ЖІГІТТЕР ӘСКЕРДЕН КЕЛДІ
Аяулы ұлдарын алыстан, әскерден алып келе жатқан пойызды күткен ата-ананың, олардың туған-туыстарының қуанышында шек жоқ. Астанадан келетін пойыз уақыты тақап қалған сәтте Өскемен теміржол вокзалының перроны күтушілерге лық толды.
Бұл күні шығысқазақстандық бір топ жауынгерлермен бірге Гүлбақыт, Қанатбек Мұқаевтардың кенже ұлдары Сырым да әскери борышын абыроймен өтеп, отбасына аман-есен оралды. Сымдай тартылған бозбала саптан шыққан бойы ата-анасының, туғандарының, сыныптастарының ыстық құшағына еніп, ағайын-туыс жарқылдап, мәре-сәре болды. Сырымды туғандары ғана емес, өз еңбек ұжымы да асыға күтіп жүр. Былтыр көктемде әскерге кеткен Сырым Өскемендегі көпсалалы колледжді электрші мамандығы бойынша бітіріп, «ШҚАЭК» АҚ -да жұмыс істеген екен. Енді оның әрі қарай келісімшартпен әскери қызметін жалғастыруына немесе өз жұмысына орналасуына мүмкіндік бар.
-Біз кеше ұлымызды қарсы алу үшін Күршім ауданының Қазақстан ауылынан келгенбіз. Пойыздан түсіп, сапта келе жатқан ұлымның төбесін көргеннен-ақ жүрегім лүпілдеп сала берді. Тәубе. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, ұлдарымыз бейбіт заманда, мемлекетіміздің бейбіт күні үшін қызмет етсін, -деп ағынан жарылдыСырымның анасы көз жасынаерік беріп.
Отан алдындағы абыройлы борышын өтеп келген нағыз азаматты, сарбазды ата-анасы, бауырларымен бірге сүйікті перизаты да күтіп алды. Жүрек жылуына, мейірімге, махаббатқа, сағынышқа толы көздер… Қош келдің, сарбазым!

Туған жеріне оралған жауынгерлердің бәрі Ұлттық Ұланның Павлодар қаласындағы 6679 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп қайтқан. Шығыс өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Берік Тоқтаров азаматтық міндеттерін, борыштарын атқарып келген жауынгерлерге болашақта өз білімдерімен, біліктіліктерімен ел іргесінің берік болуына, мемлекетіміздің өркендеуіне үлес қосуына тілектестік білдіріп, ата-аналарын қуанышты сәтпен құттықтады. Жауынгерлік марш ойналып, сарбаздардың ата-анасына әскери бөлім атынан Алғыс хаттар табыс етілді.
Әскерден қайтқан бозбалаларды, жігіттерді үнемі осылай кернейлетіп, сырнайлатып күтіп ала бермейді. 2019 жыл-Жастар жылы. Қарулы Күштер қатарындағы қызмет әр жастың- ұлдың, азаматтың өміріндегі маңызды, ұмытылмас сәт, жауапты кезең. Отан алдындағы ол әскери борышты өтеу – денсаулығы бар барлық ұлдың мақсаты, міндеті. Ұлттық Ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің басшысы Бағдат Амангелдінің айтуынша, жастарды әскер өмірімен кеңінен таныстырып, ұлдардың, жігіттердің әскери қызметкер болуға, әскерде болуға деген ынта-жігерін, қызығушылығын ояту мақсатында сарбаздардың қызметі, өмірі жайлы іс-шараларды ғана емес, бүгінгідей әскерден үйлеріне, отбасына, туған жеріне оралуы сияқты айтулы сәттерді де ұйымдастыруғаүлкен мән беріліп отыр.
Жанаргүл Мұқатай