Оқиғалар

Жұмаққа баратын әке

Жұмаққа баратын әке


«Әкесіз жетім ерке жетім, анасыз жетім шын жетім» деген сөз бар қазақта. Шаңырақтың ұйтқысы деп саналатын ақжаулықтысы жоқ үйдің берекесі болмайды деседі. Алайда, менің бүгінгі кейіпкерлерім, олардың тұрмысы бұл пікірлердің қатып қалған қағида еместігін дәлелдегендей. Алтын асықтай үш ұлды жалғыз өзі тәрбиелеп жеткізген өскемендік Нағмитолла Қалиевтің өмірі осындай қиын жағдайға тап болып, анасыз бала өсіріп отырған басқа әкелерге үлгі боларлық.

…Ылғи жігіттер тұрса да, екі бөлмелі пәтердің іші тап-таза, жинақы. Ас бөлмесінен жидектің иісі мүңкиді. «Тосап қайнатып жатырмыз» деген үй иесі шай қойып қойғанын айтты. Біз уақыттың тығыздығын ескертіп, бас тарттық. Одан да әңгімесін тыңдауды жөн көрдік.

Нағмитолланың жары Ажар 2008 жылы ауыр дерттен қайтыс болып, 43 жасында үйелмелі-сүйелмелі үш баламен қалыпты. Кенжесі Сұлтан ол кезде жаңа ғана үштен асқан. Үлкені Мирас он үште, ортаншысы Асқар тоғыз жаста болыпты.

Жұмаққа баратын әке

– Әрине, қорқыныш болды басында. Әсіресе, кішкентай Сұлтанды уайымдадым. Есік алдына шығып кетсе, көліктер ағылып жатады, оқыс оқиға аз ба? Жанұямды асырау үшін бірнеше жерде жұмыс істеуіме тура келді. Таңертең тамақтарын дайындап, үстелге қойып кететінмін. Содан кешке жұмыстан үйге жеткенше қобалжып жүргенім, – деп есіне алады әкелері бүгін.

Көршісі Света деген келіншек сол жылдары үйде балабақша ашыпты. Кенжесін соған тапсырып кетеді. Екі ересектеуі – мектепте. Сұлтан әріп танып, жазу-сызуды үйреніп алған соң тіпті, ешкіммен шаруасы болмай, күні бойы «сабақ оқып» отыра береді екен. Әкесі бір күні DVD қосымшасын сыйлайды, кейде содан сүйікті ертегілерін тамашалап, бос уақытын өткізеді. Арасында ауылдағы анасы келіп-кетіп жүріп, бір-екі жылдай балаларға бас-көз болыпты. Әрине, оңай болған жоқ. Басында Нағмитолланың апайлары мен інілері, қарындастары үнемі көмектесіп жүрген.

«Өткен күнде белгі жоқ» демекші, қазір Мирасы үлкен азамат, жұмыс істейді. Асқары былтыр университетке өз күшімен грантқа оқуға түсіпті, машина жасаушы мамандығын меңгеріп жүр. Ал Сұлтаны оқу озаты, алтыншы сыныпқа дейін кілең беске оқыған.

-Қазір екі пәннен төрті бар. Ән сабағы мен суреттен. Оны сахнада ән салғызбақшы ма, әлде керемет суретші шығармақ па, түсінбеймін? Басқа математика сияқты күрделі пәндердің бәрінен бес,- деп мақтанышпен айтады әкесі.

Үлкен ұлы Мирас жұмыста болғандықтан, Сұлтан және Асқармен танысудың сәті түсті. Ұлдардың үшеуі де мектеп жасынан спортпен шұғылданған. Үйдің маңында стадион бар. Қыста шаңғы теуіп, биатлонмен, жазда қашықтықка жүгірумен айналысады. Әсіресе, Сұлтанның жетістіктері көп, мектептің бетке ұстар мақтанышы. Спартакиада ойындарынан, басқа да сайыстардан үнемі жүлдемен оралады. Енді жасөспірім Риддердегі олимпиада резервтерін әзірлейтін республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжде жаттығуды армандайды.

-Ол жердің бапкерлері нағыз кәсіби мамандар, спортшыларға барлық жағдай жасалған. Сол жерде оқып, жаттыққысы келеді, біз қолдаймыз, – дейді ағасы Асқар.

Жұмаққа баратын әке

Бұл отбасында ылғи ер-азаматтар болған соң, қатал тәртіп бар. Әкелері ұлдарын о бастан қатаң бақылауға алған.

