Жігіттерден нәзік жандар басым

Шығыста ел қорғаны ерлерге қарағанда нәзік жандар саны басым болып отыр. Әйелдердің үлесі өңір халқының жалпы санының 52%-ын құрайды.
Статистика департаментінің деректері сонымен бірге облыста бұрынғыдай ұлдар саны басым болып отырғанын көрсетеді: 2017 жылдың деректері бойынша дүниеге келген 100 қызға 106 ұлдан келіпті. Сонымен бірге 30 жас шамасына дейінгі ерлердің саны да көбірек.
30-34 жас шамасындағы ерлер мен әйелдерде жыныстық тепе-теңдік қалыптасқан, ал 35 жастан асқан жас шамалары топтарында әйелдер басым бола бастайды: 35-39 жастағы 1000 ерге 1019 әйелден келеді. 40-44 жас тобына – 1073 әйелден, 45-49 жастағыларға – 1113 әйелден келсе, 70 жастағы ерлер әйелдерден 39%-ға аз.
Қауіпті де, қолайсыз еңбек жағдайында жұмыс істеу, шылым шегу мен алкоголь, қылмыстық оқиғаларға қатыстылығы ер-азаматтардың өмір сүру ұзақтығын біршама қысқарта түсетін көрінеді.
2017 жылы облыс бойынша 10,1 мың жұп құрылған, бұл деңгей 2012 жылға қарағанда 22,1%-ға аз. Дегенмен некелер санының азаюы жастардың шаңырақ көтеруге деген ұмтылысының төмендеуімен байланысты емес. Облыстық статистика департаментінің зерттеулері бойынша соңғы бес жылда некеге тұру саны 20 – 30 жас аралығындағы жастардың 40 мыңға жуық адамға азаюына байланысты төмендеген.
Ерлердің білім деңгейі әйелдерге қарағанда төмен. 2009 жылғы халық санағының деректері бойынша әрбір тоғызыншы шығысқазақстандық ер-азамат жоғары немесе аяқталмаған жоғары білімді, әрбір бесіншісі – арнаулы орта білімді. Ал нәзік жандар туралы айтар болсақ, олардың әрбір сегізіншісі – жоғары немесе аяқталмаған жоғары білімді, әрбір төртіншісі – арнаулы орта білімді.
Еңбек нарығында ер адамдарға деген бәсекелестік анағұрлым жоғары. Халықтың жұмыспен қамтылуын іріктемелі зерттеу деректері бойынша 2017 жылы ерлер санының жұмыс күші 372,3 мың адамды немесе облыстағы жұмыс күші санының 51,6%-ын құрады. Ерлердің жұмыс күшіне қатысу деңгейі 74,3%, әйелдерде 60,6% шамасында қалыптасқан.
Жанаргүл Мұқатай