Жиырма мың теңгелік банкнот айналымға түсті
Ұлттық банк 1-желтоқсаннан бастап номиналдық құны 20 мыңдық банкнотты айналымға шығарды. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлайды.
Елімізде 20 мың теңгенің шығатыны туралы ақпарат былтырдан бері айтылып келеді. Алайда, мұндай банкноттың айналымға қашан енетіні белгісіз болған.
«1-желтоқсаннан бастап ел аумағында жиырма мың теңгелік купюра заңды төлем құралы болып табылады. Бұл банкнот төлемдер мен ақша аударымдарының барлық түрлерін жүргізуге жарамды. Банкноттың дизайны айналымдағы ақша белгілерімен бірыңғай стильде орындалған. Көлемі – 155х79 мм. Басым түсі – көк-сұр. Бет жағында «Қазақ Елi» монументі, пырақ және «Мәңгілік ел» қақпасы, тыс жағында Қазақстан картасы, сондай-ақ, Ақорда, Парламент, Үкімет ғимараттары бейнеленген» делінген хабарламада.
Ұлттық банктің хабарлауынша, жаңа купюра әлемдегі ең қорғалған банкноттардың бірі болмақ.
«БИПЭК АВТО – АЗИЯ АВТО» филиалдары екінші транш бойынша көлік алуға жеңілдетілген несие рәсімдеуге өтініштерді қабылдай бастады.
Ел Үкіметі Қазақстанда құрастырылған көліктерді сатып алушыларға жеңілдетілген несие беруді қаржыландыру үшін қосымша 11 миллиард теңге қаржы бөлу жөнінде шешім қабылдады.
«АЗИЯ АВТО» АҚ зауытының өнімін сатып алушылар үшін бөлінген қаражаттың 50 пайызы немесе 5,5 миллиард теңге бекітілді.
Мемлекеттік бағдарлама аясында қазақстандықтар «АЗИЯ АВТО» зауыты құрастыратын 22 автокөлік моделіне қол жеткізе алады. Оның құны 2,13 миллион теңгеден басталады.
Өскеменде шығарылатын көліктерді сатып алушылар үшін ай сайынғы ең төменгі төлем 31,4 мың теңгені құрайды. Бағдарламаның жаңа талаптарына сәйкес сатып алатын көліктің ең жоғары бағасы тоғыз миллион теңгеге дейін көтерілді.
Бағдарламаның қалған шарттары өзгеріссіз қалды. Номиналдық сыйақы мөлшерлемесі төрт пайыз, несиенің тиімді мөлшерлемесі (қосымша шығындарды, сақтандыруды қосқанда) 7,5 пайыздан аспауы тиіс. Несиелендіру мерзімі бес жылдан аспайды, алдын ала төлем – 0-20 пайыз, валюта бағамы – теңге.
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Қазақстандағы ғарыш күндері-2015» халықаралық семинары өтті.
Қазақстан Республикасының Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесінің және дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесінің жерүсті инфрақұрылымын қолдану мүмкіндіктеріне, сондай-ақ, жұмысының алғашқы нәтижелеріне арналған іс-шараға отандық ғарышты зерттеушілермен қатар, Франция, АҚШ, Жапония, Қытай, Иран, Ресей сияқты жиырма шақты елден 350-ден астам шетелдік маман қатысты.
Ғарыш форумына қатысушыларды Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау мен «Қазғарыш» агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков құттықтағанын айту керек.
«Биылғы халықаралық семинар демеушілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге өскен. Бұл қазақстандық ғарыш тақырыбының танымалдығын дәлелдесе керек» дейді семинарды ұйымдастырушылар.
Шығыс-ақпарат