-Өзім жұмыста жүрсем де, әрқайсысының қайда жүргенін сырттай қадағалап отырдым. Зырянға, Риддерге жарысқа кеткен кездері де болды. Мектептеріне де, жаттықтырушыларына да телефон шалып, тексерем. Содан кейін туған күн не болмаса басқадай көңіл көтеруге сұранғанда, келетін уақыттарын белгілеп беремін. Егер кешігіп жатса, міндетті түрде жазаларын алатын, онсыз болмайды, – деп қояды отағасы.

– Әкелерің көп ұрса ма?

Менің сұрағыма Асқар таңдана жауап берді.

– Ұрсатын ештеңе жоқ қой. Әкемнің барлық нәрсені бізбен ақылдасып шешетіні ұнайды, – дейді ол. – Баласынбай, ойымызды сұрап отырады. Біз де ол кісіні ренжітпеуге тырысамыз. Бала кезімізде айтқан уақытынан кешігіп қалғанымыз бар шығар. Қазір мен де демалыс кезінде мейрамханада жұмыс істеп, табыс тауып жүрмін. Мирас екеуіміз енді әкемізге қолғанат болар жасқа жеттік.

Айтыстарына қарағанда, тамақты кім үйге ерте келсе, сол дайындай береді. Бұл жанұяда «сен-мен деп санасу, кезекшілік» деген қалыптаспаған. Бәрі жұмыста болғандықтан, Сұлтан мектептен түсте келіп қояды. Әкесі жұмыстан келгенше ет пен картопты қуырып үлгереді. Не күріш, әлде вермишель де басады. Тамақтанып алғасын екеуі бірігіп, кешкі асты әзірлейді. Кейде ағалары ерте келіп қалса, өздері істейді.

-Бір күні келсем, үстелдің үстінде бір тегене бауырсақ тұр. Әдетте көршінің әйелі құймақ не самса пісірсе, «ауыз тиіңдер» деп, бір тәлеңкемен әкелетін. Қайдан келген десем, Сұлтаным бауырсақ пісіріп қойыпты, – деп күледі отағасы. – Алдында «шемішкенің майы бар ма?» деп сұраған. Содан интернеттен рецебін алып, жұмыртқа, айран, қант, тұз, ұнын салып, кәдімгідей дәмді етіп бір тегене бауырсақ дайындаған ғой. Өзі қып-қызыл болып, терлеп кеткен. Келсем, есі шығып жүр.

Жұмаққа баратын әке

– Торт пісірмейсің бе?- деймін Сұлтанға.

– Жоқ, торт пісіре алмайды екем, – деп қояды бала аспаз. Шашын ағасына еліктеп, сәнді үлгімен қиғызған. Қимылы да, сөзі де ширақ.
– Тамақты ең дәмді әзірлейтін кім?

– Мирас,- дейді әкесі мен балалар жарыса. – Ол дайындағанда сорпасын, гарнирі, котлеті мен үстіне құятын тұздығын бөлек-бөлек, нағыз мейрамханадағыдай ұсынады. Бармен болып істейді ғой.

Әкесі үлкен ұлының ұнатқан оқуына түсу үшін екінші жыл қатарынан бағын сынап жүргенін айтады. «Жылына 300 мың теңге екен, бірдеңе қылып төлейміз, ақылы бөліміне түсе сал десем, көнбейді. Биыл тағы да бармақшы». Жалпы ұлдардың барлығы да болашақтарын мейрамхана бизнесімен байланыстырғысы келетін сыңайлы. Несі бар, қолдарынан келіп тұр, тәжірибелері де жоқ емес.

– Келешекте өз ісімді ашсам деймін. Маған адамдарға жақсы қызмет ұсыну, олардың көңілінен шығу ұнайды. Тұтынушылар сенің қызметіңе көңілдері толу керек, – деп бізбен ой бөлісті Асқар. Біздегі барлық кәсіпкерлер осылай ойласа ғой, шіркін!

Әрине, айтуға оңай. Әйтпесе, тоғыз жылдың ішінде бастарына қиындық туған сәттер аз болған жоқ. Етжақын туыстарының бірі тіпті, Ажар барда «несиеге өз атыңа100 мың теңге алып берші, өзім төлеп тұрам» деп, ақшаны алған соң қашып кеткендей болған. Сол қаражатты неше жыл бойы балаларының аузынан жырып, өзі төлеп шықты. Әйелі тірі кезінде үйлерінен айлап шықпайтын оның аға-әпкелері де көзі жоғалған соң жоқ болып кетті. Енді балалар өскенде әлеуметтік желілерден тауып алып, араласқылары келетінін айтып, ұлдарды іздейді екен.

