Жетістікке толы жиырма бес жыл
Тәуелсіздік-25
Дүниежүзінде 194 тәуелсіз мемлекет болса, осы мемлекеттердің бәрі бір кездері тәуелді болған. Сондықтан да, бостандық – кез келген халықтың арманы. Ең соңғы империя жойылған күні біз де өз тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Бұл – біздің еліміз үшін ең ірі уақиға болды.
Ұлт көшбасшысының сеніп тапсыруымен ең алғаш тәуелсіздігімізді, яғни, Қазақстанның өз алдына егемен мемлекет екенін бүкіл әлемге белгілі заңгер Сұлтан Сартаев жариялады. Бұл туралы заңгер бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында: «Менің тағдырыма 194 мемлекеттің тәуелсіздігін жариялаған 194 адамның бірі болу бұйырды. Бұл – әрбір жанның маңдайына жазылмайтын ұлы іс. Мен сол үшін өз тағдырыма ризамын. Біз Жәнібек пен Керейдің Алтынордадан бөлініп, тәуелсіз Қазақ хандығын құрғанынан кейін дүниежүзінде екінші рет өз тәуелсіздігімізді жарияладық» деді. Осылайша, әлемдік саясат аренасында беделді мемлекеттер Қазақ елінің тәуелсіздігін мойындап, дипломатиялық қатынастарға жол ашылды. Қазақстан халықаралық қатынастарда дербес толыққанды объекті ретінде сыртқы саясатта өзінің мүдделерін айқындап, халықаралық ұйымдар қызметіне қатысу құқығына ие болды. Еліміз егемендік Декларациясы арқылы табиғи байлығымыз бен экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуетімізді толық меншігіне алды. Егемендік туралы Декларация 1991 жылдың 16 желтоқсанындағы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы Декларациясымен терең үндестік тапты. Сондықтан да, 16-желтоқсан – еліміздің ең басты мерекесі. Бұл – ата-бабамыз армандаған, еліміздің егемендігін жариялаған күн. Осы Ұлы мақсат – тәуелсіздік жолында қаншама қазақтың тарлан тұлғалары қасық қаны қалғанша күресіп, жандарын құрбандыққа қиды, барлық білімі мен күш-қайратын ел ертеңі үшін жұмсады. Биыл әлемнің азулы елдерімен терезесі тең дербес мемлекет құрғанымызға ширек ғасыр толды. Осы уақыт аралығында еліміз көп жағдайды басынан өткерді, оның ішінде қиындық та, жетістік те болды. Ел тарихында 1991 жылы 1 желтоқсанда тұңғыш рет жалпы халықтық дауыс беру жолымен Қазақстан Президенті сайланды. Осы жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы заң қабылданды. 1992 жылы наурызда Қазақстан БҰҰ- ның мүшелігіне қабылданды, қазақ баласы тұңғыш рет ғарышқа ұшты. 1993 жылы қаңтарда Тәуелсіз Қазақстанның бірінші Конституциясы қабылданса, 15 қарашада ұлттық теңге айналымға енді. 1994 жылы 6 шілдеде Ел Президентінің тапсырмасымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі еліміздің бас қаласы астананы Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдады. 1995 жылы наурызда Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды. 1995 жылы 30 тамызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын Қазақстан халқы республикалық референдумда бір ауыздан мақұлдады. Елдің өркендеуімен бірге сот жүйесі де түбегейлі өзгерді. Судьялардың жеті съезі өтіп, нәтижесінде салада ірі реформалар орын алды. Сот құзыреті заңмен кеңейтіліп, судьялар сот төрелігін жүзеге асыруда тек заңға ғана емес, әділеттілік атты аса маңызды моральдық, құқықтық және саяси ұғымға сүйенуге мүмкіндік алды. Тәуелсіздік жылдарында отандық сот жүйесі 35-тен аса халықаралық органмен қарым-қатынас орнатты. Қазақстанның Судьялар одағы Судьялардың халықаралық қауымдастығына толыққанды мүше болды. Бұл жетістіктер бізге оңайлықпен келген жоқ. Президентіміздің көреген саясатының арқасында жүзеге асуда.
Айжан Рамазанова,
Өскемен қалалық сотының судьясы