Жиын-терінді сабантоймен қорытындылады
Қаратал ауылдық округінің «Бәйгеқұм» учаскесінде ауыл еңбеккерлері ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап Сабантой мерекесін өткізді. Мейрамның ұйымдастырылуына ұйтқы болған бастамашыл топ мүшелері Бесембаев Бақытбек, Бейсекенов Болатбек, Бекет Нұрбол, Рамазанов Аманжол, Қасбаев Әсетқан, Бурашева Гүлжанат шаруа қожалықтарының басшыларын және ауыл кәсіпкерлерін біріктіріп, солардың демеушілігімен құралған ақшалай- заттай қаражаттан 14 тоқты, 157000 теңге, 25500 теңгенің затынан жүлде қорын құрады, 128300 теңгеге сыйлықтар дайындады, 3 тоқты, 70000 теңгені мерекелік дастарқан жаюға жұмсады.
Ауыл адамдарының еңсесін көтерген сабантойда Қаратал ауылы диқандарының биыл астықтан мол өнім алғаны, орталықта жаңа дәріхананың салынғаны, Үлкен Қараталда жақын арада қатымхана мен спорт модулінің пайдалануға берілетіні жайында айтылды. Бәйге қай қазақтың қанын қыздырмаған. Аламанға, тай жарысына, 10 шақырым қашықтыққа Зайсан қаласынан, Дайыр, Айнабұлақ, Қаратал, Үлкен Қаратал ауылдарынан 25 ат қатысты. Аламанда Айнабұлақ ауылының тұрғыны Сәбетбек Қымбаттың тұлпары топ жарса, тай жарысында Үлкен Қараталдың тумасы Қанат Құрманғалиевтың сәйгүлігі бірінші болып келді. Сондай-ақ, аударыспақ, теңге алу, қой, гір көтеру, арқан тарту, қыздар мен ұлдар арасындағы жүгіруден жарыс, қол күресі сияқты спорттық жарыстары ауыл тұрғындарын қуанышқа кенелтті. Жеңімпаздарға қой, тоқты, ақшалай, және бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Оңдасын Елубай
Зайсан ауданы.