-Мен нағашыларымен араласқандарына қарсылық білдірмеймін. Бала емес пе, ана жолы бір тойға барып келді. Тек кейбір қылықтары тіпті, балаларыма да ұнамайды, – дейді отағасы.

Неше жыл көрмеген туыстарының бірі ана жолы ұлдарды есік алдына шақырып алыпты. Сосын жанашырлық танытып, қолдарына 200 теңгеден ұстатқан ғой. Жетпіс мыңнан табыс тауып жүрген жігіттер «күлкімізді келтірді» деп келіпті.

Ағалары Сұлтанды өздері киіндіреді. Әкесі шамасы келгенше ақша береді, қалғанын өздері қосып, шыттай қылып киіндіріп қояды. Жуықта туған күніне екеуі смартфон сыйлапты. Туған күн, Наурыз, Жаңа жыл, барлық мерекелер міндетті түрде аталып өтіледі. Аналарын да жиі еске алып, құран бағыштайды, зиратына барады.

Аулада да, мектепте де інілеріне басқалардың әлімжеттік жасауларына жол бермейді.

– Екі ағасы барын біледі, өзі де спортпен айналысады. Ешкімге тиіскізбейміз. Қайта кезінде бізге қиынырақ болды. Өзімізді көрсетіп, бедел жинап алғанша оңай болған жоқ -, деп күледі Асқар.

Нағмитолланың мамандығы сантехник, қазір тұрақты жұмысы болмағанымен, жеке адамдардан, кейде ұжымдардан тапсырыс түсіп тұрады. Сондықтан табыссыз отырған жоқ. Үйдің кезегіне жазылғалы он екі жыл болыпты, әлі екі жүздің айналасында тұр. Қазіргі уақытша баспананы кезінде марқұм Ажар қала әкімдігінің табалдырығын тоздырып жүріп алған екен.

– Үш балалы отбасыларын көпбалалы деп танып, баспана беру туралы Президенттің Қаулысы шыға қалған кез. Сұлтан бір жаста ғана. Содан сол кездегі қала әкімінің тікелей араласуымен алып қалдық осы баспананы. Шешелерінің өткірлігінің арқасы бәрі, – дейді отағасы.

Кейін осы Аблакетка кентінен Ресейге жаппай көше бастағандардан екі саяжайды ақшасын бөліп төлеп, сатып алыпты. Біреуінде тұруға жарайтындай үй, жазғы үй, монша салып, қатырып қойған. Балаларының, өзінің ағайындарының күшімен салған. Кейін балалар үйлі болса да, керек қой деп қояды. Екіншісінде жеміс-жидек, көкөніс өсіреді. Алма, шие, жүзім ағаштары жемісін береді, соны теріп, тосап қайнатып жүр ғой. Картоп, қияр, басқа да көкөністерді жылда салады. Ұлдары өздері барып, жаз бойы суарады, шөбін жұлады.

– Осылайша, біреуден ілгері, біреуден кейін жүріп жатырмыз. Мемлекеттен асыраушысын жоғалтқанына байланысты екі ұлға 30 мыңдай жәрдемақы аламыз. Ажар марқұм қайтыс боларында, «басың жас, үйленерсің, тек балаларға қарайтын әйел ізде» деген еді. Ондай келіншек әлі кездескен жоқ. Жөні түзу көрінген бір әйелмен сөзіміз жарасып, балалармен де таныстырған едім. Біраздан кейін кенже ұлды әжесіне, ортаншыны туыстарыңа жіберейік деген әңгіме шығара бастады. Азамат болып қалған үлкенімді ғана алып қалмақшы. «Жоқ, қарағым, одан да сен кете бер» дедім. Үлкендер «әке, өзің біл» десе, кенжем «бізге осылай да жақсы ғой, әке, ешкім керегі жоқ» дейді. Бәрін уақыт өз орнына қоятын шығар, – деп аяқтады әңгімесін Нағмитолла.

Қайғыға салынбай, ұлдарын ер жеткізген азаматтың мықтылығына қайран қаласың. Балаларын жәутең көз қылғысы келмей, өз бақытынан да бас тартқан. «Үш қыз тәрбиелеген ата-ана жұмаққа барады» деген сенім бар. Ал меніңше, ұл болсын, қыз болсын, балаларын Анасыз тәрбиелеп отырған кез келген Әкенің орны – жұмақтың төрінде.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button