Қоғам

Жүлдеге алған қойын анасының қалжасына апарыпты

Жүлдеге алған қойын анасының қалжасына апарыпты


Айым ешқашан штанга көтеріп жаттыққан емес. Бірақ қойды өңгеріп әкеткен кездері талай болыпты. Айым Нұржанова 2000 жылы Семейде дүниеге келген. Алты жасында Жарма ауданы, Қалбатау ауылындағы Абай мектебінің табалдырығын аттапты. 6-шы сыныпта оқып жүргенде отбасымен Риддерге қоныс аударады.

Он төрт жігіттің ішінде екінші орын алды

– Семейге деген сағынышым ерекше еді, – дейді Айым –Содан болар, мектепті бітірген соң, Семейдегі Шәкәрім университетінің биотехнология мамандығына грантқа түстім. Қуанышымда шек болмады. Бұл мамандықты таңдаған себебім, сүт өнімдерінің құрамын зерттегім, табиғи, қоспасыз өнім шығарғым келеді. Қазір 2-курс студентімін.

Айым Нұржанованың 111 рет қой көтеретінін алғаш жазған мен болатынмын. Шәкәрім атындағы университетте дәстүрлі «АгроСемей-2018» ауыл шаруашылығы көрмесі өтіп жатты. Жылда бұл көрмеге журналистер көп келетін. Сол жылы шара жексенбіде өтіп, БАҚ өкілдері көрінбеді.

Халықаралық көрмеге Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Моңғолия, Франция, АҚШ, Қытайдан айтулы мамандар қатысты.

Көрме қызып жатқан кезде жігіттер арасында қой көтеру сайысы өтетіні хабарланды. Сайысқа 18 жасар қыздың қатысқысы келетінін естіп, біраз аялдап қалдық. Қойды 185 рет көтерген Марат Оразбаев бас жүлде алса, 111 рет көтерген Айым Нұржанова екінші орынға шықты. Екі жеңімпазға да ұтысты «Алтай» шаруа қожалығының басшысы Меллат Дүйсенбаев берді. Егер әйелдер арасында өтсе, Айымға тең келер адам жоқ екенін байқадық. Десек те, жігіттердің өзін артқа тастауы ерлік болды.

– Біз отбасымызда сегіз адамбыз, – дейді Айым – Әкем Нұржан Қамшыбаев, анам Салтанат Қамшыбаева, екеуі шаңырақ көтергелі бері 25 жылда дүниеге бес қыз келіппіз. Олардың арманы ұл болатын. Содан ата-анам аңсаған бауырым Ермұрат дүниеге келген күні жарысқа қатысып, ұтысқа ие болдым. Қуанышымда шек жоқ.

– Сенімен бірге жиырма шақты жігіттің бақталасқанын байқадым, сайысқа дайындалып келдің бе? – деп сұраймын Айымнан.

– Жоқ, дайындалған жоқпын, – деп күле жауап берді Айым. – Өмірімде бірінші рет қой көтергенімде 111 рет көтердім. Рас айтасыз, 14 жігіттің ішінде екінші орын алып, қойға ие болдым. Одан кейін бірақ қой көтермедім.

Айым жарты жылға жуық джиу-джитсумен айналысады екен. Қалалық іріктеуден бірінші орын алған.

Тілшілер неліктен Айымды көп уақыт таба алмады?

Айымды «Дидар» газеті мен «Аltaynews» сайтына жазғаннан кейін ол жұрт назарына ілігіп, оны бәрі жанталасып іздей бастады. Айым көпке дейін табылмағаны тағы бар. Себебі ол атақ іздеген жоқ. Жай ғана бауырының өмірге келген қуанышына орай қой көтеріп, өзі де, өзгені де мәз қылғаны болмаса.
«Дидар» газетіне шыққан дүниені қызыға оқыған көптеген оқырмандар таңғалып, бізге хабарласа бастады. Астана, Семей, Павлодар қалаларынан БАҚ өкілдері Айым Нұржанованы іздеп таба алмайды. Қыз бала екеніне қарамастан, алып күш иесі екенін көрсеткен Айым туралы сюжет түсіріп, мақала жазсақ дегендерге тіпті Шәкәрім университеті «бұл жас біздің студент емес» деп жауап қайырыпты. Бұдан кейін БАҚ өкілдері бұл рас па, әлде өтірік пе?» деп бізге шыққан соң, Айым оқитын университетпен хабарластық.

