Жиырма бес мыңнан астам өскемендік батырларға тағзым етті

 Жиырма бес мыңнан астам өскемендік  батырларға тағзым етті


Ұлы Жеңістің 74-ші көктемі облыс орталығында «Сіздерге бас иеміз!» атауымен айрықша аталып өтті. Мерекелік іс-шараларға жиырма бес мыңдай өскемендік қатысып, бейбіт күнді сыйлаған әкелері мен аталарының, аналары мен әжелерінің рухына тағзым етті.

Мереке Өзен вокзалы жанында «Батырларға тағзым» жалпы халықтық шеруімен ашылып, қатысушыларға аспан түстес Жеңіс ленталары таратылды. Шеруді «Ертісконцерт» бірлестігінің үрмелі оркестрі бастады. Жол бойы көпшілікке соғыс тақырыбына қатысты түрлі театрландырылған қойылымдар ұсынылды. Мыңдаған өскемендіктердің бұл шеруі нағыз отансүйгіштіктің, береке-бірліктің үздік үлгісін танытты. «Ұлы Жеңіс құтты болсын!», «Жеңіс күнімен!» деп ұрандатқан қалың жұртшылықтың біразы туысқан майдангерлердің фотосуреттерін де алып жүрді. Бір жарым шақырымға созылған шеру екі сағатқа жалғасты.

Облыс орталығының тұрғыны Думан Махамбетова бұл шараға екінші рет қатысып отыр екен. Оның әкесінің ағасы Орынхан Махамбетов 1942-1944 жылдары Балтық майданында барлаушы ретінде жаумен шайқасыпты. Екі жылдың ішінде Қызыл Ту және Қызыл Жұлдыз ордендерін кеудесіне тағып үлгерген. Алайда ұрыстардың бірінде ауыр жараланған ол елге оралады, өмірден өткенше сол жарақаттың азабын көп тартқан екен. Семей қаласындағы милицияда қызмет етіп, 70-шы жылдары дүние салған ақсақалды ұрпағы ұмытқан емес. Ал нағашы атасы Қали Мүшелбаев соғыстан аман оралып, 1969 жылы қайтыс болған, ал оның ағасы Мұхамади Иманбаев Украинаның Ровно қаласындағы бауырластар зиратында жатыр. Немерелері аталарының басына барып, құран оқытуды жоспарлауда.

Өскемендік Нұрғали өзінің атасы Қабдуахит Ноғайбаевтың ерлігі туралы айтып берді. Атасы 1941-1943 жылдар аралығында атақты Курск шайқасына қатысыпты, қолынан ауыр жараланып, үйіне қайтуға мәжбүр болған. Ол туған Ұлан ауданы, Троиницкое ауылынан майданға 260 жігіт аттанған екен, соның жартысынан көбі оралмапты.

– Атамның майдангер екенін біз жанұямызбен мақтан тұтамыз. Жыл сайын сол кісінің суретін көтеріп, осы шеруге қатысатын болып жүрміз, – деген ол бұл жерге бүкіл отбасымен келгенін айтты.

Шеруге жанұясымен бірге келген келесі бір қала тұрғыны Анастасия Шевченко арғы аталарының суретін зор мақтанышпен алып өтіп барады.
– Шеруге биыл екінші рет қатысып отырмыз. Өкінішке қарай, ата-бабаларымыз туралы қолымызда көп мағлұмат жоқ. Бар білетініміз, атамыз Михаил Михеев танкші болған. Ал арғы атамыз Петр Бекреев туралы мүлдем ештеңе білмейміз. Десе де, оларды еске алып, шараға қатысуды жөн санадық, – дейді Анастасия.

Атап өтерлігі, биылғы шеруге Үндістаннан келген әскерилер де қатысты. Аталмыш делегация шаһарымызға Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті мен Үндістанның ұлттық кадет корпусы арасындағы келісім аясында келіпті.

– Біз үшін осы мерекелік шараға қатысу – үлкен мәртебе. Себебі, екінші дүниежүзілік соғыста үнді әскерлері де Британия империясының құрамында бола тұрып, фашизммен күресті. Бүгінгі шеруге қатысуға ерекше ықылас танытып, майданда қаза болған сарбаздардың рухына құрмет көрсеткіміз келді, – дейді делегация жетекшісі, полковник Шириш Пандей.

Бұл күні облыстық драма театрының актерлары шеру өткен Славский жағалауы бойындағы сахналарда тірі ескерткіш болып тұрды, осылайша олар қонақтар назарын өздеріне аударып, соғыс сәттерінен еске салды.

Шеруге қатысушылар Стрелка ауданындағы Даңқ мемориалы орнатылған Жеңіс саябағына келіп жеткенде аспанға бейбітшілік шарлары ұшырылып, майдан тақырыбындағы театрландырылған көріністер басталып кетті.

Жиналғандарды Жеңіс күнімен облыс әкімі Даниал Ахметов құттықтап, майданға 180 мың шығысқазақстандық шақырылғанын, олардың 83 мыңы қайтып оралмағанын айтты. Шығыстан барған жауынгерлердің 109-ы Кеңес Одағының Батыры атағын иеленгенін, ал 24-і Даңқ орденінің толық кавалері атанғанын мақтанышпен атап өтті.

– Қымбатты ардагерлер! Құрметті жерлестер! Сіздерді елдік пен ерліктің, мызғымас бірліктің мерекесі – Ұлы Жеңіс күнімен құттықтаймын! Бұл күн – аға ұрпақтың бейбіт өмір, баянды болашақ жолындағы өшпес ерлігінің дәлелі. Тылдағы әкелеріміздің, аналарымыз бен апалардың жанқиярлық еңбегінің жемісі. Жүздеген ұлттың – Отан қорғаудағы айнымас достығының нәтижесі. Біз ұлы қуаныш мерекесінде жеңімпаздар рухына тағзым етіп, ортамыздағы ардагерлер алдында бас иеміз.

