Қоғам

\”Жұлдызша\” турниріне 360-тан астам жас хоккейші қатысты

"Жұлдызша" турниріне 360-тан астам жас хоккейші қатысты

Өскемендегі Борис Александров атындағы Спорт сарайында хоккейден «Жұлдызша-2015» турнирі мәресіне жетті. Оқушылар арасында жыл сайын өткізілетін жарысқа биыл Шығыс Қазақстанның аудандары мен қалаларынан жалпы саны 19 команда, 360-тан астам жас хоккейші қатысты.
Жалпы, «Жұлдызша» турнирі Кеңес Одағы тұсында дәстүрлі түрде өткізілген «Алтын шайба» жарысының баламасы болып саналатындығы жасырын емес. Дәл осындай жарыстардан кезінде елімізге ғана емес, бүкіл дүниежүзіне танымал болған Борис Александров пен Евгений Паладьев сынды хоккейшілеріміз даңқты жолдарын бастаған-ды. Сондықтан болар, жарысты ұйымдастырушылар «Жұлдызша» турнирі әлі талай спорт шеберлерін, болашақ чемпиондарды шығарады деген зор үміт артып отыр. Және бұл үміттер негізсіз емес екенін де ерекше атап өткен жөн. Мұны жарыстың жыл санап мәртебесі де, қатысушылары да артып келетінінен аңғаруға болады. Бүгінде Қазақстан хоккейінің отаны саналатын Өскеменде ғана емес, аймағымыздың өзге қалаларында, аудандары мен ауылдарында хоккейді серік еткен балақайлардың қарасы көп. Мұны турнирдің ашылуына қатысып, жас хоккейшілерді дүбірлі доданың басталуымен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар да ерекше атап өтті.

"Жұлдызша" турниріне 360-тан астам жас хоккейші қатысты

– Соңғы жылдары елімізде бұқаралық спортты дамытуға айрықша мән беріліп келетінін жақсы білесіздер. Облысымызда дәстүрлі түрде өткізілетін «Жұлдызша» жарысы да соның айқын мысалы бола алады. Бұл турнир дарынды балаларды тауып, оларға үлкен спортқа жолдама беріп қана қоймай, кейінгі буынның арасында салауатты өмір салтын насихаттауға көмектеседі. Мәселен, бүгін мұз айдынындағы айқастарды көруге келген жанкүйерлердің дені жастар екенін көріп, іштей қуанып отырғанымыз рас. Жалпы, облыс басшылығы алдағы жылдары да аталмыш спорт түрін насихаттауға көп көңіл бөлетін болады. Соңғы бірнеше жылда облысымыздың түкпір-түкпірінде ондаған хоккей қорапшалары ашылды. Қазір мұндай спорттық нысандар әр ауданда, әр ірі елді мекенде бар деуге болады. Өскеменде бүгінгі шара өткізіліп тұрған Спорт сарайынан бөлек, тағы бірнеше заманауи жабық мұз айдыны бар екенін де естеріңізге салғым келеді. Алдағы уақытта мұндай хоккей модульдері Риддер мен Зырян қалаларында да пайдалануға берілмек. Бір сөзбен айтқанда, хоккейге қашанда қолдау көрсететін боламыз. Енді осы спортпен айналысуға ниет білдірген жас шығысқазақстандықтар қатары көбейсе болғаны, – деген облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар өз сөзінде биылғы жарыс Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орайластырылып өткізілгенін де атап көрсетті.
Осыған орай, турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне құрметті қонақтары ретінде бірқатар соғыс ардагері шақыртылып, оларға гүл шоқтары табысталды.
Расымен де, аймақ облыс әкімінің орынбасары айтқандай, биылғы турнирдің ашылуына ерекше көп халық жиналды. Төрт жарым мың адам сиятын Спорт сарайының іші жанкүйерлерге лық толды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы «Жұлдызша» турнирінің іріктеу ойындары 2014 жылдың желтоқсанынан бері өткізіліп, оған ұзын саны 97 команда, 1200-ге жуық бала қатысқан екен. Ал жарыстың өзіне келетін болсақ, алты күнге созылған бәсекеде қатысушылар жас ерешеліктеріне қарай екі топта сынға түсіп, өзара мықтыны анықтады.
Нәтижесінде турнирдің бірінші күнінен бастап тамаша ойын өрнегімен жанкүйер қауымды тәнті еткен Семей қаласының командасы «Жұлдызша-2015» жарысының жеңімпазы атанды. Топтық кезеңнен іркілмей өткен семейлік жас хоккейшілер финалда Бородулиха ауданының құрама командасын тізе бүктірді. Ал үшінші орын үшін өткен кездесуде бесқарағайлық команда күтпеген жерде айдын иелері Өскемен қаласының құрамасынан басым түсті.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, мақтау қағаздарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, турнир қақпашысы, қорғаушысы және мергені сияқты аталымдар бойынша да үздіктер анықталып, арнайы марапаттарға ие болды.
Биылғы «Жұлдызша» турнирінің ойындары Б. Александров атындағы Спорт сарайынан бөлек, қаладағы №11 және №24 мектептердің жанындағы хоккей модульдерінде өткізілгенін айта кету керек.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button