Руханият

«Жұлдызайдың» жұлдыздары жымыңдайды

«Жұлдызайдың» жұлдыздары жымыңдайды

Осы аптада «BI Жұлдызай-2016» мүмкіндігі шектеулі балалар шығармашылығының XI республикалық фестивалінің іріктеу туры Өскеменнен бастау алды. Дарынды балалар вокал, аспаптық орындау, ыммен ән салу, би, бейнелеу және декоративті-қолданбалы өнер секілді алты номинация бойынша бақтарын сынады.
Жыл сайын еліміздің Білім және ғылым министрлігі мен облыстық білім басқармасының тікелей қолдауымен өткізіліп келе жатқан бұл жолғы өнер додасы облыстық драма театрында өтті.
Фестивальға қатысушылар мен қазылар алқасы ең алдымен театр фойесіндегі бейнелеу және декоративті-қолданбалы өнер туындыларының көрмесін тамашалады. Мұндағы мүмкіндігі шектеулі балалардың қолынан шыққан әр бұйымнан әдемілік пен сұлулыққа іңкәр бала көңіл мен нәзік талғамның ізін тап басып тануға болады.
– Балаларды тәрбиелеу барысында олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру өте маңызды. Бала қолы қалт еткенде өзіне пайдалы іспен айналысуы керек. Біз балаларымыздың мүмкіндігі шектеулі болса да, оларды өнерге баулуға тырысамыз. Өнерді шын сүйетін, бағалайтын бала ғана өз елінің нағыз патриоты болып өседі, – дейді Семей қаласындағы №4 нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернат директоры Мұрат Шақабаев.
Ал Семей қаласындағы №3 нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернаты директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанна Ибраева «BI- Жұлдызай» фестиваліне аталған мектеп оқушыларының жаңа оқу жылынан бастап мұқият дайындалатынын айтады.
– Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мұндай шаралар өте қажет. Біз жаңа оқу жылы басталған кезден-ақ арнайы жоспар жасап, әр аталым бойынша дайындаламыз. Биылғы фестивальға да үлкен әзірлікпен келдік. Осы жолы құрамында он алты бала бар фольклорлық ансамбль халық күйі «Нәр ағашты» орындайды, – дейді ол.
Жалпы, мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілеттерін, әлеуметтік белсенділігін дамытуға бағытталған өнер додасы осымен он бірінші рет өтіп отыр. Айтулы өнер шарасын он бір жыл бойы ұйымдастырып, қолдау көрсетіп келе жатқан – «BI-Жұлдызай» корпоративтік қоры. Аталған қорды 2005 жылы «BI-Group» инвестициялық-құрылыс холдингі құрған көрінеді.
– «BI- Жұлдызай» – мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармашылығына арналған республикамыздағы жалғыз өнер додасы. Жыл сайын бұл фестивальға қатысушылардың қатары артып келе жатыр, – дейді «BI- Жұлдызай» корпоративтік қоры директорының орынбасары Алтынай Тәңірберген. Оның айтуынша, он бір жылдың ішінде фестивальға 36 583 балалар қатысып, өз өнерлерін үлкен сахнада көрсетуге мүмкіндік алған көрінеді. Ал 2005-2015 жылдар аралығында шығысқазақстандық 176 бала осынау республикалық фестивальдың лауреаты атаныпты.
– Шығысқазақстандық бүлдіршіндер, әсіресе, бейнелеу және декоративті-қолданбалы өнер мен хореография бойынша өте жоғары нәтиже көрсетіп келе жатыр, – дейді Алтынай Тәңірберген.
Cөйтіп, көптен күткен фестивальдың де шымылдығы ашылды. Республикалық фестивальдың облыстық кезеңіне қатысушыларды облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Садықова құттықтады.
– Біздің өңірімізде 14 мыңнан астам ерекше бала бар. Әрбір баланың талабын ұштап, талантын ашу үшін мұндай шаралар өте қажет. Балалардың әрқайсысы осынау өнер мерекесін ерекше асыға күтеді. Нәтижелеріміз де жаман емес. Жыл сайын оқушыларымыз үздік өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрініп келе жатыр, – деген басқармасының басшысы «BI-Жұлдызай» корпоративтік қорының басшылығына үлкен алғысын білдірді.
Иә, бұл жолғы өнер фестивалі де өте жоғары деңгейде өтті. Өңіріміздің аудандары мен қалаларынан жиналған ерекше балалар ерекше өнер көрсетті. Әсіресе, Зайсан ауданынан келген Сердар Омаровтың «Анашым» әні талай тыңдарманның жанарына жас үйірсе, Семей қаласындағы нашар еститін балаларға арналған мектептің оқушысы Александр Ивченконың ыммен салған әні де тым әсерлі шықты.
Сондай-ақ, мың бұралған бишілердің өнері де таңдай қақтырарлықтай екен. Әсіресе, Риддер қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернат бүлдіршіндерінің орындауындағы корей биі тым көркем орындалып, көрерменнің көңіліне көктем сыйлады.
Сөйтіп, көгілдір көктемде Шығыстан бастау алған фестивальдың іріктеу туры еліміздің 16 өңірінде жалғасып, нәтижесі 1-маусым Бүкіләлемдік балаларды қорғау күніне қарсы шығарылмақ.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button