Экономика

Жетісулықтар Өскеменнің өркен жайғанына тәнті болды

Жетісулықтар Өскеменнің өркен жайғанына тәнті болды

Қазақта «Бармасаң, келмесең, жат боласың» деген сөз бар. «Өз қазаныңда ғана қайнап» жата берсең, небір жақсылықтан да құр қалатының рас. Осы орайда Елбасының тапсырмасы бойынша өңіраралық әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени қарым-қатынасты нығайту мақсатында төр Алтайға жер жәннаты Жетісудан арнайы делегация келді. Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ басқарып келген делегация алғашқы күні облыс орталығы Өскемендегі бірқатар спорттық, мәдени нысандарды аралады.

Алыстан ат терлетіп келген делегация мүшелері ең алдымен Олимпиада чемпионы, жерлесіміз Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығын тамашалады. Бұл спорт ғимараты 2014 жылы бой көтерген болатын. Ғимараттың аумағы 6910, 85 шаршы метр болса, алаңның аумағы – 4695 шаршы метр. Орталықта әртүрлі қашықтыққа жүгіру және ұзындыққа секіру, қатарынан үш рет секіріп түсу, биіктікке секіру, сырықпен секіру, 60 метр қашықтыққа тосқауылды жүгіру, спринт, жақын және алыс қашықтыққа жүгіру, спорттық жүріс, ядро лақтыруға арналған алаңдар бар. Бүгінгі күні бұл орталықта 426 адам спортпен шұғылданса, оларға 19 орта арнаулы білімі бар жаттықтырушылар қызмет көрсетеді. Орталықтың артықшылығын жетісулықтар да бірден байқады.

– Әрине, стадионға қарағанда жабық манеждің өзіндік артықшылықтары көп қой. Әсіресе, бұл – қысы алты айға созылатын Шығыс өңірі үшін таптырмайтын спорттық ғимарат. Мұнда спортшылардың күндіз-түні, жауын-шашынды күндері де жаттығуына мүмкіндік бар. Талдықорғанда да осындай орталық салсақ артық болмас еді, – деген Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ әріптесі Даниал АХМЕТОВТЕН спорт нысанының жобасын беруді өтінді.

Бұдан соң, жетісулық қонақтар Өскеменде 2015 жылы салынған облыстық оңалту орталығын аралады. Орталық науқастарға кардиологиялық, неврологиялық, ортопедиялық оңалту қызметін көрсетеді. Қос облыстың әкімдері арнайы құралдармен жабдықталған тренажер залын, гидромассаж бөлмесін, лазер және дыбыс терапеясы кабинетіне де бас сұқты.

– Байқаймын, Шығыс Қазақстанда халық денсаулығын сақтауға үлкен көңіл бөлінеді екен. Әрине, көп нәрсе халықтың денсаулығына да байланысты ғой, – деді Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ.

Мұнан кейін меймандар жаңадан салынып жатқан «Нұрлы жол» саябағының құрылыс жұмыстарымен танысты. Белгілі болғанындай, Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ өзі сәулет-құрылыс саласының білгірі көрінеді. Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі. Сондықтан да болар, саябақ құрылысына қандай материалдар пайдаланылып жатқанына дейін қызығушылық танытты. Саябақтың дәл ортасында монумент орнатылмақ. Жобаның бас сәулетшісі Сәрсен Сейітовтің айтуынша, аспан түстес фибробетоннан жасалған биіктігі 25 метрлік қос стелла қатар аққан қос өзен – Ертіс пен Үлбіні ғана емес, Еуропа мен Азияны да бейнелейді.

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қонақтарға бұрын бос жатқан бұл жердің кейін қала тұрғындарының демалатын сүйікті орнына айналатынын айтты.
Алматылық қонақтар Алтайға құр қол келмепті. Облыстық драма театрына жиналған шығысқазақстандықтарға жетісулық өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты. «Жер жәннаты Жетісудан алтын Алтайға» атты концерттік бағдарламаны қос облыстың әкімі де тамашалап, соңынан ықылас гүлдерін тарту етті.
Концерттен көтеріңкі көңіл күймен шыққан қонақтар Азия чемпионаты өтіп жатқан Б.Александров атындағы спорт сарайына барып, шығысқазақстандық волейболшы қыздарға қолдау көрсетіп, жанкүйер болды. Шығыс арулары әдемі ойын өрнегін көрсеткенімен, сәл сәттілік жетіспей қалды.
Ал кешкісін алматылық делегация қонақтарының құрметіне түрлі-түсті субұрқақтар ән салып, би биледі. Осынау сұлулық пен әдемілікті көріп, тамсанып, естері шыққан қонақтардың кейбірі Өскеменді Дубайға да ұқсатып жатты.

– Мен – Семейдегі малдәрігерлік институттың түлегімін. Осы жерде өмірімнің ең бір тамаша кездері өтті. Сондықтан да болар, маған Шығыс Қазақстан өңірі өте ыстық. Әркез сағынып жүремін. Осы жолы да ерекше бір ықыласпен келдім. Өскемен көп өзгеріпті, өсіпті, өркендепті. Тамаша нысандар бой көтеріпті. Әрине, Шығыстың осынша шырайлана түсуіне облыс әкімі Д.АХМЕТОВТІҢ сіңірген еңбегі ұшан-теңіз ғой. Өте ризамын. Бүгін де ерекше қуанып, көңілім өсіп тұр, – дейді еліміздің тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button