Жігіттеріміз суперкубоктан қағылды

Өскемендік «Алтай» волейбол клубының жігіттері қыздарымыз жеткен жетістікті қайталай алмады. Атырауда өткен Қазақстан суперкубогы үшін кездесуде былтырғы республикалық біріншіліктің жеңімпаздары атанған жерлестеріміз ел кубогының иегері – «Атырауға» жол берді.
Естеріңізге салайық, осыдан бірер апта бұрын «Алтай» арулары ел суперкубогы үшін ойында павлодарлық «Ертіс-Қазхромнан» басым түскен болатын. Енді қыздарымыздың жолын жігіттер жалғайды деп үміттеніп едік. Алайда олай болмады. Алаң иелерімен өткен тартысты кездесуде өскемендік ұжым 1:3 есебімен жеңіліс тапты. Партиялардағы есеп 23:25, 25:16, 26:28, 23:25.
Айта кетейік, маусымаралық үзілісте «Алтайдың» бірнеше беткеұстар ойыншысы командадан кеткен болатын. Бір қызығы, олардың дені осы «Атыраудың» жейдесін киіп, бұл ойында өздерінің бұрынғы клубтарына қарсы ойнады.
Алайда жеңілгеніне қарамастан, алтайлықтар бұл матчта чемпионға лайық өнер көрсетті деуге әбден болады, бірде-бір партияда қарсыласқа оңайлықпен беріскен жоқ. Ал ойын барысында жинаған ұпайлардың жалпы саны жағынан атыраулықтардан тіптен озып кетті («Алтайда» – 97, «Атырауда» – 94).
Сәрсен Қабылым