Қоғам

Жиырма төрт медальмен топ жарды

Жиырма төрт медальмен топ жарды

Курчатов қаласы әкімінің кубогы үшін қол күресінен ерлер және әйелдер арасында облыс біріншілігі өтті. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған дүбірлі додаға Өскемен, Семей, Курчатов қалаларынан, Жарма, Глубокое, Ұлан, Шемонайха аудандарынан жиыны алпыстан астам спортшы қатысты.
Бұл сында жарыс қожайындарының намысын қол күресінен білікті жаттықтырушы Галина Судгаймерден тәлім алатын шәкірттер абыроймен қорғады. Чемпионат аса тартысты өтті. Облыстың кіл мықтылары бас қосқан бәсекеде жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған ұландық Ораз Басаров, әлем чемпионатының қола жүлдегерлері семейлік Архат Тыныбаев пен өскемендік Ақерке Бакытжанова, Азия кубогының қола жүлдегері курчатовтық Евгений Чернов, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында Азия кубогының чемпионы атанған семейлік Данияр Тойменов сынды сайдың тасындай саңлақтар болды.
Біріншіліктің қорытындысы бойынша жалпыкомандалық бірінші орынды төрт алтын, сегіз күміс және 12 қола медаль иеленген Курчатов қаласының құрама командасы иеленді. Бұл ретте абсолюттік чемпион атанған Евгений Черновты айрықша атап өткен дұрыс.
Жалпыкомандалық есепте семейлік спортшылар екінші орынға табан тіресе, үшінші жүлде Өскемен қаласының командасына бұйырды.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button