– Дегенмен қазақтың мықты нар қызы Айым Нұржанова туралы ақпаратқа халық қызығушылығы артуына орай жақын арада оны тауып, бір хабарын беруге тырысамын, – деп уәде берді Шәкәрім университеті аграрлық факультеті деканының орынбасары Мейрамгүл Сайлаубайқызы.

Оның айтуынша, «Дидар» газеті мен «Altaynews» сайтына шыққан соң, көптеген оқырмандар, журналистер оған да хабарласыпты. Сөйтіп, расымен, Мейрамгүл Сайлаубайқызы Айымды табуға көмектесіп, қыз баланың өз студенттері екенін растады.

– Мен көтерген қойдың салмағы 40 келі болды, – дейді Айым, – Жасым 18-де. Шәкәрім университетінде білім алатындығымнан оқу орны бізді осындай көрмелерге міндетті түрде шақырады. Себебі көрме мамандығымызбен тікелей байланысты. Сайысқа шақырып жатқан кезде ұзақ күткен бауырымыз үшін осы қойды ұтып алып, анама «қалжа» ретінде сыйласам деп ойладым. Сайысқа қатысайын деп ниет білдіргенімде, қасымдағы құрбыларым да мені қолдады.

Жүлдеге алған қойын анасының қалжасына апарыпты

Көрмеге білімімді шыңдау үшін бардым

Айымның айтуынша, мұндай жарыстарға бұрын мүлде қатыспаған. Тек 15 жасынан бастап жеңіл атлетиканы жақсы көрген.

– Өзіңіз де көрдіңіз ғой, – деді Айым, – байқауға 14 ер адам қатысты. Халыққа ризамын. Маған ерекше қолдау көрсетіп, ду қол шапалақтап тұрды. Небәрі 22 минутта 40 келілік қойды 111 рет көтердім. Мұнда минутқа да қарайды екен. Егер уақыт көп болса, мүмкін одан да көп көтерер ме едім?! Дегенмен маған екінші орын берді. Ал бірінші орынды қойды 185 рет көтерген Марат Оразбаев алса, үшінші орынды 170 рет көтерген Әлихан Арғынбек иеленді. Жүлдені ұтып алғаннан кейін бірден ата-анама хабарластым. Әке-шешем бірден сене алмай, таңғалып, әуелде менің денсаулығыма алаңдады. Бірақ бәрі дұрыс екеніне көздері жеткен соң, олар да қуанып, құттықтап жатты. Негізінде, ол көрмеге сайысқа түсемін, Қазнет жұлдызына айналамын деп барған жоқпын. Бару себебім, биотехнология мамандығын меңгеріп жатқандықтан, ғылыми дәйектер іздеуіме тура келеді. Теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру үшін осындай көрмелердің пайдасы мол.

Расында да, көрменің негізгі бағыты асыл тұқымды малдарды, ветеринария, мал және өсімдік шаруашылығы жетістіктерін көрсету еді. Тіпті онда қазақы тазы иттердің көрмесі де ұйымдастырылды.

– Ауыл шаруашылығындағы инновациялық технологиялар жетістіктеріне назар аудардым, – дейді Айым Нұржанова, – Азық өндірісі, азықтық қоспалар, мал мен құсты қоректендіруге арналған технологиялар мен жабдықтар болды көрмеде. Барлығымен жіті таныстым. Ресей, Корея, Беларусь, Моңғолия, Польша, Үндістан, Украина, Қырғызстан ғалымдары ветеринария, мал және өсімдік шаруашылығы, тамақ және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу технологиясы бойынша студенттерге шеберлік сыныптарын өткізді. Бұл студенттердің нағыз маман болып шығуына ықпал етеді.

Көрмеге өңір шеберлерінің қолдарынан шыққан бұйымдар да қойылып, он екі қанатты киіз үй тігілген-ді. Шара аясында студенттер мен кәсіпкерлер бизнес байланыстар орнатып, тауар жеткізу және қызмет көрсету туралы көптеген ақпараттар алмаса алған.

Биыл Жастар жылы деп жатырмыз. Осыған орай Айым да өз тілегін білдірді.

– Жастар ата-анасын сыйлайтын, алдына қойған мақсатына жете білетін, салауатты өмір салтын ұстанатын жандар болғанын қалаймын, – деді ол.
Айтпақшы, ол өзін әнші Қарақаттың «Ана мен бала» телебағдарламасына шақырғанын айтып, сондай-ақ өзі туралы телесюжеттер түсіріліп, мақалалар жазылғанын айтып, қуанышымен бөлісті.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button