Қоғам

Жиырма бес жыл күткен балабақша

Жиырма бес жыл күткен балабақша


Тұңғыш Президент күні қарсаңында Глубокое ауданының Опытное поле ауылында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 100 орындық «Мирас» атты балабақша ашылды. Төрт топтан тұратын балабақша 1 мен 6 жас аралығындағы балғындарды қабылдайды.

Құрылысы 2017 жылы тамызда басталған ғимаратқа 55 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалыпты. Глубокое ауданының әкімі Қалиқан Байғонысов бұл тәрбие ошағы осы ауылда 25 жылдан бері салынып отырған алғашқы балабақша екендігін айтады. «Ауылда бұрын балабақша ретінде жұмыс істеген ғимарат бос тұр. Ауданның ақсақалдарын да, беделді адамдарын да иесіне бірнеше мәрте жібердік. Алайда нысанды ел игілігіне беруден бас тартты. Сөйтіп не істерімізді білмей, дағдарып, тығырыққа тірелгенде Тоқтаровтар отбасы, яғни Айдын мен зайыбы – Меруерт қасымыздан табылып, сауапты істі қолға алып, жаңадан балабақша тұрғызды. Ауыл тұрғындары атынан алғыс айтамыз», – деген аудан әкімі балабақша ұжымына ауданды дамыту қоры атынан түрлі-түсті теледидар тарту етті.

Игі шараға қатысқан Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары Нұрлан Тоқтаров: «Бизнестің түрі көп қой. Балабақша ашу бизнесі – сауапты бизнес. Қайтарымы бүгін болмаса да, көп жылдан кейін елдің алғысымен, балғындардың лебізімен қайтады», – дей келе, бүлдіршіндерге түрлі-түсті теледидар сыйлады.

Аудан әкімінің орынбасары Раджан Сейітқановтың айтуынша, аудандағы 3 пен6 жас аралығындағы бүлдіршіндер балабақшамен 100 пайыз қамтылған. Бүгінде Ақтаста тоғыз балабақша жұмыс істейді (төртеуі – мемлекеттік, бесеуі – жеке меншік). Соңғы үш жылда ауданда бес балабақша ашылса, соның төртеуін Тоқтаровтар отбасы салып беріпті. «Бұл іспен шұғылдану үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген еді. Мен облыстық салық департаментінде жұмыс істедім. Жолдасым Арматура зауытында еңбек етті. Біз ең әуелі Өскемендегі Жібек маталар ықшам ауданында коттедж салдық. Оны қалай пайдаланарымызды білмей жүргенде, облыстық білім басқармасындағы апайым балабақша ашу жөнінде идея айтты. Содан не керек, несие алып, 2014 жылы осы ықшам ауданда алғашқы балабақшамызды аштық. Жалпы, біз Өскеменде коттеджде балабақша ашу тәжірибесін енгізген алғашқы кәсіпкер шығармыз. Бір жылдан кейін қала әкімінің өтінішімен Өскеменде тағы бір балабақша аштық. Одан соң Глубокое ауданында тұңғыш балабақшамыз жұмысын бастады. Жыл сайын ашып жатырмыз. Қазір біздің 8 балабақшамыз бар. Оның төртеуі қалада, төртеуі Глубокое ауданында», – дейді Айдын Тоқтаровтың зайыбы Меруерт.

Мерекелік шаралар бұдан әрі Уваров ауылындағы Мәдениет үйінде жалғасып, аудан әкімі Қалихан Байғонысов Глубокоеның дамуына еңбек сіңіріп жүрген бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар мен «Астананың 20 жылдығы» медалін табыс етті.

Азамат Әбілұлы
Глубокое ауданы.

Осы айдарда

Back to top button