Қоғам

Жиырма жыл қаңырап тұрған мәдениет үйі пайдалануға берілді

Жиырма жыл қаңырап тұрған мәдениет үйі пайдалануға берілді

Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жұмыс сапарымен Бородулиха ауданы мен Семей қаласында болып, бірқатар нысандарды аралап, аудандағы тірек ауылдардың бірі Жаңа Шүлбідегі күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйінің ашылуына қатысып, тұрғындармен кездесті.

Балабақша ғимараты жөнделеді

Жаңа Шүлбі ауылында жиырма жылдан астам уақыт қаңырап тұрған ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, халық игілігіне тапсырылды. Мәдениет үйінің ашылу салтанатына қатысқан аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ ауыл тұрғындарын Құрбан айт мерекесімен құттықтап, бір шаңырақ астында тату-тәтті, келісімде өмір сүру керектігін еске салды.
– Әр мемлекеттің дамуы тұрғындарының біліміне, мәдениетіне байланысты. Жастарымыз білімді, мәдениетті болып қалыптасуы үшін ауылға мәдениет үйі керек. Ең бастысы, бұл мәдениет үйі бос тұрмауы тиіс, – деген облыс әкімі ендігі кезекте мәдениет үйінің қатарында тұрған бос ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, балабақша болатынын атап өтті.
Жаңадан лентасы қиылған мәдениет үйінде спорт секцияларынан бастап, ән-би, сурет үйірмелерінің барлығы бар. Ауыр атлетика залы осы спорт түріне қажетті дүниелердің барлығымен жабдықталған. Гір спортымен аптасына бес-алты күн 15-20 бала айналысады. Арнайы жаттықтырушы бар. Жалпы, бұл ауылдан гір спорты бойынша көптеген жүлдегерлер, чемпиондар шығыпты. Екінші қабатта каратэ залы, этно-мәдени бірлестіктерге арналған бөлме, бейнелеу өнері залы орналасқан. Этномәдени бірлестікте апта сайын дайындалатын корей, украин, неміс, беларусь ұлттары мейрамдарда өз өнерлерін ортаға салып жүреді. Ал қазақша, орысша кітаптарға толы кітапхана компьютерлермен жабдықталған. Интернет желісі де тартылған. Мұнда оқырмандардың сұранысына қарай күніне 100 кітапқа дейін беріледі екен. Бүгінгі заманның талабына сай жабдықталған мәдениет үйінің ашылуына риза болған ауыл тұрғындары облыс басшылығына алғыстарын білдірді.
– Мәдениет үйінің ашылуын көп жыл күттік. Бүгін, міне, Құрбан айтпен тұспа-тұс келген мәдениет үйінің салтанатты ашылуы Жаңа Шүлбі тұрғындары үшін ерекше жаңалық болып тұр. Облыс, аудан басшылығына рақмет айтамыз, – дейді Бородулиха ауданының құрметті азаматы Қадір Ордабаев.

Мемлекеттік бағдарламалар неге орындалмай жатыр?

