Қоғам

Жұмыс берушілермен жүздесті

Жұмыс берушілермен жүздесті

Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде дәстүрлі мамандар жәрмеңкесі өтті. Оған шаһардағы ірі кәсіпорындардың 100-ден астам жұмыс берушілері қатысты.
Жәрмеңкені ашқан аталмыш университеттің оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректорының міндетін атқарушы, экономика ғылымдарының кандидаты Николай Линок бұл шараның тиімділігін түлектер ғана емес, жұмыс беруші кәсіпорындар да әлдеқашан бағалағанын айтты.
– «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 77-інші қадамын бүгінгі күн тәрті¬біне шығарып отырмыз. Өйткені, 77-інші қадамда экономиканың алты негізгі саласы үшін он алдыңғы қатарлы колледж бен он жоғары оқу орнында білікті кадрларды әзірлеу, кейіннен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарына тарату жөнінде айтылған,- деді ол. – Жалпы, біздің университет оқу бітірген түлектерін жұмысқа орналастыру көрсеткіші бойынша облыс көлемінде бірінші орында тұр. Қазір өтіп жатқан еңбек жәрмеңкесінде студенттердің 20-30 пайызының жұмысқа орналасып кетуіне мүмкіндік бар.
Университет студенттері кафедралар арқылы «Қазцинк», «Қазақмыс», «УМЗ», «АзияАвто», Арматура зауыты, Шығысмашзауыты, Кегок және тағы басқа ірі кәсіпорындар базасында курстық және дипломдық жобаларды талдап жасайды және өндіріске енгізеді. Мәселен, біздің аймақта автоөндірістің дамуына байланысты «технология машиналар» және «машина жасау» мамандықтары бойынша жоғары білікті инженер кадрларға деген сұраныс жоғары екен.
Ағымдағы жылы техникалық университетті 1279 жас мамандар бітіреді екен. Соның ішінде 1066-сы 39 мамандықтың бакалавриатын тәмамдаса, 201-і 35 мамандықтың магистратурасын, ал қалған он екісі жеті мамандықтың докторантурасы бойынша білім алып жатыр.
Еңбек жәрмеңкесіне «Металлургия, геология мен тау-кен ісі», «Архитектура, дизайн және құрылыс», «Машина жасау және транспорт», «Экономика және бизнес», «Энергетика және техникалық физика», «IT-технология автоматтандыру және басқару», «Ауылшаруашылық ғылымы» мен «Білім» мамандығының студенттері түйіндемелерін өткізді.
Жәрмеңкеге қатысушылардың бірі, облыстық техникалық және кәсіптік білім беру орталығының директоры Ләззат Кездікбаева. Оның айтуынша, бүгін 22 студент өз еркімен мұғалімдік қызметке баруға ниет танытыпты.
– Кем дегенде 15 жас маманды жұмыспен қамтамасыз етеміз. Облыс аумағында орналасқан аудандар мен қалаларда орналасқан колледждерге кәсіптік білім беретін 20 шақты мұғалім қажет. Ал жалпы білім беретін мекемелерге 47 мұғалім керек, – дейді Ләззат Кездікбаева.
Биыл оқу бітіретін студенттердің бірі Әділет Бекболовтың айтуынша, мұндай шаралардың өткізіліп тұруы жас мамандардың жұмысқа орналасуына үлкен пайдасын тигізеді екен.
– «Машина жасау» мамандығында білім алып жатырмын. Жуырда Польша мемлекетінің Люблин қаласында академиялық мобильділік бойынша білім алып қайттым. Өзім үш тілді меңгергенмін. Қазір қосымша түрік тілін үйреніп жүрмін. Болашақта «Азия Авто» сияқты ірі кәсіпорындардың бірінде жұмыс істегім келеді, – дейді Әділет Бекболов.
Жәрмеңке барысында студенттер жұмыс берушілермен әңгімелесіп, олардың талабын, еңбекке ақы төлеу шартымен танысып, жұмысқа орналасу жөніндегі үшжақты келісімге келді.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button