ аумағында заманауи жағажай, түрлі спорттық нысандар, жүгіру жолақтары, велосипед жолы, роллердром, скейтпарк, балалар алаңқайлары мен фудкорттар (тамақтанатын орындар), полиция мен медициналық пункт сияқты нысандар салуға бағытталуда. Мұнда тіптен қайықпен серуендеуді, байдарка, каноэмен ескек есуді ұнататын адамдарға арналған су арнасы да болады. Бүгінде саябақтың сыртына кем дегенде 200 автомобиль сыятын көлік тұрағын да салған.

– Бұл жер өскемендіктер мен қала қонақтарының сүйікті орындарының біріне айналады. Рас, былтыр осы жұмысты бастағалы жатқанда, бұл әрекетімізге күмәнмен қарағандар көп болған. Өйткені бұл жер көп жыл бойы қараусыз, иен жатқан. Дегенмен біз бір-ақ жылдың ішінде оны адам танымастай етіп өзгерттік. Жалпы, бұл саябақты қаладағы басқа парктерден табиғаты ерекшелеп тұратын болады. Ең бастысы, қала тұрғындары үшін саябақтың есігі жыл он екі ай ашық болмақ, – деген аймақ басшысы демалыс орны аумағында атқарылған жұмыстарды оң бағалап, нысан қолданысқа уақтылы берілуі керек екенін айтты.

Ол сонымен қатар саябақ аумағына көлікпен кіруге тыйым салынатынын ескертті. Сол сияқты итпен кірем деушілерге де талап қатты болмақ.
Облыс əкімі бұл күні Өскемендегі Бейбітшілік көшесінде салынып жатқан Арбатқа да барып, мұндағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Айта кетейік, жоспар бойынша облыс орталығындағы тұңғыш Арбаттың бірінші бөлігі (Сағадат Нұрмағамбетов жəне Максим Горький көшелерінің аралығы) маусым айының соңына дейін салынып бітуі керек.

Құрылыс қарқынымен танысқан аймақ басшысы оған оң бағасын бере келе, мұндағы тұрғындар мен сауда нүктелері иелерінің тілектері де ескерілуі тиіс екенін айтты. Айта кетейік, Арбатта облыс əкімі жергілікті халықпен де кездесті.

– Əрине, тұрғындар мен кəсіпкерлер тарапынан біраз түсінбестік туындауы мүмкін. Мəселен, кəсіпкерлер өз бизнесі үшін алаңдайды, дегенмен мен алаңдауға еш негіз жоқ екенін айтқым келеді. Бірнеше айдан кейін бұған өздеріңіз де көз жеткізесіздер. Жақын аралықта бұл жер жаңа келбетке ие болады. Мұнда гүлзарлар мен келушілер демалатын орындықтар қойылып, балалар алаңқайы мен субұрқақ салынады, – деген аймақ басшысы Арбат бойындағы үйлердің қасбеті де жөнделетінін хабарлады.

Облыс əкімі сонымен қатар Арбатқа автокөліктердің де еш қиындықсыз кіріп-шығуына жағдай жасау керек екенін айтты. Айта кетейік, болашақ Арбат бойында бүгінде 70-ке жуық түрлі мекеме мен сауда орындары орналасуда.

Қаланы аралау барысында облыс әкімі жол жөндеу мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Аймақ басшысы шаһардағы Əуезов, Шəкəрім, Сəтпаев даңғылдарын, сонымен қатар Потанин көшесін кеңейту жұмыстары уақытынан кешіктірілмей аяқталуы керектігін ескертті.

Айта кетейік, сəуір айында облыс орталығының ондаған көшесі мен даңғылын жөндеу жəне кеңейту жұмыстары басталған болатын. Жоспар бойынша бұл жұмыстар биылдан қалмай аяқталуы тиіс. Мұны облыс əкімі де атап өтті.

– Жұмысқа қолда бар күштің бəрін жұмылдырыңыздар. Қажет болса, түнде де жұмыс істеңіздер. Жыл соңына дейін жолдар пайдалануға берілуі тиіс, – деген аймақ басшысы өзі де арагідік келіп, жолдың сапасын тексеріп тұратынын жеткізді.

Айта кетейік, қаладағы Сəтпаев даңғылын кеңейту жұмыстары биылғы қыркүйек айында аяқталады деп жоспарлануда. Соның нəтижесінде қаланың орталығы мен Жібек маталар комбинаты ауданы арасындағы көлік қатынасы анағұрлым жеңілдей түспек. Аймақ басшысының сөзінше, болашақта дəл осы Сəтпаев даңғылы еліміздегі ең ірі даңғылдардың біріне айналады. Мұнда көліктерге арналған сегіз жолақ пайда болады.

– Қаладағы бірқатар көшені кеңейту арқылы біз көлік кептелісі деген проблеманың жүгін жеңілдетеміз. Көшелеріміз кең әрі жарық болады. Бұл – әлемдік тәжірибе. Сонымен қатар жолдардағы қауіпсіздік шараларын күшейтеміз. Осы орайда алдағы уақытта облыс орталығында төрт мың жаңа бейнекамера орнатылатынын ерекше атап өткім келеді. Олар жолдардағы, сонымен қатар аулалардағы қауіпсіздікті қадағалайтын болады. Жалпы, мұндай камералар Нұр-Сұлтан қаласында да орнатылып, соның нәтижесінде елордадағы құқықбұзушылық саны бірнеше есеге кеміген. Біз де сол жолмен жүреміз, – деді Өскеменнің бірнеше көшесіндегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысқан облыс әкімі.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button