Қоғам

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Жұмыла көтерген жүк жеңіл


Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының жұмысы жылдан-жылға қарқынды дамып, республикалық деңгейде өзінің лайықты орнын алып отыр. Орталықтың жеткен жетістіктері, биік белестері де аз емес. Мекеме ұжымының тіл саясатын жүзеге асыруда сіңірген еңбегі мол. Орталықта жоғары білімді, ересектермен тіл табыса алатын, жан-жақты, білікті оқытушылар қызмет етуде.

Лингвистикалық орталықтың басты мақсаты – ересектерді тілді меңгеруге тарту, межеленген нәтижеге қол жеткізу. Мақсатты көрсеткіш, яғни жұмыстың нәтижесі ҚАЗТЕСТ жүйесімен айқындалатын болғандықтан, лингвистикалық орталық Астана қаласындағы Ұлттық тестілеу орталығымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Орталық оқытушылары облыстағы мемлекеттік және бюджеттік сала қызметшілерін ҚАЗТЕСТ жүйесі негізінде диагностикалық және сертификаттық тестілеуге дайындайды. Сәуір айында өткен байқау сынағына облыс бойынша 4000-ға жуық қызметкер қатысып, білімін сынады. Аталмыш шара Шығыс Қазақстанда 2011 жылдан бері үздіксіз өткізіліп келеді.

Лингвистикалық орталықта мемлекеттік қызметшілермен қатар қала тұрғындары да арнайы бағдарлама бойынша «Тілашар» курсында оқып шығады. Курс соңында тіл үйренушілер алған білімдерін ашық сабақта көрсетіп, үйренген сөздік қорын түрлі жағдайларда пайдаланып, коммуникативтік қарым-қатынасқа түсе алатындарын дәлелдейді. Жуықта ғана қала тұрғындарына арналған курс аяқталып, сабақ «Жар-жар» ток-шоу бағдарламасы түрінде өткізілді.
Орталық жұмысының нәтижелі болуына әдістемелік жұмыстың да маңызы зор. Оқытушылардың біліктілігін арттыру мақсатында облысымыздағы жоғары оқу орындарының ғалымдары шақырылып, түрлі форматтағы әдістемелік семинар, вебинар, отырыс, шеберлік сабақтары өтіп тұрады. Сондай-ақ оқытушылардың бәсекеге қабілеттіліктерін дамыту мақсатында ішінара байқаулар да өткізіледі.

Орталық оқытушылары Ш.Шаяхметов атындағы республикалық әдістемелік-үйлестіру орталығының ұйымдастыруымен өткізілген республикалық семинарда өздерінің іс-тәжірибелерімен бөлісіп, Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған орталық оқытушыларына әртүрлі тақырыпта жаңа сабақ үлгілерін көрсетіп, оң бағасын алды.

Жыл сайын Ш.Шаяхметов атындағы республикалық әдістемелік-үйлестіру орталығы ересектерді оқытуда пайдаланатын, заман талаптарына сай оқу-әдістемелік құралдар дайындауға байланысты байқау өткізеді. Осы байқауға орталықтан А.Мурсалимова, А.Аменова қатысып, жинақтары республикалық орталықтарға көмекші әдістемелік құрал ретінде таратылды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында орталық «Әдемі сөйле» атты жобаны ойлап тапты. 2017 жылы 4-6 желтоқсан аралығында облыс бойынша тілдерді оқыту орталықтарының оқытушыларына арналған коучинг, 12-13 желтоқсанда студент жастардың арасында тренинг өткізілді. Бүгінгі күні облысымыздың тіл оқыту орталықтарында жоба бойынша курстар жүргізіліп жатыр. Жобаның мақсаты – тіл үйренушілерді шешендік өнерге баулу, халық алдында сөйлеу мәдениетіне үйрету.

Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіруге байланысты жұмыстарда да орталық ұжымы белсенділік танытып отыр. Жаңа алфавитті түсіндіру, ақпарат беру мақсатында әртүрлі аудиторияларда семинар-тренингтер, семинар-кеңестер, конференциялар, акциялар, көрмелер, танымдық сабақтар, кездесулер, пікірталастар, дөңгелек үстел отырыстары және т.б шаралар өткізіп жатыр.

Қорыта келе, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бірлесіп атқарған іс-шаралар мемлекеттік тіліміздің абыройын асқақтатып, туын биікке көтереді деген сенімдеміз.

