Жетпіс беске келсе де, жұмысына жаяу барады

Елбасының құрдасы
Үлкен Нарын ауылындағы аудандық орталық ауруханада 75-ке келген ардагер маман жұмыс істеп келеді. Жасамысты қойып, жастарға жұмыс табылмай жүргенде зейнет жасынан асып кеткен адамды неге ұстап отыр екен дерсіз. Бұл кісінің міндеті адам емдеумен шектелмейді. Ұжымның ұйтқысы, жастардың тәлімгері, сын сағаттарда құтқарушы, тәннің ғана емес, жанның да емшісі ол.
Ең қызығы, Ғафура Кітапбаеваны бұрын көрмесеңіз, балаларындай болып кеткен әріптестерінің арасынан ажыратып тануыңыз қиын. Қозғалысы жеңіл, сөзі ізетті, жылы ғана жымиып жүретін дәрігерге жетпісті қойып, алпыстың өзін қимайсың.
Ол – балалығын сұм соғыс ұрлаған ұрпақтың өкілі. Ес біле еңбекке араласты, оқуда озат болды. Жасы 18-ге толғанда Өскемендегі медициналық училищеге қабылданып, үш жыл білім алды. Жас фельдшерді тілдей жолдама Катонқарағайдың ең түкпірдегі ауылдарына апарды. Аршаты, Жамбыл, Берелге қарасты малшы мекендерінің бәрінде Ғафура Кітапбаеваның ізі қалған. Жаз жаңбыр, қыс боранға қарамай айына екі рет малшы қоныстарының барлығын салт атпен адақтап шығу оңай шаруа емес еді. Малшыда қай бір күтім болсын? Болмашы сырқатты елемей, айықпас дертке ұрынған талайды ажалдан арашалап қалды, талай сәбидің кіндігін қоста кесті. Ат-көлігі күйсіз болып, жолда да қалды. Осылай шыңдалған маманға Семейде жоғары білім алып жүрген шағында түнгі кезекшілікке шығу аса қиынға соқпапты. Керісінше, күндіз алған білімді түнде тәжірибемен бекітудің арқасында терапия саласын бүге-шігесіне дейін меңгеріп шықты.
Соңғы 43 жылда табан аудармай еңбек еткен Үлкен Нарындағы ауруханаға 1972 жылы орналасқан. Содан бері терапевт маман ұжымға келген әрбір жас дәрігерге білгенін үйретіп, ұрпақ сабастастығының дәнекері болып келеді.
-Мен бұл жерге 1990 жылы келдім. Мамандығым жүйке жүйесіне қатысты болғанымен, невропатологтың орны бос болмағандықтан, екі жыл Ғафура Серғазықызының жанында терапевт болып істедім. Сол кезден бері бұл кісі маған туғанымдай болып кетті. Айналдырған екі жылда терапия саласын бір адамдай меңгеріп шыққаным да осы кісінің арқасы. Кейін өз салам бойынша жұмыс істесем де, алғашқы екі жылда жинаған тәжірибемнің көп пайдасы тиді. Бүгінде бас дәрігердің емдеу ісі бойынша орынбасары болып отырғандығыма да терапия саласын жақсы білуім себепкер болды. Бас дәрігеріміз ????? де Ғафура апайдың шәкірті, – дейді Мақтагүл Молдажанова.
Шәкірттерінің санынан жаңылатын білікті дәрігерден тәлім алып, кәнігі терапевт атанған жанның бірі – өз қызы Фарида. 1996 жылдан бері анасымен бірге терапевт-кардиолог болып жұмыс істеп келе жатыр. Қазір екеуі бір кеңседе отырады.
-Өз балаңмен бір жерде жұмыс істеу қиын. Үйде дұрыс отана болудың үлгісін көрсетсем, түзде жақсы дәрігердің үлгісін көрсетуім керек. Сол жағынан алғанда мойнымда жауапкершілік жүгі тұрады, – дейді анасы. Алайда, анасының беделін малданып жүрген Фарида жоқ.
-Көп адамдар үйде де, жұмыста да бірге болудан жалықпайсыңдар ма деп жатады. Ондай мәселе жоқ. Анамның атына кір келтірмеу, лайықты жалғасы болу – менің міндетім. Абыройлы адамның баласы болу да адамға жауапкершілік жүктейді екен, – дейді қызы.
Ғафура Кітапбаеваны Катонқарағайдағы ауруханаға қарасты елді мекеннің кейбір тұрғындары арнайы іздеп келіп, емделеді. Өйткені, олар мейірімді дәрігердің тәніңді дәрімен, жаныңды жылы сөзбен емдейтінін жақсы біледі. Оның үйі мен аурухананың арасы екі шақырымға таяу. Осы аралықты 75 жастағы дәрігер күні кешеге дейін жаяу еңсеріп келді. Кейде ескі әдетіне салып, қызының көлігіне отырмай қоятыны бар екен.
-Осы жасқа келіп, құр аттай желіп жүрсем, ол менің өмірімнің жеңіл болғанынан емес. Мен де қиындықты бір адамдай көрдім. Біздің буын – соғыс қарсаңында туған Президентіміздің замандастары. Менің жасыма таңданып, таңдайларын қағатындарға Елбасыны мысал етемін. Біз өз саламыздың шеңберінде ғана тырбанып келеміз. Ал Елбасы болса тұтас бір мемлекетті басқарып отыр. Осы жасқа келсе де миллиондаған халықты бастап, қайраткерлік танытып отырған нағыз қажымас қайрат иесі сол кісі ғой. Біздің де халықтан қызметімізді аяп қалардай жөніміз жоқ, – дейді абзал жан.
Рас, ол буын басынан небір заманды өткерді. Қиындықты да тартты. Соның пайдасы болар, бүгінде кейіпкеріміз кейбір науқастарға рентген мен УЗИ аппаратының көмегінсіз дәл диагноз қоя алады. Қондырғы тапшы, бар дүниенің өзі жиі сынатын тұста қалыптасса керек мұндай баға жетпес дағды.
Ұжымның дәл қазір Ғафура апайды құрметті демалысқа жібере қойғысы жоқ. Себебі, оның тәжірибесі бүкіл ұжымға қажет болып тұр. Тәуліктің кез келген уақытында шұғыл шақырта қалса да, жетіп келетін елгезектігі талай адамның өмірін сақтап қалғаны және бар. Кейіпкеріміздің де бұл жерден кеткісі келмейді. Мақтагүл Молдажанова оны кезекті еңбек демалысына да күштеп жібергендерін айтады.
-Мен адамдарды емдеу арқылы өзімді емдеймін. Ал егер үйде отырсам, ауырып қаламын. Өйткені, осы жердің ауасымен ғана кең тыныстаймын, – дейді ол.
Есімжан Нақтыбайұлы
Катонқарағай ауданы.