Қоғам

Жиырмаға жуық оқу орны қатысты

 Жиырмаға жуық оқу орны қатысты


Облыстық жастар ресурстық орталығы өңірдегі жоғары және арнайы орта оқу орындары арасында дәстүрлі «Студенттік көктем-2019» фестивалін өткізді. Фестивальға облысымыздағы оқу орындарының шығармашылық ұжымдары қатысты.

«Студенттік көктем-2019» фестивалі қаланың Орталық алаңында бастау алды. Бұл жерде алты жоғары оқу орны мен 22 колледж өздерінің мамандықтары және ерекше ұсыныстарын айтып, сынға түсті. Мектеп түлектері де келіп, қандай мамандық алу туралы ақпараттар алды. Жалпы, бұл күні алаңға алты мың мектеп түлегі келді. Ал әлеуметтік желіде онлайн дауыс беру арқылы жастар таңдауымен үздік жоғары оқу орны анықталып жатты.

– Облыста бүгіндері 265 мың жас бар, – деді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова, – қалаларда 166 мың, ауылдық жерде 99 мың жас тұрады. Ал жастардың 25 пайызы – студенттер. Униврситет пен колледждерімізде 66 548 студент оқып жатыр. Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасының» үшінші бағытындағы тапсырмалар бойынша Семейде жоспарланған 11 жатақхананың екеуі пайдалануға берілді. «Білікті маман» жобасы бойынша соңғы екі жылда Шығыс өңірінде аса қажетті мамандықтар үшін облыс әкімі Даниал Ахметовтің гранттары да арнайы бөлініп жатыр.
Жастар жылы аясындағы «Студенттік көктем-2019» фестивалі гала-концертпен аяқталды. Бұған қала әкімі Ермак Сәлімов те қатысып, жастарға ақ жол тіледі. Байқауға облыс аумағындағы 20-ға жуық оқу орнының шығармашылық ұжымдары қатысты. Үздік өнер көрсетіп, жеңімпаз атанған оқу орындары номинациялар бойынша марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.

«Үздік кәсіби алаң» номинациясында көлік колледжінің, Шәкәрім атындағы университет пен ҚазИГЗУ-дің бағы жанды. Ал «Үздік шығармашылық бағдарлама» номинациясын М.Әуезов атындағы педколледж, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ иеленді. «Жастар таңдауына» онлайн дауыс беру арқылы Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ие болды. Фестивальдің көрермендер көзайымы да таңдалды. «Студенттік көктемнің сұлтаны-2019» болып медицина университетінің студенті Әлихан Құмаров атанды. «Студенттік көктем аруы-2019» атағын Қазақ инновациялық университетінің студенті Аида Махметжанова жеңіп алды. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Смит жеңімпаздарды құттықтап, дипломдар мен бағалы сыйлықтар, ақшалай сертификаттар табыс етті.

Раушан Нұғманбекова

Осы айдарда

Back to top button