Жезкентте жол жөнделіп, көшелер абаттандырылады

Биыл Бородулиха ауданындағы Жезкент кентінде айтарлықтай оң өзгерістер орын алмақ. Кент тұрғындарының басты мәселесіне айналған, аудан орталығымен байланыстыратын жол күрделі жөнделіп, кент толықтай абаттандырылады. Осындағы аурухана да талапқа сай жабдықталып, хоккей клубы да құрылмақ.
Түлектердің 60 пайызы ҰБТ тапсырмаған
Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал Ахметовтің Бородулиха ауданына жасаған іссапары барысында белгілі болды.
Өткен жылдың қараша айында ауданда жұмыс сапарымен болған аймақ басшысы кент тұрғындарының өзіне жолдаған көптеген өтінішіне байланысты келесі жолы міндетті түрде жезкенттіктермен жеке кездесу өткізетіндігін айтқан болатын. Соған орай, бұл жолы кентке арнайы ат басын бұрған облыс әкімі алдымен осындағы аурухана мен №1 мектеп-лицейдің тыныс-тіршілігімен танысты. Белгілі болғандай, денсаулық сақтау мекемесін заман талабына сай қайта жабдықтау қажет болса, білім ошағында берілетін білімнің сапасын арттыру қажет. Себебі былтыр мектеп бітірген 32 түлектің 18-і ҰБТ-ға қатыспаған әрі орташа балл да облыстық деңгейден төмен.
– Әрине, бұл мектеп директорларына өз кемшіліктерін жасырып қалу үшін қолайлы. Оқушылар тестілеуге толық қатыспаған соң, берілген білімнің нақты сапасын анықтауға мүмкіндік жоқ. Енді бұдан былай мұндай келеңсіздіктерге жол берілмейді. Ұлттық бірыңғай тестілеуден төмен көрсеткіш көрсеткен мектептердің директорлары автоматты түрде қызметінен босатылатын болады, – деген Даниал Ахметов Бородулиха аудандық білім бөлімі басшысының, салаға жауапты аудан әкімі орынбасарының жұмысын сынға алды, кемшіліктерді қысқа мерзімде түзетуді тапсырды. Көрші Ресей Федерациясымен шекаралас жатқан аймақ болғандықтан, түлектердің өзіміздегі жоғары оқу орындарын таңдауы үшін мектеп-лицейде оқушыларға білім алуда барлық заманауи мүмкіндіктер жасалуы керектігін нықтап ескертті.
Сондай-ақ, облыс әкімі KAZ Minerals тобындағы «Шығыстүстімет» ЖШС-нің Орлов өндірістік кешенінде кент тұрғындарымен кездесу өткізіп, онда жиналғандарға облыстың 2018 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын, білім беру, денсаулық сақтау саласында жүргізіліп жатқан реформаларды, қолға алынған жаңа жобаларды баяндады, жалпы былтырғы жыл облыс үшін табысты аяқталғанын жеткізді. Президент алға қойған міндеттерге орай алда тұрған ауқымды шаруаларға тоқталды. Өз кезегінде өткен жылды барлық салалық көрсеткіштерді төмендетіп жіберген аудан басшылығының сылбыр жұмысын сын тезіне алды.
– Өкінішке қарай, Бородулиха ауданы үлкен мүмкіндіктерге ие бола отыра, барлық салада көш соңында келеді. Әсіресе әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларының қымбаттап кеткенін қалай түсінуге болады? Коммуналдық секторда да проблема шаш етектен. Кәсіпкерлікті дамыту тұралаған, сарып ауруы белең алған. Жезкент кентінде тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару тарифі жан басына 391 теңгені құрап келген, бұл облыстағы ең жоғарғы баға. Тіпті Семейдің өзінде бұл қызмет адам басына 200 теңге болса, Өскеменде – 222 теңге. Егер кент тұрғындары уақытында орынды дабыл қақпағанда, бұл мәселе әлі де сол күйінде қалар еді. Қазір жағдай тұрақталды, – деді облыс басшысы.
Автобекет жоқ
Сонымен қатар аудан орталығы – Бородулиха ауылында ұзақ жылдардан бері автобекеттің жоқтығы, тіпті оның құрылысы жақын уақыттағы жоспарда болмауы да аймақ басшысының назарынан тыс қалмады.
– Егер автобекеттің жоқтығы бұрын мәселе ретінде көтерілгенде, әлдеқашан қаржы бөлер едік қой. Мұндағы басшылар жайлы көліктермен жүруге әбден үйреніп алған, ал мыңдаған адамның қыста суықта, жазда ыстықта көшеде сарыла автобус тосатындығын мүлде ұмытқан. Ауданның жаңа тағайындалған әкімі Ольга Булавкина осыған дейін қордаланған мәселелерді толық шеше алады деп сенім білдіремін. Ал аудан әкімінің орынбасарына қысқа мерзім ішінде жұмысқа қайта бейімделуді тапсырамын. Олай болмаған жағдайда, оның қызметін басқа адам атқаратын болады. Бүгінгі тапсырмалардың нәтижесін алдағы мамыр айында қайта келіп тексеретін боламын, – деді Даниал Ахметов.

Мұнан соң жезкенттіктер облыс әкіміне көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды. Сауалдар Бородулиха – Жезкент жолын жөндеуге, аурухана ішінен перзентхана бөлімшесін ашуға, хоккей клубын құруға, биыл кенттің 45 жылдық мерейтойын атап өтуге қатысты болды.
– Биыл аудан орталығымен байланыстыратын 50 шақырымдық жолды жөндеуге және кентті абаттандыруға облыс бюджетінен бір миллиард теңге бөлінеді. Оның үстіне Жезкент төртінші деңгейлі бюджетке кіріп отыр. Перзентхана ашу үшін Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен арнайы стандарт бар, соның талаптарынан шығу қажет. Меніңше, сапалы жол болғанда, ауданға жету қиын бола қоймас. Хоккей клубын ашуға еш кедергі жоқ, тек онда балалар жеткілікті болу керек, Сіздер айтқан 25 емес, керісінше 125 бала болуы қажет. Оны ашамыз. Ал қалған мәселелердің барлығын да аудан әкімімен бірлесіп шеше аласыздар, – деді кездесуді қорытындылаған облыс әкімі Даниал Ахметов.
Дәурен Аллабергенұлы