Қоғам

Жетпіс жеті жыл күрделі жөндеу көрмеген ғимарат

 Жетпіс жеті жыл күрделі жөндеу көрмеген ғимарат

Аягөз қаласының орталығындағы К.Бозтаев атындағы орта мектептің тарихы тым әріден бастау алады. 2000 жылға дейін қазақ теміржол басқармасының оқу бөліміне қарап, әр жылдарда №8, №244, №58, №16 деп аталып келген білім ордасына 2000 жылы осы мектептің түлегі, белгілі қоғам қайраткері, ажал аждаһасы – Семей полигонының жабылуына мұрындық болған азаматтардың бірі – Кешірімхан Бозтаевтың есімі беріліпті.
Салынғанына 77 жыл болған бұл ғимарат күні бүгінге дейін бірде-бір күрделі жөндеу жұмыстарын көрмеген. Әу баста мектеп болуға лайықталып құрылысы жүргізілген ғимарат 1941-1945 соғыс жылдары әскери госпиталь қызметін де атқарыпты. Аумағы бес мың шаршы метрді құрайтын оқу орнының жобалық қуаты бір ауысымда 198 оқушы десек, екі ауысымда 396 бала оқуға тиісті мектепте бүгінгі күні 800 оқушы білім нәрімен сусындауда. Жалпы, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бойынша, бір сыныпта 18 оқушы отыруы тиіс. Ал Бозтаев атындағы мектепте 22-26 бала сыйысып білім алуға мәжбүр. Мұның сыры түсінікті. Өйткені, Аягөзде демографиялық жағдай жақсы, урбанизация үрдісі жүріп жатыр.
– Мектебімізде 76 мұғалім бар, – дейді директор Қайрат Қамытбаев. – Бірінші сыныптан он бірінші сыныпта 717 бала болса, даярлық тобы мен шағын орталықты қосқанда 83 бүлдіршін тәрбие алуда. Оқу орнының жағдайы тым ауыр, іргесі көтерілген 77 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстарын көрмеген. Есік, терезелері ескі. Бастауыш сыныптар мұнда үш ауысымда оқып келеді. 2009 жылы «Жол картасы» бойынша бірінші қабаттың жылу жүйесі ауыстырылған. Екінші қабат сол қалпы. Тек өткен ғасырдың 80-жылдары шатыры өртенгендіктен, шиферінің жартысы ауыстырылды. Жаңбыр жауса, спорт залының төбесінен тамшы ағады. Қаншама жамап-жасқағанымызбен, қолдан келер қайран жоқ. Ғимарат күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Өткен жылы күрделі жөндеу жұмыстары үшін 126 млн. 452 мыңға жобалық-сметалық құжаттар жасалған, бүгінгі күні даяр тұр. Алайда, қаржының жетіспеуіне байланысты мұның да биыл іске асарына үлкен күмән бар. Биыл тек сырлауға, бояуға 300 мың теңге ғана бөлініп отыр. Өкініштісі, құрылыс-сараптама комиссиясының қорытындысы бойынша мектеп ғимараты апатты жағдайда тұрған жоқ деген негіздеме шығарылды. Өйткені, іргетасы мықты, қабырғалары қалың ғимарат әлі де ұзақ жылдарға шыдас беретін көрінеді.
77 жыл тарихы бар мектепте қысылып-қымтырыла отырып білім алып келе жатқан еліміздің болашағы –жасөспірімдердің ертеңін ойлар болсақ, жағдай жасалуы керек-ақ. Осы уақыт ішінде бұл қазақ орта мектебі тек қалада ғана емес, Аягөз, Шұбартау, Ақшәулі өңіріндегі іргелі білім ордасына айналды. Ал мектеп түлектері Қазақстанның, қала берді әлемнің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп келе жатыр. Қазақ даласында сауатсыздықты жоюға атсалысқан оқу орны аягөздіктер үшін тым ыстық. Мектеп ғимаратының бүгінгі күні 800 оқушыға тарлық етіп отырғаны шындық.

Берікхан Тайжігіт

Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button