Құрметті ардагерлер, тыл еңбеккерлері! Сұм соғыстың бар қиындығы мен қатігездігін көрген Сіздер – ел мақтанышысыздар. Бүгінде ортамызда өскелең ұрпаққа өнеге болып жүргендеріңіз үшін алғыс айтамыз! Қазақстанның жетістігіне бірге қуанып, марқая беріңіздер. Біз ешқашан Отан үшін, Жеңіс үшін жан қия күресіп, маңдай тер төккен батыр бабаларымызды ұмытпаймыз. Зор құрметпен мәңгі жадымызда сақтаймыз! – деді аймақ басшысы.

Шығыста Кеңес Одағы Батырларының атымен 178 көше және 66 нысан мен ауыл аталған. Олардың ішінде Ізғұтты Айтықов, Төлеген Тоқтаров сынды батырлардың болғанын айтқан аймақ басшысы өткен жылы ғана әйгілі партизан, Ұлан ауданының тумасы Қасым Қайсеновтің 100 жылдық мерейтойының аталып өткенін тілге тиек етті.

– Барша шығысқазақстандықтарды Ұлы Жеңістің 74 жылдығымен құттықтаймын! Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылған емес. Біздің көргенімізді кейінгі ұрпақтың басына бермесін. Бүгінгі күн – бейбіт күн. Осындай бейбітшілікті сақтап, ұлттар мен ұлыстарды ұйыстырып отырған Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясаты одан әрі жалғаса берсін деп тілеймін! – деді көпшілік алдында сөз алған Ұлы Отан соғысының ардагері, өскемендік Михаил Кравченко.

Өкінішке қарай, сұм ажал жыл санап ардагерлеріміздің қатарын сиретіп барады. Егер былтыр облыста Екінші дүниежүзілік соғыстың 240 сарбазы болса, биыл 9 мамыр мерекесін 179 ардагер қарсы алуда.

Мұнан соң бір минут үнсіздік жарияланып, «Мәңгілік алауға» гүл шоғын қою рәсімі өткізілді. Дәстүрлі шараға облыс әкімдігі мен мәслихатының, құқық қорғау органдарының басшылары, әскерилер, сондай-ақ бірқатар кәсіпорындар мен мекемелер, оқу орындарының жетекшілері қатысты.

Салтанатқа келген соғыс ардагері Құрмат Рахимов майдангерлер атынан мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Майданға Күршім ауданынан шақырылған, жаумен Беларусь, Литва және Шығыс Пруссияда соғысқан қарт солдат Жеңіс күнін Германияның Инстинбург станциясында қарсы алыпты. Қан майданның отты жолдарын қажымай жүріп өткен қазақ солдаты соғыстан кейін де бар қажыр-қайратын туған еліне адал қызмет етуге арнады. Алғашында шекарамыздың мызғымастығын қорғаса, одан кейін 40 жыл бойы ішкі істер саласында жұмыс істеген. Жасы 94-ке келсе де ардагер әлі тың, үнемі қаладағы іс-шараларға белсене қатысады.

Осы күні Жеңіс саябағында биыл бесінші рет көпшілікке соғыс жылдарындағы әскери техникалардың көрмесі ұсынылды, жиналғандар 30 шақты машинаны тамашалады, оның ішіндегі ең қызықты экспонат – «На Берлин» жазуы бар Т-34 танкісі болды. Броньды машинаны «Бипэк Авто» зауытында құрастырыпты. Ол Стрелка ықшам ауданына өзі жүріп келген. Сондай-ақ көрмеге «Катюша», БА-10 жүк көлігі, американдық «Диаманд» автокөлігі қойылды.
Осы іс-шарада қала тұрғындары солдат ботқасынан да дәм татты. Жұртшылық Алғыс айту тақтасына кезекке тұрып, өздерінің лебіз-тілектерін жазып қалдырып жатты.

Жеңіс саябағындағы мерекелік концерт, іс-шаралар, театрландырылған көріністер, түрлі спорттық сайыстар, балалар мен жастар акциялары, жәрмеңке мен қолөнершілер көрмесі күні бойы толастамады.

Ал кешкісін Даңқ мемориалы алдында «Өз шырағыңды жақ» акциясы өтіп, майдан даласынан оралмаған өскемендік боздақтардың құрметіне 7199 шырақ жағылды. Бұл шараға көпшілікпен бірге аймақ басшысы Даниал Ахметов те қатысты.

– Осы соғыс миллиондаған адамды ажал отына тастап, қаншама жанның өмірін қасіретке толтырды. Жүріп-тұруым қиын болса да, осы акцияға жылда қатысамын, балаларым алып келеді. Меніңше, қаза тапқан майдангерлердің шырағы сөнген жоқ, өйткені мыңдаған адам жиналып отыр осында, қатты толқып тұрмын, бір ғана айтарым – соғыс қайталанбасын, бейбіт өмірді бағалайықшы, – деді тыл еңбеккері Мария Федоровна. Әжей соғыс кезінде Риддердің шахтасында аспаздың көмекшісі болыпты. Тоқсаннан асқан оны немерелері ертіп жүр.
Мерекелік іс-шараларды түйіндеген Жеңістің 74-ші отшашуы көпшілікке керемет әсер сыйлады.

Жеңіс мерекесі облыстың барлық қала-аудандарында кеңінен аталып өтті.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button