Кедергісіз келешек

Жігер мен сенім бар жерде

Хасен  Зәкәрия, Күршім

Аудан орталығының байырғы тұрғындарының бірі Махмұт Әлдербаевты күршімдіктер тегіс таниды десек, бұл артық айтылған сөз емес. Оған себеп – Махмұт Есепханұлының көпшілдігі, ешкімді жатырқамай, лездің арасында тіл табысып, емен-жарқын араласып кететін ашық-жарқын мінезі деуге болады. Сонымен бірге оның қысылғанға жәрдем беріп, қол ұшын созуға әзір тұратын елгезектігі де көпке мәлім.

Өкінішке қарай, осы көпке қадірлі азаматтың сырқат салдарынан кемтарлыққа ұрынып қалғаны тілеулес  қауымның көңіліне қаяу салғаны шындық. Қант диабетімен ауыратын Махмұттың жағдайы нашарлап, Астана ауруханасына жөнелтілгенін естіген едік. Бас қаладағы дәрігерлер мұқият сараптама жасап, ақыры оның сол аяғын тізеден төмен кесуге мәжбүр болыпты. Бірақ «бір аяқтан айырылдым» деп сарыуайымға салынып, теріс қарап жатып қалатын адам Махмұт емес, ол сау адамға бергісіз тірлік істеп, өз кәсібін одан ары дамытуға күш салуда. Кәсіп болғанда, өмір бойы жүргізушілікпен айналысып келген қайсар азамат қайтадан көлік тізгініне отырып, такси қызметін елмен қатар атқаруда.

– Мен осы сырқатпен 30 жыл бойы ауырып келемін, – дейді Махмұт бізбен әңгімесінде. – Бірақ ешқашан «сондаймын» деп уайымдап, өмірден түңілген емеспін. Тағдырдың бізге берген қиыншылығының барлығы – сынақ, ал қажырлы адам кез келген сынаққа шамасы келгенше төтеп беруге тиіс. Ауруханада жатқанда сырқат салдарынан қол-аяғы кесіліп, мүгедек болып қалған небір жас жігіттерді көрдім. Солардың кейбірі «енді маған өмір жоқ, не қызық қалды мына дүниеде» деп назаланып, жылап-еңіреп жатты. Мен оларды шамам келгенше жұбатып, ақыл-кеңесімді айтып, талайының өмірге деген көзқарасының өзгеруіне себепкер болдым. Қоштасарда әлгі азаматтардың бәрі алғыстарын айтып, қимай қоштасты.

Махмұт үйге келген соң да тыныш жата алмады. Үнемі қыбырлап, қимылдап үйренген ол ұлдарының көмегімен есік алдында көптен бері жөндеу күтіп тұрған ГАЗ-53 маркалы автомобилінің моторын ағытып алып, соны жөндеуге кірісті. Тура мағынасында құйрығымен жорғалап жүріп, әлгі жұмысты аяқтап шыққан Махмұт жүк көлігін сатып жіберіп, оның орнына жылдамдық берілісі автомат «Tovota karib» маркалы шетел көлігін алды. Жаңа көлікке тақымы тиісімен ол үйреншікті таксиші қызметіне қайтадан кірісіп, Күршім көшелерінде кісі таси бастады. Осыған дейін өзінің қызметіне жүгінген ауылдастарының ешқайсысын  ренжітіп те көрген жоқ.

– Өздеріңіз білесіздер, – дейді Махмұт Есепханұлы жымия күліп, – менің осы аудандағы қарулы жігіттердің бірінен саналғанымды. Мал ұстағаннан кейін оған азық керек, он бір-он екі фургон шөпті қолмен шабатынмын. Қара жұмыстан бас тартып көрген емеспін әрі жастайымнан еркін күреспен айналысып, талай жетістікке қол жеткіздім. Мұны осы Күршімде тұратын ұстазым, белгілі спортшы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әділбек Баймұхамбетов ағайым растайды.  Амал қанша, енді соның бәрі аңыз сияқты болып қалды.

Басыма күн туғанда жұрт болып, жабыла қолдау-демеу көрсеткен халқыма ризамын. Жағдайымды көрген үлкен-кішінің барлығы бірдей көмектесіп, шамалары келгенше жәрдем жасауда. Мен ауруханадан келген бойда Дүйсен Найманшалов деген құрдасым мүгедектер арбасын алып келді. Қайрат Айтбаев деген досым жеткілікті мөлшерде отын түсіріп берді. Бірге оқыған кластастар сүйеніп жүретін құрылғы алып беріп, қажет нәрсенің бәрін жеткізіп, қандай көмекке де даяр екендіктерін мәлімдеп отыр. Оларды ұйымдастырып, басын қосып жүрген ҰҚК ардагері Раушан Оспановаға көп-көп рақмет айтамын. Мен ауруханадан ауруханаға барып қаралған уақытта, емделіп жатқан шақтарда қаражат жағынан үзбей көмектесіп, қамқорлық жасаған туған інім, осындағы «Қайрат» шаруа қожалығының жетекшісі Қайратқа алғысым шексіз. Жаттықтырушы Әділбек ағайым жиі келіп, хал білісіп жатады. Алматыдағы кезінде бірге жаттығып, бірге оқыған Оралхан деген досым да көмекке әркез әзір тұрады. Осының барлығы адамның көңілін көтеріп, қиялына қанат бітіретіні түсінікті ғой. Маңайыңда шын жанашыр, тілектес жандардың бар екенін сезінген сайын өзіңе деген сенімің, келешекке деген үмітің нығайып, өмірге деген талабың, ұмтылысың арта түседі екен. Міне, мені тыныш жатпай, қыбырлап, ел қатарлы тіршілік істеуге итермелеген де осы сенім.

Тумысынан сабырлы, орнықты азамат – отбасында да тиянақты тұлға, қадірлі жар, қамқор әке. Құдай қосқан қосағы Жұмагүл екеуі сайдың тасындай екі ұл өсіріп отыр, олар да әкесіне тартқан еңбекқор, елгезек болып жетті. Қазіргі кезде үлкен ұлдары Ислам Семей медакадемиясының 4-курсында оқиды. Ал Ілияс ШҚУ-да экология факультетінің 2-курсында білім алып жатыр.

– Тәңірден жаман тілек тілеуге болмайды екен, – деп күледі Махмұт әзіл-шыны аралас. – Тыным таппай жұмыс істеп жүріп, «Осы менің жамбасым қашан жер иіскеп, Құдай қашан тыным берер екен?» деуші едім кейде бір шаршағанда. Міне, қазір аяқтан айырылып, жантайып жатырмын. Бірақ мені ой мүжіп, қайғыға батып жүр екен деген пікір тумасын. Қатардан қалар ойым жоқ. Шамам барда тырмысып, тірлік істей беремін. Бір мүшенің кемдігі ештеңе емес, рухани кемтарлықтан сақтасын?

Осылай деп ағынан жарылған арқалы азаматтың әлі де талай асудан бой көрсетіп, өзі сүйген, өзін сүйген, еркелеткен елінің кәдесіне жарай береріне шын пейілімізбен сеніп тұрдық.

Осы айдарда

Back to top button