Жүк көліктеріне қалай тосқауыл қоямыз?
Семейден Курчатовқа қарай 10-14 шақырымдағы тас жолдың жағдайы алаң туғызарлық. Жолдың бойы тесіліп жалған.
Осы келеңсіз жайды бақылау үшін облыстық автомобиль жолдары және жолаушы тасымалы басқармасының бастығы Мұрат Мұсатаев «Облшығысжол» КМК көлік прокуратурасы, жол патрульдік қызметі, ұлттық палата өкілдерімен бірге жол бойында жиын өткізді. Осыдан екі апта бұрын «Облшығысжол» КМК Семей-Курчатов тас жолы бойында ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізген еді. Бұл үшін облыстық бюджеттен 2017 жылы 110 млн. теңге бөлініп, қазіргі уақытта 70 млн. теңгесі игерілген.
Жол жөндеу алдында Семейден шыға берісте ауыр жүк көліктеріне «жол жабық» деген белгі тұрса да, күн сайын жүк көліктері жүре береді екен. Тіпті, Курчатов жақтан Семейге қарай салмағы 8 тоннадан астам жүк көліктері күніне бірнеше рет өтеді. Жүк көліктері 20 тонна тартса, олар жүгімен 40 тонна немесе одан да көп тонна жүк тасымалдайды. Сөйтіп, ауыр жүк көліктері жолды бүлдіріп, мұның зардабын жеңіл көлік жүргізушілері тартып отыр. Көліктері шұңқырларға тұрып қалуда.
-Мен Курчатовта оншақты жыл тұрдым,-дейді жүргізуші Виктор Останкин жолда бізбен әңгімелесіп, – мына жол ешқашанда ауыр жүк көлігіне арналмаған. Қазір Ресейде тұрамын, міне, Курчатовтағы туыстарыма келіп едім. Жолдың быт-шыт болғанын көріп таңғалдым.
Жолаушының бұл сөзімен Мұрат Мұсатаев та келісті.
– Облыстық автомобиль жолдары және жолаушы тасымалы басқармасы, «Облшығысжол» КМК өкілдері мен көлік прокуратурасы, жол патрульдік қызметі бірлесіп, осы жағдайды реттеу үшін штаб құрдық,-деді басқарма басшысы,-Семей-Курчатов тас жолының 10 шақырымында стационарлы бекет орналастырдық. Онда келе жатқан ауыр жүк көліктерін басқа технологиялық тас жолға бұрып отыратын болады. Семей-Курчатов бағытындағы бұл жол біз үшін аса маңызды.
Раушан Нұғманбекова
Семей