Салтанатты шарадан кейін аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ мәдениет үйінің акт залында аудан тұрғындарымен кездесіп, сұрақтарына жауап берді. Кездесуде Бородулиха ауданының әкімі Григорий Акулов ауданның экономикалық даму қарқыны жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, келесі жылдың өнімі үшін 1566 гектар күздік бидай, 1889 гектар қара бидай және алғаш рет 140 гектарға рапс егіліпті. Аудандағы жылдық инвестиция көлемі 6 млрд. теңге болады деп күтілуде. Сонымен қатар, 1800 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлердің құрылыстары жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 117 пайызды құрап отыр. Алайда, ауыл шаруашылығы саласында түйіні тарқамаған мәселелер де бар.
– Көптеген мәселелер бойынша тиісті есеп жүргізбейміз. Соның салдарынан жер мен жайылым дұрыс пайдаланылмайды. Салық толық жиналмайды. Неге Зәйтенов, Лазерев, Быковтар ғана мал өсірумен айналысады? Қалғандары жұмыссызбыз дейді. Біле-білсеңіздер, ауылдықтар 6 ай емес, жыл бойы еңбек етулері қажет, – деген аймақ басшысы шаруа қожалықтарын біріктіріп, ірілендіру керектігін тілге тиек етті. Облыс әкімінің айтуынша, шаруалар биылғы күзде алған өнімді сатуға асықпағандары жөн. Өйткені, көктем шыға өнім бағасы күрт көтерілетін көрінеді. Демек, шаруалар үшін тиімді. Сондай-ақ, әр отбасы өз-өздерін отын, көмір, азық-түлікпен қамтамасыз етіп алғандары жөн. Облыс әкімі аудан басшылығына экономиканың өсу қарқынын бәсеңдетпеу керектігін, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өткен жылдан жоғары болу қажеттігін шегелеп тұрып тапсырды. Халықпен кездесу барысында ауданда атқарылмай жатқан бірқатар жұмыстарды сынға алды.
– Бородулиха ауданында бизнес дамымаған, аудан тұрғындары мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланбайды. Ауданда жабық спорт кешені жоқ. Осы мәселені бородулихалықтар әлі күнге дейін облыс басшылығына ұсынбаған. Бұл – аудан әкімінің кінәсі, – деді аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ.
Кездесу соңында облыс әкімі аудан тұрғындарының сауалдарына жауап берді. Бородулиха-Жезкент бағытындағы жол жөнінде қойылған сұраққа жолдың 12 шақырымы жөнделетінін айтты.
Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жұмыс сапары барысында Михайличенково ауылына барып, екі пәтерлі бес үйдің құрылысымен танысты. Құрылысы қарқынды жүріп жатқан он пәтер ауылға келген жас мамандарға берілетін болады. Бір үйдің көлемі 70 шаршы метрді құрайды. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында үй салып жатқан «Новая заря» шаруа қожалығы басшылығы екі пәтерлі екі үйді биыл қолданысқа беруді көздеп отыр. Ал екі үйдің құрылысы келесі жылы аяқталады. Айта кетерлігі, үйлерге жарық пен су құбыры тартылған. Алдағы уақытта бұл жерде «Болашақ» көшесі пайда болады.
Бородулиха ауданынан соң аймақ басшысы ат басын Семейге бұрып, «Алтынай» көлік логистикалық орталығының құрылысымен танысты. Аталмыш орталық басшылығы жоспар бойынша бұл жерде жұмыс істейтін мамандарға арнап әлеуметтік тұрғын үй, балабақша салуды көздеп отыр. 3,5 гектар жерді алып жатқан бұл орталық тауар айналымын едәуір жақсартып, облыс экономикасының дамуына елеулі үлес қосады деп күтілуде.

Азия чемпионатында Айбек Нұғымаров жеңіске жетті

Жиырма жыл қаңырап тұрған мәдениет үйі пайдалануға берілді

Жұмыс сапары аясында аймақ басшысы Семей қаласындағы Денешынықтыру сауықтыру кешенінде қазақ күресінен өтіп жатқан Азия чемпионатының ашылуына қатысты.
– Спорттың арқасында басқа мемлекеттер қазақ деген ұлтты, елімізді таныды. Қазақстан спортшылары егемен елімізді әлемге әйгіледі. «Қазақстан Барысы» турнирінің екі бірдей чемпионы біздің облысымыздан шықты. Сондықтан мұндай халықаралық жарыстарды алдағы уақытта көбірек өткізетін боламыз, – деді облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Айта кетейік, бұл чемпионат Семей қаласында 3-5 қазан аралығында өткен болатын.
Мәдениет және спорт министрлігі, еліміздің қазақ күресі федерациясы, облыс әкімдігі мен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы мұрындық болған дүбірлі додаға Ауғанстан, Бангладеш, Ливан, Моңғолия, Иордания, Иран, Ирак, Қырғызстан, Қытай, Йемен, Пәкістан, Сирия, Тәжікстан, Өзбекстан, Шри-Ланка және Ресей мемлекетінің балуандары қатысты. Ерлермен қатар қыздар командасы да бақ сынады. Ерлер 55-90 келі салмақта сынға түссе, әйелдер 55-75 келі салмақта күресті. Чемпионатта қазақстандықтар барлық салмақ дәрежесінде алтыннан алқа тағынды. Ал осынау халықаралық жарыстың жеңімпазы болып «Қазақстан Барысы» турнирінің 2013 жылғы чемпионы Айбек Нұғымаров танылды. Ол Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Дәулет Тұрлыхановтың арнайы тіккен бас жүлдесі автомобильді жеңіп алды.

Жиырма жыл қаңырап тұрған мәдениет үйі пайдалануға берілді

– Соңғы кезде біздің ұлттық спорт түрлері ерекше қарқынмен дамып келеді, – деді Дәулет Тұрлыханов, – осының бір дәлелі – Семейде қазақ күресінен өткен Азия чемпионаты. Мен осы өлкенің тумасы ретінде Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсыновтың жетістіктеріне қатты ризамын. Олар ел алдында «Қазақстан Барысы» атанды. Біріншілік қорытындысында 55 келіде Қуат Бектаев, 60 келіде Абзал Арыстанбеков, 70 келіде Нұржан Жұмажан, 80 келіде Бегімхан Әділбеков, 90 келіде Тоқтар Жиентаев, 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Айбат Сейтен Азия чемпионы атанды. Ал әйелдер арасында 75 келіден жоғары салмақта Зарина Байбатина топ жарды.

Мерей Қайнарұлы, Раушан Нұғманбекова

Осы айдарда

Back to top button