Жиырма екі елдің балуандары Тарбағатайда жан алып, жан берісті
Бүкіл әлемдік біріккен күрес федерациясың күнтізбесіне енген Қазақ күресінен Ырғызбай Досқанаұлы атындағы халықаралық Гран-При жүлдесі осымен төртінші рет Тарбағатай төсін дүбірге толтырып, әлемнің 22 елінің апайтөс балуандарын Барқытбел баурайына жинады. Биыл да жылдағы дәстүр бойынша Ырғызбай кесенесінде бабаға арнап ас беріліп, хатым түсірілді.
Орталық алаңға ұлттық киім киген бойжеткендеріміз әр елдің байрағын ұстап, апайтөс Балуандарымызды боз кілемнің үстіне шығарып, таныстыру рәсімін өткізді. Ырғызбай Досханаұлы атындағы қазақ күресінен Гран-При жүлдесінің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин құттықтау сөз сөйледі.
-Соңғы он жылда қазақ күресінің қарыштап дамығанын байқаймыз, облыс көлемінде үш мыңнан аса жас балуандарымыздың күрестің осы түрімен айналысып, әлемдік деңгейде жүлде алып жүргені көңіл қуантарлық жай. Оған облыс көлемінде барлық жағдай жасалған. Өткен жылы ғана Ақсуаттың орталығында жаңа спорт модулі ашылды. Қазір мұнда жүздеген жастарымыз жыл бойы жаттығады. Ал ертең олар осындай әлемдік додаларда жүлделі боларына сеніміміз мол. Жыл сайынғы халықтық спорт ойындарында тарбағатайлықтар бас жүлдені берген емес, спорттық дәстүрге бай өңір, сондықтан дәстүрлі халықаралалық жарыстың Тарбағатай өңірінде өтуі де заңдылық, – деді Дүйсенғазы Мусин. Халықаралық турнирдің ашылу салтанатына арнайы келген Халықаралық күрес түрлері федерациясы қауымдастығы комитетінің төрағасы Гинтаутас Вилейта, даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов, Қазақ күресі федерациясының президенті Серік Түкеев сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Соңғы үш жылда ұлттық спортымыздың аршындап қадам басуына атсалысқан, аталмыш турнирді әлемдік деңгейге шығарған – еліміздегі кен-металлургия саласының алыбы «Қазцинк» ЖШС мен Әлемдік күрес федерациясы. Тарбағатай аудандық әкімдігі де бұл сайысты өткізуге өлшеусіз үлес қосып келеді. Жарыстың ашылу салтанатында сөйлегендер оларға шынайы алғыстарын білдірді.
Тарбағатай төсінде осыған дейін үш мәрте өткізілген халықаралық бәсекеде алты мемлекеттің спортшылары ғана бақ сынаған болатын. Оның өзінде ауылы аралас, қойы қоралас жатқан өзбек, қырғыз, тәжік, орыс елдерінің спортшыларымен ғана шектелетінбіз. Биыл шалғайдағы шекаралық ауылға спорттың барлық түрінен әлемдік державаға айналған Германия, Белгия, Корея, Чехия, Польша мемлекеттерінің кіл мықтылары келді. Мұндай алыптардың қазақ күресіне бет бұруы әлем балуандары арасындағы беделімізді арттырды, ұлттық болмысымызды дәріптеуге мол мүмкүндік берді. Дәстүрлі турнирге қатысатын спортшылармен қоса туристердің де саны өткен жылғыдан екі есеге өскен. Демек, турнир туризмге де себебін тигізді. Дүбірлі додаға келген 80 балуанның қай-қайсысы болмасын әлемдік талай додаларда жүлде алған Әлем чемпиондары, Олимпиада чемпиондары. Қысқасы, құрылықтық бәсекелердің бәрінде жүлде алған «сен тұр, мен атайын» деген кілең мықтылар кілемге шықты. Боз кілемде өнер көрсеткен балуандардың барлығы аптап ыстықта кенезесі кепкен 20 мыңға жуық көрерменнің айызын қандырды. Алты сағат бойы боз кілемнің шаңын шығарған алыптардың айқасы күн еңкейе мәреге жетті. Ырғызбай Досханаұлы атындағы халықаралық турнирдің Бас демеуші «Қазцинк» компаниясы белгілеген Гран-Приді түйе балуан атағын жеңіп алған Беларусь елінің алыбы Вахабер Александар қажығасына байлады. Ал жеңіл салмақтағы өгіз балуан атағын шымкенттік Ерсұлтан Мұзафаров иеленді. Демеушілік жасаған «Қазцинк» компаниясының өкілдері алыстан келген спортшыларға ынталандыру сыйлықтарын берді.
Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.