Жиырма жыл ішінде бүкіл әлемге танылды

Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі үлкен бастамалары мен ірі жетістіктеріне куә болған, халықаралық маңызы зор шаралардың Астана төрінде өтуі елорданың танымалдылығын әлемдік деңгейде арттыра түсті. Тәуелсіздік туы көтерілген күрделі жылдар туралы Президент өзінің «Қазақстан жолы» еңбегінде: «Жаңа астанаға көшу және оны салу туралы ой менде ертеректе, сонау алыстағы – 1992 жылы туған еді, бірақ мен ол кезде мұны аузымнан шығармадым, өйткені Қазақстанның экономикасы ойлағанды іске асыруға мүмкіндік бермеді» деп жазады. Біз атаулы датаға орай өткен жылдарға шегініс жасап, тарихи оқиғаның қалай басталғанына тоқталғалы отырмыз.
Тарихи даталар тізбегі
Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады.
Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты.
Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді.
Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. Ал 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «Әлемқаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі.
Астана – Азияның ең солтүстігінде орналасқан елорда. Қазіргі уақытта Астананың аумағы 722 шаршы шақырым, тұрғындар саны 1 миллионнан асады. Қала үш ауданнан – «Алматы», «Сарыарқа» және «Есіл» ауданынан тұрады.
Шаһардың айшықты ғимараттары
Астананың сәулеткерлік тұжырымдамасын жасау барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың елордада Батыс пен Шығыстың мәдени дәстүрлері үйлесім тапқан ерекше еуразиялық стиль қалыптастыру идеясы негізге алынды. Астаналық бас жоспардың авторы белгілі жапон сәулеткері Кисе Курокава болды.
«Бәйтерек» кешені жаңа елорданың басты символына, оның өзіндік бойтұмарына айналды. Өзге де бірегей сәулеткерлік ғимараттар қатарында белгілі британдық архитектор Норман Фостердің жобасы бойынша пирамида үлгісінде салынған «Бейбітшілік және келісім» сарайын, әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат– «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығын, теңізден алыс орналасқан океанариум – «Думан» орталығын, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрын, Орталық Азиядағы ірі мешіт – «Әзірет Сұлтан» мешітін, «Қазақстан» орталық концерт залын, «Қазақ Елі» монументін, Қазіргі заманғы өнер музейі мен Президенттік мәдени орталық ғимараттарын атауға болады.

Қазақстан мен ОрталықАзиядағы ең биік ғимарат — «Әбу-Даби Плаза» кешені де бар.
Жаңа спорттық нысандар арасында 30 мың көрерменге арналған «Астана-Арена» жабық стадионы, 2011 жылы әлемде үздік деп танылған, 10 мың орынға арналған «Сарыарқа» бірегей велотрегі бар. Тағы бір маңызды спорттық кешен – ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін «Алау» мұз айдыны.
Астананың айналасында бірегей «жасыл белдеу» жасалып, қала ұлан-ғайыр далалық өлкенің ортасындағы оазиске айналып келеді.
Астана атауы қайдан шықты?
Бас қаланың бұлай аталуының сыры туралы Елбасы өзінің «Қазақстан жолы» кітабында былай дейді:
«Бұл қала, Қазақстанның жаңа астанасы менің мақтанышым еді, сондықтан оның атауын сан құбылтуға жол бере алмайтын едім. Онда Ақмоланы қалай атаған, дәл айтқанда, қалай қайта атаған жөн? Ол атау қазақстандықтардың, еліміздің барша ұлты мен ұлысының ғана емес, кірпияз шетелдіктердің де көңілінен шығуы керек.
…Бір жолы түнде, дәлірек айтсам, сағат түнгі екіде Астана деген атау ойыма сап етіп, көкейіме қона кеткені. Астана дегеніміз – Астана! Қазақша әдемі естіледі. Қомақты, ауыз толады, қысқа да нұсқа, әуезді. Орысша да, ағылшынша да солай естіледі. Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық реңк бар».
Шығыс субұрқақ салып бермек
Жаңа жылдан бастап Астананың 20 жылдығын мерекелеу басталып кетті. Атаулы датаны тойлаудың бас жоспары өткен жылы бекітілген болатын. Соның аясында қала тұрғындары мен қонақтары үшін түрлі шаралар ұйымдастырылмақ. Оның бас-аяғы 175-ке жуықтайды. Негізгі бөлігі мәдени-бұқаралық концерттерге арналған. Ара-тұра спорттық жарыстар да өтпек. Негізгі іс-шаралар маусымның 10-ында басталып, шілденің 10-ына дейін жалғасады. Шаһар тұрғындары ай бойы «Astana karnaval» мерекелік шеруі, «I love Astana» мюзиклі, сонымен қатар «Astana Art Fest» өнер фестивалі мен «Астанаға тарту» дәстүрлі орындаушылар концертін тамашалай алады.
Бұдан бөлек, «Voice of Astana» атты тұңғыш эстрадалық әндер фестивалі, «Бауыржан Fest» әзіл-сықақ жанры, Дүниежүзілік оқу конгресі, «Астанадағы 20 әлемдік кітапхананың» деректі және сирек коллекцияларының көрмесі, Балалар жазушыларының форумы және тағы басқа шаралар ұйымдастырылады. «Бала дауысы» атты ұлттық байқау да өтеді. Сондай-ақ спорттық шаралардың ішінде Әлем Барысы, Ұлы Дала аламаны, Президент Кубогы үшін теннис турнирі, аралас жекпе-жек жарыстары бар.
Бұдан бөлек, елорданың 20 жылдығына арнап әр облыс жаңа нысан тарту етпек. Арасында Алматы қаласы да бар. Мәселен, Қарағанды облысы «Қазақ еліне мың алғыс» ескерткішін орнатса, Шығыс Қазақстан облысы «Астана-Арена» алаңына субұрқақ салып бермек. Ал басты мақсат, Елбасы айтып өткендей, Астананың 20 жылдығын тойлауға көп қаражат жұмсамай, түрлі шараға қатысуға жергілікті меценаттар мен қала тұрғындарын шақыру.

Вставка
«…Ақорда резиденциясындағы менің жұмыс кабинетімнен біздің жаңа елордамыздың жүрек толқытар панорамасы көрініс береді. Көптеген кездесулерден, кеңестерден және құжаттармен жұмыстан тұратын тығыз жұмыс кестемде бос минут пайда болған сәтте мен қайта-қайта терезеге қараймын.
Мен кең дала төсімен есіле ағып жатқан Есілдің бүлкілсіз суы бетіне қазақстандық күннің қалай сәуле шашып шағылысқанын көремін. Ол қала шегіндегі адам қолымен жасалған жаңа өзен арнасы суында шомылып жүреді.
Кей кездері мен түнгі Астана көшелерінде көлікпен немесе жаяу жүремін. Әр кез менің жүрегімді елорда үшін мақтаныш сезімі кернейді. Өзіме – иә, біз осыны жасадық деймін!»
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
6 шілде 2013 жыл
Әзірлеген – Ержан Әбіш