Қоғам

Жинақты зейнеткерлік жасқа толмай алуға бола ма?

Ерікті зейнетақы жарнасы дегеніміз не? Оның міндетті зейнетақы жинағынан қандай айырмашылығы бар? Бірыңғай жинақтаушы  зейнетақы қорының облыстағы филиалында өткен ашық есік күнінде тұрғындар осы сауалдарға жауап алды.

Еліміздегі зейнетақы жүйесі үш деңгейден тұратыны белгілі. Оның құрамындағы ортақ және жинақтаушы зейнетақы құрамдауыштары өзара оңтайлы үйлестірілген.

Халықаралық еңбек ұйымының «Ең төменгі әлеуметтік қамсыздандыру нормалары туралы» Конвенциясына сәйкес орнын басу коэффициенті қырық пайыздан кем  болмауы тиіс. Яғни, зейнетақы мөлшері жұмыскер жалақысының кем дегенде қырық пайызын құрауы керек. Алайда зейнеткерлікке шыққандардың барлығының бірдей зейнетақысы жоғалтқан жалақыларының қырық пайызына жете бермейді. Бұған зейнеткердің зейнет жасына дейінгі жалақысының төмен болуы, жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтілінің аздығы, зейнетақы жарналарының тұрақсыз аударылуы және басқа да жағдайлар әсер етуі мүмкін.

Дегенмен осы жайттарға қарамастан, лайықты зейнетақы алуға болады. Бұл мәселені шешудің бір жолы – ерікті зейнетақы жарналарын төлеу.

Ерікті зейнетақы жарналары – бұл, салымшының Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына өз еркімен аударатын ақшасы. Бұл ретте салымшы жарнаның сомасын отбасы бюджетіне ыңғайлы етіп өзі белгілейді және оны өзінің атына ғана емес, баласының немесе туған-туыстарының атына да аудара алады.  Мәселен, күйеуі үй шаруасындағы зайыбының немесе балалары  жұмыс істей алмайтын ата-анасының шотына ерікті жарналар салуына болады.

Заңды тұлғалар да жеке тұлғаның пайдасына ерікті зейнетақы жарналарының салымшылары болуға құқылы. Мысалы, жұмыс беруші қызметкерлерінің жұмысқа деген ынтасын арттыруға осылайша  ықпал етуі мүмкін. Ерікті зейнетақы жарналары аты айтып тұрғандай ерікті түрде жүзеге асырылады. Бұл үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен шарт жасалады. Шартта жалақы мөлшерін немесе жалақының қорға аударылатын пайызын көрсетудің қажеті жоқ. Өйткені ерікті зейнетақы жарналарының сомасы салымшының мүмкіндігі мен ықыласына қарай ай сайын өзгеруі мүмкін.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ерікті зейнетақы жарналары бойынша 49 мың шот ашылған.

Бөлім басшысы Алида Насырованың айтуынша, ерікті жарналар да басқа зейнетақы жарналары  сияқты әртүрлі қаржы құралдарына инвестицияланады, сәйкесінше оларға да инвестициялық табыс есептеледі. Ерікті жарналар есебінен құралған зейнетақы жинағының басқа зейнетақы жинақтарынан айырмашылығы сол, оны зейнеткерлік жасқа толмай алуға болады.

Нақтырақ айтсақ, елу жасқа толғандар, мүгедек санатындағы адамдар немесе елімізден тысқары жерге тұрақты тұруға кететiн азаматтар ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқылы.

Ерiктi зейнетақы жинағы бар адам қайтыс болған жағдайда жинағы заңнамада белгiленген тәртiппен мұраға қалдырылады. Мамандардың айтуынша, аз мөлшерде болса да тұрақты аударылған ерікті жарналар есебінен құралған зейнетақы жинағы болашақта зейнеткердің берекелі тіршілігін қамтамасыз етуге айтарлықтай септігін тигізеді.

Ашық есік күніне қатысушылар зейнетақы калькуляторы арқылы болашақтағы өз зейнетақысын міндетті жарналарды ескеріп  есептеп қана қоймай, ерікті жарналар салғаннан кейінгі түсуі мүмкін пайданы да шамалап көрді.

Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button