Қоғам

«Жұлдызайдың» жұлдыздары

 «Жұлдызайдың» жұлдыздары


Өскеменде XIV «Жұлдызай» халықаралық балалар шығармашылығы фестивалінің облыстық іріктеу кезеңі өз мәресіне жетті. Жастар жылына тұспа-тұс келіп отырған өнер сайысы «Ертіс концерт» орталық мәдениет үйінде өтіп, онда өңіріміздің қала, аудандарынан жиналған мүмкіндігі шектеулі 140 жас өнерпаз бақ сынады.

«Жұлдызайды» еліміздің барлық аймақтарындағы дарынды балалар тағатсыздана күтеді. Он төрт жылдық тарихында бұл шығармашылық байқау мыңдаған ерекше балалар мен жасөспірімдердің қабілеттерін ашып, тұлғалық дамуына, өмірде өздерінің лайықты орнын табуына көмектесіп келеді.

Биылғы фестивальдің ерекшелігі – халықаралық деңгейге көтерілуі. ТМД елдері мен алыс шет елдердің инклюзивті жобаға деген қызығушылықтарын ескере отырып, жоба ұйымдастырушысы «BI-Жұлдызай» қоры биылғы фестивальді халықаралық форматта өткізуді жөн көрген.

Дәстүрлі фестиваль аспапта ойнау, вокал, ыммен орындау, би сияқты төрт аталым бойынша өтті. Ал сурет және сәндік – қолданбалы өнер аталымдары бойынша қатысушылар қолдарынан шыққан бұйымдарын суретке түсіріп, қазылар алқасына электронды нұсқасын жіберген.

Жыл сайын өңіріміздегі мүмкіндігі шектеулі дарынды балалардың басын қосатын өнер сайысында өнерпаздардың бірі әуелете ән айтса, енді бірі мың бұрала би билеп, көрермендердің қошеметіне бөленді. Қатысушылардың ұлттық нақыштағы әдемі киімдерін киіп, бар өнерін ортаға салуы байқауға ерекше дайындықпен келгендерін көрсетеді.

-Қатысушылардың әрқайсысы болшақта кәсіби орындаушы, биші, суретші немесе дизайнер болуды армандайды. Бұл фестиваль үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Жеңімпаздар мамыр айында өтетін ақтық сайыста еліміздің өзге қалаларынан және шет елдерден келген қатарлас өнерпаздармен танысып, араласады. Шығармашылықпен айналысатын балалар өте мейірімді, қайырымды болып келеді. Фестивальға қатысушылар саны жыл сайын артып келе жатқандығына қуаныштымын. Биыл облысымыздың қала, аудандарында өткен іріктеу байқауларына 500-ден астам жас өнерпаз қатысты. Әр баланың бойында талант бар. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, олардың қарым-қабілет, таланттарын дер кезінде ашуда «Жұлдызайдың» орны бөлек, -деді балаларды фестивальдің салтанатты ашылуымен құттықтаған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Қажымқан Оспанғалиев.

 «Жұлдызайдың» жұлдыздары

-Осындай мәдени шаралар біз сияқты оқушыларға көп мүмкіндік сыйлайды. Фестивальға бірнеше жыл бойы қатысып келемін. Бүгін өнердегі достарыммен бірге «Көтеріңкі көңіл-күй», «Плетень» билерін билеп, «Твори добро» әнін орындаймыз. Аздап қобалжу да бар. Бізге үнемі ақыл-кеңесін айтатын тәрбиешіміз Людмила Анчугина мен өнер жолындағы ұстазымыз, хореограф Ирина Макароваға айтар алғысымыз шексіз, – дейді Алтай қаласындағы коррекциялық арнайы мектеп-интернатының оқушысы Нұрай Есімбекова.

Облыстық іріктеу кезеңінде кіші және ересек жас ерекшеліктері бойынша әр аталымнан жеңімпаздар анықталды. Қазылар алқасының шешімімен «Вокал» аталымында семейлік Ернұр Кәкенов, катонқарағайлық Ғалима Қалиева, семейлік Жанель Жанұзақова мен Лилиана Қалиева, «Би» аталымында Риддер қаласындағы арнайы мектеп-интернатының би тобы, Семей қаласындағы №3 нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернатының хореографиялық ұжымы және Семей қаласындағы №4 арнайы мектеп-интернатының би тобы жеңімпаз атанды. Ал «Ыммен орындау аталымында Семей қаласындағы арнайы мектеп-интернатының вокалдық тобы, Алтай қаласындағы №2 коррекциялық мектеп-интернатының вокалдық тобы, «Аспапта орындау» аталымында Семей қаласындағы №3 нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернатының «Сұлусаз» фольклорлық ансамблінің өнері жоғары бағаланды.

Үздік деп танылған қатысушылар Нұр-Сұлтан қаласында 26-28 мамыр күндері өтетін халықаралық кезеңге жолдама алып, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концертте өнер көрсететін болады.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button