Жігіттер әскерге аттанып жатыр
Сәуір айынан бастап елімізде көктемгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Көктемгі шақырылымда шығысқазақстандық 1271 бозбала отан қорғаушылар қатарын толықтырады. Айбынды әскердің құрамына алынып, сарбаз атанатын жігіттердің тағы бір легі жуықта Отан алдындағы азаматтық міндетін атқару үшін Өскеменнен әскерге аттанып кетті.
Облыстан тысқары өңірлерге барады
Олардың бәрі де мерзімді қызметтерін, әскери борыштарын облыстан тысқары жердегі әскери бөлімдерде: азаматтық Қарулы Күштерінде, ҰҚК шекара қызметінде, Ұлттық Ұланда, Мемлекеттік күзет қызметінде, Солтүстік, Батыс, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында өтемек.
-Биылдан бастап әскерге дайындық мерзімі, яғни, жастарды әскерге алуға іріктеп, медициналық тексеруден өткізу мерзімі төрт ай жүргізілетін болып отыр, осы уақытқа дейін дайындық үш ай ішінде жүргізілетін,- дейді Шығыс Қазақстан облысы бойынша қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Дулат Танекенов. – Бұл әскерге оқу орындарын бітірген балаларды мамандығына қарай іріктеп, таңдап алып, әрі қарай өз мамандығы бойынша әскерде қалып, келісімшарттық қызметін жалғастыруға, дайындықты тыңғылықты жүргізуге мүмкіндік тудырып отыр. Біз әскерге жастарды жіберген кезде олардың кейін осы қорғаныс саласында әскери мамандардың бірі болып қала алатындай болуына басты назар аударамыз. Қазіргі күні әскерге баратын балалардың бір бөлігі қабілетіне, моральдық-психологиялық көзқарасына қарай сол әскери бөлімде таңдалып алынып, екі айлық оқу орталықтарына жіберіледі, осылайша сарбаз әскери бөлімге әскери мамандықтардың бірін игеріп барады.
Балаларын әскерге жіберген ата-аналар, болашақ сарбаздар енді өздерін толғандырған, алаңдатқан кез келген сауалдарын еліміздің Қорғаныс министрлігінде жаңадан ашылған «СоLL орталығына» : 8 (7172) 72 13 89; 8 (7172) 72 16 06 телефондары арқылы жолдай алады. Орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Орталықтан ата-аналар балаларының қай жерге қызмет етуге барғанын, сарбаздық өмірінің жағдайын сұрап біле алады.
Бүгінгі күні жастар облыстағы ЖОО-да оқи жүріп, әскери даярлықтан өтетін үш оқу орны бар: Өскемендегі ШҚМТУ мен Семейдегі заң және медицина университеттерінде білім ала жүріп, әскери кафедраларда оқыған студенттер ол оқу орындарынан дипломмен бірге лейтенант шенін алып шығады, әскерге бармайды. Денсаулығына, басқа да себептерге байланысты уақытша әскерге бармаған, яғни, «денсаулығы жарамды, бірақ шектеу қойылған», әскерге бару мерзімі шегерілген топтағылардың 22 жастан 27 жасқа дейінгі бір бөлігі қазіргі күні Өскемендегі, Семейдегі әскери-техникалық мектепте 40 күн оқып, әскери-техникалық мамандық, әскери билет алып шыға алады. Бұл әскерге барып келгенмен тең. Әскери мамандығын алып шыққан жас қайтадан өз саласында жұмыс істей беруіне болады. 40 күн оқып, әскери мамандық алып шығуға болатын ақылы оқудың құны 263 мың теңге көлемінде.
2013 жылдың күзінен бері республикадағы барлық облыс орталықтарынан ашылған әскери-техникалық мектептің мақсаты: әскер қатарына барсам деген жастарға қолдау көрсетіп, әскери мамандықты игеруіне жағдай туғызу. Өскемендегі әскери-техникалық мектепте жылына 800-900-дей адам оқып, білім алуда.
-Біз әскерге іріктеу барысында жастардың болашақта әскери мамандықтарды алып шығып, өз мамандықтары бойынша әскери салада жұмыс істеп, қорғаныс қызметінде қалып қызмет етуіне басты назар аударамыз, -дейді Шығыс Қазақстан облысы бойынша қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Дулат Танекенов.
Сарбаз болмағандар көбейіп кетті
Бұрыңғы кезде бір ауылдың өзінде әскерге бармаған жігіт бір-екеу ғана болса, қазіргі күні еліміздегі, облысымыздағы жас жігіттердің жартысы әскери тәртіп пен сарбаздық өмірді көрмегенін көріп жүрміз. Ауруына байланысты, оқу оқып жатқандығына орай, жалтарып немесе басқа да себептермен бармай қалғандардың көпшілігінің елтең-селтең жүрістеріне, сөздеріне, өздеріне қарап сол жігіттер әскерге барып, темірдей тәртіп көріп, бұлшық еттерін жаттықтырып, күш-қайрат жинап келсе, қандай жарасып тұрар еді дейсің.
Жігіттердің әскерге бармай қалудың амалын іздеп, жалтарып жүрулерінің себебі де көп. Психологтардың айтуынша, сол себептердің ең біріншісі – жастардың бойын билеген үрей көрінеді, ата-аналар да «әскер» деген сөзден балаларынан бетер қорқады. Өйткені, еліміздегі түрлі әскери бөлімдерде орын алып келе жатқан әлімжеттік оқиғалар, әскерге кеткен ұлдың үйіне табытпен оралып жатуы сияқты жағдайлар қоғамда әскерге деген сенімсіздік көзқарасты қалыптастырып тастаған.
Жуықта әскери борышын өтеп, туған жеріне оралған жастардың бірі семейлік Зейнолла Жүнісханов та әскерге аттанар кезінде біраз қобалжығанын жасырмады. Жамбыл облысының Отар ауылындағы 21450 әскери бөлімінде қызмет еткен ол әскерден келе салып, облыстағы өндірістік кәсіпорындардың бірінің күзет қызметіне жұмысқа тұрыпты.
-Алғашқы бір, екі ай ауырлау болғанымен, бірте-бірте қатаң тәртіпке үйреніп кеттік. Жарты жылдан соң әскери жаттығуларды орындауға, әскери қызметті атқаруға әбден төселдік. Мен үшін әскер үлкен өмір мектебінен өткенмен тең болды. Әскерде болғаным ешқандай кедергісіз жұмыс табуыма да үлкен септігін тигізді. Әскерден келген соң бір ай демалып алып, осы қызметіме кірістім, -дейді Зейнолла. (суретте)
Қазір Қазақстанның қорғаныс қабілетін нығайтып, заманға сай кәсіби әскер құруға басты көңіл бөлінуде. Ал ел іргесінің берік, қорғанысымыздың мықты болуы әскердегі, әскери бөлімдердегі сардарларлар мен отанға қызмет етуге аттанып жатқан жігіттердің, сарбаздардың қолында.
Жанаргүл МҰҚАТАЙ