Арай Мурсалимова,
Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының әдіскер-оқытушысы

Мақала облыстық тілдерді дамыту басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді

Осы айдарда

Қоғам

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Жұмыла көтерген жүк жеңіл


Шаруа қауымына кооперативке бірігу арқылы ырысты еселейтін мүмкіндік туып тұр. Бұл ауқымды шараның қалай жүзеге асатынын халыққа жете түсіндіру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары өңір-өңірді аралап жүр. Сондай басқосудың бірі Өскемендегі өңірлік коммуникациялар қызметінде өтті.

Брифингке министрліктің бас сарапшысы Самат Қайырбеков, облыстық ауыл шаруашылығын ғылыми зерттеу институтының өкілі Ғайнұр Тоқтаров, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филиал басшысы Рауан Уалханов қатысып, журналистердің сауалдарына жауап берді.

Бұл мәселе Мемлекет басшысының Жолдауында да көрініс тауып, алдағы бес жылдың ішінде 500 мыңнан астам жеке қосалқы шаруашылықтың кооперативтерге шоғырлануына жағдай жасау жүктелген. Ол міндет агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы аясында іске асуы тиіс.

Бас сарапшының мәліметіне сүйенсек, біздің өңірде 130 мыңнан астам тұрғын жеке меншікте мал ұстап отыр. Солардың тек 36 пайызы ғана өндіріске шикізат ұсынуда. Қалған халықтың өндірген еті мен сүті, мал терісі мен жүні қайда кетіп жатқаны белгісіз.

-Облыстағы 23 сүт өңдеуші кәсіпорынның 13-і халықтан сүт қабылдауға дайын. Оларды шикізатпен жүктеу арқылы сүт өндірісінің көлемін 105 мың тоннаға дейін көтеру көзделіп отыр. Ал ет өңдеуші кәсіпорындар шикізатпен тек 32 пайызға ғана жүктелген. Мұнда өндіріс көлемін 20 мың тоннаға өсіруге болады, – дейді С.Қайырбеков.

Шаруалардың басын кооперативтерге тоқайластыру үшін сүт қабылдау бекеттері мен отбасылық мал бордақылау алаңдарының желісі құрылмақ. Сондай-ақ, тері мен жүн дайындау, бұғы шаруашылығы, омарташылық, көкөніс даярлау, құс асырау және балық өсіру бойынша кооперативтер құруға жағдай жасалады. Бастысы, бір адамға бірнеше кооперативке мүше болуға рұқсат бар.

Кооперативтің әр мүшесіне 18 млн. теңгеге дейін несие беріледі. Сондай-ақ, ұсынған кепіл мүлкінің құнына сай 50 млн. теңгеге дейін ортақ несие беру қарастырылған. Бұл қандай да бір қондырғыға немесе өндіріс ғимаратына қол жеткізе алмай жүрген шаруалардың мәселені бірігіп шешуіне жол ашады. Кепілге сатып алынған қондырғының өзі қойылады. Оны алуға кеткен шығынның 50 пайызына дейін субсидиялау қарастырылған.

-18 млн. теңгеге дейінгі несиені кез келген тұрғынның кооперативке кірмей-ақ алуына болады. Бірақ бұл жерде «Жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпас» дегенге саятын ұстаным қойылып отыр. Бұдан былай барлық субсидиялар бірінші кезекте кооперативтерге жол тартады.

Кез келген өңдеуші кәсіпорын өндірістік әлеуеті зор кооперативпен жұмыс істегенді жөн санайды. Мысалы, өткен жылы өңірдің сүт зауыттары жеке қолдан сүттің литрін 65 теңгеге алса, кооперативтердің сүтін 105 теңгеге бағалаған. Өйткені әр үйге кіріп жинағанша, сүт қабылдау бекетінен алып кету әлдеқайда тиімді. Бұл баға жыл бойында бірқалыпты сақталады. Әр кооперативте мал дәрігері эпизоотиялық жағдайды уысында ұстайтындықтан, ветеринарлық қауіпсіздікке кепіл бар. Сол сияқты жемшөпті кооператив болып сатып алу да жеке-жеке барғаннан тиімді. Өйткені сұраныс мөлшеріне қарай толайым баға ұсынылады. Кооператив қорының есебінен тұқымды асылдандыру, қолдан ұрықтандыру шараларын жүргізуге мүмкіндік тумақ. Мұның бәрі қолдағы малдың сапасын жақсартып, ауыл халқының табысын үстемелейді, – дейді бас сарапшы.

Кооперативке бірігу және одан шығу әрбір мүшенің жеке қалауымен шешіледі. Яғни, бірлесіп жұмыс істеу тиімсіз деп, кооператив мүшесі кез келген уақытта одан шыға алады.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button