Жүлденің ауылы алыс болып тұр
Олимпиада ойындары басталғалы бүгін алтыншы күн, өкінішке қарай, біздің спортшыларға жүлденің ауылы алыс болып тұр.
Фристайлдың могул түрінен жақсы өнер көрсете тұрып төрешілердің бұра тартуынан медаль үшін болатын ақтық сынға бір табан жетпей «құлаған» Юлия Галышеваның сәтсіздігі риддерлік спортшы Дмитрий Рейхардты да айналып өтпеді. Іріктеуден іркілмей өткен риддерлік могулшы шешуші кезеңде 22,8 ұпай жинап, үздік бестікті түйіндеді.
Конькимен 500 метрге жүгірген Роман Креч жетінші орынға тұрақтады. Жалпы, 24 жастағы қазақстандық спортшы бұл сында өзін керемет көрсете білді. Алғашқы кезеңде 500 метрді 35,04 секунд нәтижесімен жүгіріп өтсе, екінші кезеңде оны 35,00 секундқа дейін жақсартты.
Кеше шаңғымен қысқа қашықтыққа жүгіруден әйелдер және ерлер арасында жарыс өтті. Бұл сында ел намысын тәжірибелі шаңғышы Николай Чеботько мен келешегінен үміт күттірген жас спортшылар Денис Волотко, Роман Рагозин қорғады. Ал әйелдер арасында жарыс жолына Елена Коломина мен Татьяна Осипова шыққан.
Қазақстандық шаңғышылардың арасынан (ерлер) ең жоғары нәтиже көрсеткен Николай Чеботько қысқа қашықтыққа еркін әдіспен жүгіруден отызыншы орынды місе тұтса, мәре сызығын Роман Рагозин 33-ші, Денис Волотко 58-ші болып кесті.
Сонымен қатар алғашқы бәсекесінде тәуір нәтиже көрсете алмаған биатлоншы қызымыз Елена Хрусталева 10 шақырымдық биатлон сайысында командаласы Дарья Усановамен бірге бағын тағы бір сынап көрді.
«Арена Адлер» мұз айдынында өткен конькимен жүгіру жарысында отандасымыз Екатерина Айдова ел намысын қорғады. Арқа өңірінің қызы 500 метр қашықтыққа жүгірді. Аталған жарыстардың нәтижесімен газетіміздің келесі санында таныс боласыздар.
Серік Әбілхан