Қоғам

Жиырма мыңнан астам оқушы қатысты

Жиырма мыңнан астам оқушы қатысты


Өскеменде «Аltay kids cup-2019» жарысы мәресіне жетті. Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде өткен доданың финалдық кезеңін жанкүйерлермен бірге облыс әкімі Даниал Ахметов те тамашалады.

Биыл екінші рет өткізіліп тұрған жарыс кезеңдеріне 20 мыңнан астам оқушы қатысты.

– Бүгін сіздердің барлықтарыңыз да жеңімпазсыздар. Себебі, мыңдаған оқушының арасынан озып шығу, финалға жолдама алудың өзі үлкен жетістік. Командаларыңыздың намысын абыроймен қорғайтындарыңызға сенемін. Қашан да сәттілік жолдас болсын! – деді жарыстың құрметті қонағы болған Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова

Олимпиада чемпионының сөзінше, Еуропа елдерінде мұндай жарыстар жыл сайын өткізіледі екен. Соның арқасында ондағы спорт секцияларына жазылған балалардың саны бірнеше есеге артқан.

Ал республикалық жеңіл атлетика федерациясының бас хатшысы Асхат Сейсембековтің айтуынша, биылғы дода үш кезеңнен тұрды. Оның алғашқысында жоғарыда айтылғандай, облыстағы 670 мектептің 20 мыңнан астам оқушысы сынға түссе, екінші кезеңде қатысушылардың саны төрт мыңға дейін қысқарған. Ал соңғы кезеңге 300-ден аса оқушы жолдама алған.

Жарыстың финалдық кезеңіне өткен сол жас спортшылар төрт түрлі сайыста, атап айтсақ, 60 метрге жүгіру, ұзындыққа секіру, доп лақтыру және 4х100 эстафетасында өзара мықтыны анықтады.

Бір қызығы, биылғы бәсекеге қатысушы командалар белгілі бір аңдардың аттарын иеленіпті. Мәселен, Абай ауданының балақайлары жарыс жолына «Абай ақ аюлары» деген атпен шықса, жармалықтар «Жарма қасқырлары» болып сынға түсті.

Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері мақтау қағаздарымен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қалалар арасында алғашқы үш орынға «Өскемен барыстары», «Семей аллигаторлары» және «Риддер леопардтары» ие болса, аудандар арасында «Глубокое жолбарыстары» – бірінші, «Үржар ягуарлары» – екінші, ал «Көкпекті пираньялары» үшінші сатыға көтерілді.

Жалпы, Шығыстағы өскелең ұрпақты жеңіл атлетикамен шұғылдануға шақыратын «Altay kids cup» сайысы облыс әкімі Даниал Ахметовтің тікелей тапсырмасы бойынша қолға алынған бастама екенін атап өткен орынды. Жарысты өткізуге республикалық жеңіл атлетика федерациясы мен «Altay Athletics» клубы да атсалысуда.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button